Қаржы министрлігі сайлауға жұмсалатын шығынды қысқартты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3190

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге сұраған болатын.

Қаржы министрлігі сайлауға жұмсалатын шығынды қысқартты

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымға жоспарланған кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге сұраған болатын. Алайда қаржы министрлігі бұл соманы қысқартқан.

"Осыдан екі күн бұрын қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім бердік. Тиісінше, оны қорғап шықтық. Бірақ, министрліктің ұсынысымен кейбір позициялар оңтайландырылды. Сондықтан біздің әуел баста сұраған сомамыз азаяды. Біз министрлік ұсынған дәлел-дәйектермен келісеміз", – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәслихатында.

Сабила Мұстафина бюджеттік өтінімнің нақты қаншаға қысқарғанын айтпады. Оның айтуынша, келесі аптаның сейсенбісінде Үкімет резервтен қажетті соманы бөлу туралы қаулыны қабылайды. Саяси додаға жұмсалатын қаржының нақты көлемі де сол кезде белгілі болмақ.

Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның баяндауынша, кезектен тыс президент сайлауына шет елден 1700 бақылаушы келеді деп күтілуде.

"2015 жылғы президент сайлауында 1024 шетелдік бақылаушы жұмыс істеді. Бұл жолы бақылаушылардың саны 1700-ден аспайды деп отырмыз. Дегенмен, биылғы жағдайдың өзгешелеу екенін жақсы білесіздер. Сондықтан шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары болуы мүмкін", – дейді Зәуреш Баймолдина.

Оның айтуынша, әдетте Қазақстандағы президент сайлауына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Еуропа кеңесі парламенттік Ассамблеясының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, ТМД елдерінің, Еуропа кеңесінің, Түркітілдес елдер парламенттік Ассамблеясының өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Орталық сайлау комиссиясы халықаралық ұйымдардың барлығына шақырту жібермек.

Белгілі болғандай, алдағы сайлауда Қазақстан аумағында 10 202 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Ал сайлау учаскелерінің жалпы саны – 9 970. Бұл ретте, аумақтық сайлау комиссияларына 70 мыңнан астам адам мүше екен.

Әділет министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстан аумағында 7 саяси партия тіркелген. Зәуреш Баймолдинаның сөзінше, оның біреуі белсенді емес.

Зәуреш Баймолдина Орталық сайлау комиссиясымен тығыз қарым-қатынастағы алты саяси партияны атап шықты. Олар – "Нұр Отан", "Ақ Жол", "Бірлік", "Ауыл", Қазақстанның коммунистік халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Ал жетіншісін есіне түсіре алмады. Әділет министрлігіне тіркелген жетінші партия – "Азат" демократиялық партиясы. Сірә, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі атаған белсенді емес партия осы "Азат" болар.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы бұған дейінгі президент сайлауы 2015 жылдың сәуірінде өткізілген болатын. Аталған сайлау да кезектен тыс ұйымдастырылды. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу