Сандарға сенсек, сақтандыру секторында қызықты жайттар орын алғалы тұр. Кеше ғана ұсынған өнімдері халық арасында аса қажетті бола қоймаған өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) кенеттен мүліктік және жеке сақтандыру секторының шыңына шыққан компаниялардың тынысын тарылтып, ығыстыра бастады. Ұлттық банктің қазан айының басындағы тың деректері бойынша, сақтандыру секторындағы ірі деген бес ұйымның үшеуі өмірді сақтандыру бағытында жұмыс істейді екен. Жинақталған сыйақылардың тұрақты түрде өсуінің нәтижесінде компаниялардың жалпы активтерінің 28,5%-ын ӨСК иеленіп отыр. Аннуитеттер сатылымы (2016 жылдың қазанымен салыстырғанда 36,9%-ға), қызметкерлерге өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру полистерін сату (14,5%-ға), өмірді сақтандыру өнімдерінің сатылымы (20,4%-ға) өсті. Жалпы сақтандыру нарығы 6,4% баяу өсім көрсетті. ӨСК-нің қарқынды қадамы олардың қаржылық позициясын нығайтты. Бір жыл бұрын активтер бойынша ең ірі сақтандырушылардың үштігінде бірде-бір ӨСК болмаған-ды. Осыдан бес жыл бұрын, 2012 жылы жалғыз ғана ӨСК соңғы, оныншы орынды иеленіп, ТОП-10 құрамына зорға ілігетін. Бес жыл бұрын барлық ӨСК-нің автивтер үлесі 13%-ды құраған еді. Содан бері сақтандыру нарығының активтері 1,7 есеге өсті. Ал өмірді сақтандыру компанияларының активтері 4,6 есеге артты.
Дегенмен ӨСК-нің өрлеуі негізінен техникалық жағдайларға, атап айтқанда полис құнының өсуімен байланысты. Аталған индустрияның толыққанды дамуына жүйедегі проблемалар кедергі келтіріп отыр. Олардың орнын толтыру сақтандыру өнімдерінің енуін жеделдетеді және тұрғындарға жеке қаржы көздерін таңдауға құқық береді. Банк секторындағы тұрақсыздықтың қайта өршуі, яғни банк акционерлерімен келіссөздердің жүргізілуін және лицензиялардың қайтарылып алуын ескерсек, ескі қаржы институттарын сақтау жайын ғана емес, жаңа институттардың дамуы туралы да ойланатын кез келді. Ал мұны қалай жүзеге асыруға болатынын abctv.kz-ке "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ержан Қоңырбаев айтып берді.
– Мамандар ерікті жеке сақтандыру бағытының қолданыстағы қазіргі жүйесі тоқырады, сондықтан өсудің жаңа драйверлерін іздеу керек деген пікір бар. Сіздің ойыңызша, нені өзгерту керек?
– Өмірді сақтандыру – өте күрделі өнім. Бұл депозит секілді халықтың бәріне ұғынықты емес. Аталған өнім туралы көпшіліктің білетіні де шамалы. Десе де, кеңестік кезеңде еске түсіруге тура келіп тұр. Ол уақытта әр жұмысшыда мақсатты тұтынуға арналған жинақтаушы полистер болатын. Оны кәмелетке толмаған балаға, оқуға, үйлену тойына жұмсай алатын. Адамдар неліктен мұндай сақтандыруды сатып алушы еді? Себебі қарапайым тауарлардың бағасы тұрақты және инфляция деңгейі де төмен болды. Мәселен хрусталь мен сәндік тауарлар қымбаттаса, нан мен сүт бағасы тұрақтылығын сақтады. Тұрғындарға мұндай әдіспен қаржы жинау тиімді еді. Сондай-ақ оның бәрі сақтандырылатын. Тағы бір маңызды жағдай бар. Ол – мөлшерлемелердің тартымдылығы. Яғни кеңес тұрғындарын мөлшерлемелердің тартымдылығы жинақтаушы сақтандыруды таңдауға ынталандыратын. Ол кезеңде мемлекеттік сақтандыру полисінің кірістілік мөлшерлемесі 2%-ды құраса, банктік салымның мөлшерлемесі 2%-дан аспайтын. Қысқасы, сақтандыру өнімі бәсекеге қабілетті болды.
Ал біздің кезіміздегі сақтандырудың мейлінше реттелетіні соншалық, сақтандыру салымына ресми түрде 6%-дан астам жылдық мөлшерлеме, тіпті номиналды мөлшерлеме тағайындауға болады. Нормативтік құжаттарға сәйкес, өмірді сақтандыратын компаниялар өзінің қаржылық ағындарын 6%-дан асырмай дисконттауға міндетті. Банктік депозиттер мөлшерлемесі 10-12%-ды құраса, оның үстіне банктер ақша құнын өздеріне икемді етіп реттеп отырса, яғни мөлшерлемені бірде көтеріп, бірде азайтса, жинақтаушы сақтандыруға деген қызығушылықтың төмен болатыны түсінікті. Егер сақтандыру мөлшерлемесі (мейлі номиналды болса да) банктік мөлшерлемеге жетеғабыл орнықса, мәселен жылдық мөлшерлеме 8-9%-ды құраса, дәл қазіргі жағдайда жинақтаушы сақтандыруға деген сұраныс едәуір жоғары болар еді. Әрине бұл жерде жүйелі мәселелер де жоқ емес. Оның үстіне қор нарығының жетілмегендігін (қаржылық құралдардың болмауы) де естен шығаруға болмайды. Сонымен қатар тұрғындарды ынталандыратын тетіктер де жоқ.
– Кеңес заманында жинақтаушы сақтандыру түрлі қажеттіліктерге қаржы жинауға мүмкіндік беретін. Ал қазір ақша жинау мен қамтамасыз ету қызметі банктердің қолына өтті. Олар кез келген мақсатқа тұтынушылық несие бере алады. Сонда банктер тұрғанда жылдар бойы жинақтаудың қандай қажеті бар? Тұрғындар несиелі болғандықтан, өзге қаржылық өнімдерге мән бермейді. Осы орайда жеке қаржыны басқару тұрғысынан тұтынушылық мәдениетті өзгерту керек секілді...
– Ойыңыз дұрыс. Тек жеке және басқа да қаржыландырулардың мақсатын жете түсінген абзал. Негізі банктік өнімдер қысқа мерзімді болып келеді. Ал адам өз өмірінің әр кезеңін қандай әдіспен қаржыландыратынын дұрыс ұғынып, алдағы өмірін сол бойынша жоспарлауға тиіс.
Адамның қолында ақша бар делік. Бұл қаржы екі-үш жылдан кейін өзіне қажет болатыны анық. Сондықтан ол банкке барады. Депозитке салады. Жалпы белгілі бір мерзімге немесе оқиғаға байланысты ақша жинау жеттігі туындаса, онда тек өмірді сақтандыру компнаияларының қызметіне жүгінген дұрыс. Ал қаржысы бар адам сақтандыру компаниясына емес, банкке барады. Соңында қарызға батып тынады. Бұл жердегі бар мәселе осында.
– Адамдардың бәрі ақшаны жылдам және бірден алғысы келеді. Ал банктер іздеген қаржыны ұсынуға әзір...
– Мұндай жағдайда қаржылық тәуелділіктің дамуына үлес қосатын боламыз. Әлемде қабылданған тәжірибелерге сәйкес, тұрғындарды өз табыстарын тиімді басқаруға, табысының кем дегенде он пайызын сақтандыру қорларына (жинаққа) салып тұруға үйретуіміз керек. Он пайыз деген аса көп те емес. Жеке бюджетке аса қатты әсер ете қоймасы да белгілі.
Әу бастан белгілісі – экономикаға ұзақ мерзімді қаржыны әкелушілер де өмірді сақтандыру компаниялары. Банктер қысқа мерзімді қаржыландыруға басымдық береді. Бұл ары кеткенде үш-бес жылды құрауы мүмкін. Егер салымшы кез келген уақытта өз салымын ешбір айыппұлсыз, шығынсыз қайтарып алу құқығына ие болса, біз онда неліктен банктерден тұрақты өткізу нарығы бола тұра, өзін-өзін жиырма жылдан кейін ақтайтын зауыттардың құрылысын қаржыландыруды талап етеміз?
Банктің, өмірді сақтандыру компанияларының, зейнетақы қоры мен бағалы қағаздар нарығының бізге не үшін керек екенін жете түсінуіміз керек. Бұлардың барлығы экономикаға қызмет етеді. Бірақ бәрінің ақшасы белгілі бір мақсатқа бағытталған. Банктер ақшаны қысқа мерзімге береді. Өмірді сақтандыру компаниялары мен зейнетақы қоры – ұзақ мерзімді қаржыны жеткізушілер. Бағалы қағаздар нарығы барлығына бірдей қызмет көрсетеді. Яғни, акциялар мен облигацияларды шығарып, капиталды бөліп отырады.
Меніңше, өмірді сақтандыру компанияларын зейнетақы активтерімен жұмыс істеуге бағыттау керек. Еске сала кетейін, бұрын бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес, ӨСК-ге мұндай құқық берілген болатын. Норманы халықаралық тәжірибеге қайшы келеді және тағы да белгісіз себептерге байланысты алып тастады.
Сақтандыру компаниялары онсыз да жинақтаушы өнімдер шеңберінде өз клиенттерінің активтерін басқарып отыр. Демек зейнетақы қаржысын да басқара алады деген сөз. Өмірді сақтандыру компанияларына клиенттердің зейнетақы жинақтары енетін қоржынды басқару құқығын заңдастыру керек. Мұндай қадам зейнетақы активтерін басқару нарығында бәсекелестікті жандандыру үшін реттеуші жүзеге асыратын жұмыс шеңберінде қолға алынуға тиіс.
Өмірді жинақтаушы сақтандырудың ел ішіндегі танымалдылығын арттыруға қатысты тағы бір ұсыныс бар. Бізде неліктен зейнетақы қорына балама жоқ? Неліктен міндетті зейнетақы төлемдерін тек қана зейнетақы қорына саламыз? Ел тұрғындарына таңдау жасауға мүмкіндік берейік. Олар зейнетақы қорына ақша аударсын немесе еңбекақыдан ұсталатын 10 пайызға (немесе бір бөлігін) өмірді сақтандыру полисін сатып алсын. Бәсекелестің болмауы – тиімді басқара алмаудың басты себебі, негізгі көзі. Біз бұған талай мәрте көз жеткіздік. Көз жеткізіп келеміз де.
Өмірді сақтандыру полисі – жинақтау және әлеуметтік қамсыздандыру. Бұл ауыр дерттерден, мүгедектіктен, асыраушысынан айырылудан қорғайды. Сәби дүниеге келсе, оған кәмелеттік жасқа дейінгі полисті сатып алады. Кейін оның оқуына, үйлену тойына жинақтайды. Яғни әрбір адам балаларына полис сатып алады, өзінің қарттығына қаржы жинайды. Ешқандай тәуелділік жоқ. Батыс елдерінде өмірді сақтандыру компаниялары отбасылық дәрігер секілді. Олар адам дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейін бірге болады.
Мақсатты қаржылық "қобдишалар" болуы керек. Мемлекет тарапынан да көмек қарастырылуға тиіс. Мемлекет неліктен банктің несие мөлшерлемесін субсидиялайды? Неліктен бұл тәжірибені сақтандыру компанияларына қолданбасқа? Олар да білім беру займы секілді білім беру полистерін ұсынуларына болады. Зейнетақы жүйесінде де дәл осындай жолмен жүріп келеміз. Зейнетақы нарығында бәсекелестік жоқ. Мемлекеттік қор өзін жақсы жағынан көрсете алмады. Жалпы қаржы нарығындағы секілді зейнетақы секторындағы бәсекелестікті де жандандырайық және оған мейлінше қолдау көрсетейік.
– Ұлттық банк дайындаған бағалы қағаздар нарығы туралы заң жобасы жеке басқарушы компанияларға міндетті зейнетақы жинақтарының бір бөлігін басқаруға мүмкіндік береді...
– Бұл үлгі қандай жаңашылдық ұсынып отыр? Біз тағы да өткенге қайта оралмақпыз. Зейнетақы нарығын ашып, оған сақтандырушыларды жіберейік. Олар активтерді басқаратын брокерлерден кем емес. Қайта асып түсуі де мүмкін. Себебі сақтандырушылар өз активтерін басқарып отыр. Оларды орта деңгейлі банктермен салыстыруға да болады. Меніңше, нағыз бәсекелестік пайда болар еді.
– Сақтандырушылар Ресей Федерациясының өмірді сақтандыру жөніндегі арбитражына шағымданады. Мәселенің мәні қандай?
– Негізінен арбитражға жинақтаушы полисті сатып алу кезіндегі салық бойынша жүгінеді. Ресейлік клиент полисті өз елінде, яғни Ресей Федерациясында сатып алу арқылы отындық клиенттер алдында бірқатар артықшылықтарға ие болады. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер беріледі. Өмірді сақтандыру төлемдері табыс салығына жатқызылмайды. Бұдан бөлек, клиент 2015 жылдан бастап жылына 120 мың рубльден аспайтын көлемдегі сыйақыдан салық жеңілдігін алады.
Қысқасы өмірді жинақтаушы сақтандыру полисін Қазақстаннан гөрі, Ресейде сатып алған тиімді. Егер ортақ қаржы нарығы құрылатын болса, біздің тұрғындар ресейлік жинақтаушы сақтандыру полистерін сатып алуға басымдық беруі әбден мүмкін.
– Ортақ нарықтың ауылы әлі алыс қой...
– Қазір белгілі бір жағдайларға байланысты, мәселен, оқуға, жұмысқа аттанғанда аталған полисті сатып алуға ешкім тыйым сала алмайды.
Тәуекелдер үшін кім төлейді?
– Өмірді сақтандыру нарығын өзгерту тақырыбына оралайық. Ең алдымен нені түзетуіміз керек?
– Ең алдымен реттеуден бастау керек. Реттеуші сақтандыру компанияларының сатылымын емес, қорын реттеуге тиіс. Ал қазіргі жағдай керісінше. Сақтандыру компанияларының қорына және сақтандыру өнімдерін сатуға шектеулер қойылуда. Нақтырақ айтсақ, сақтандырудың бірыңғай деректер базасын (СБДБ) мемлекеттік кредиттік бюроға (МКБ) беруі – реттеушінің сақтандыру компанияларының операциялық қызметіне енгендігінің айғағы.
Атап өтерлігі, нарықты қадағалауды қайта қарау оның мүлдем әлсірегенін көрсетпейді. Әрбір өнімге өзіндік талаптар қойылатындықтан, бұған қадағалауды саралау деп қараған жөн шығар. Ырықтандыру туралы да ойланып көруге болады. Бізде икемді күйге келтіруді талап ететін өнімдерді сол күйі ұстап тұратын ортақ үлгілер де бар. Бұл өмірді сақтандырудың классикалық өніміне де, сақтанушының инвестициялық табысына – инвестициялық өмірді сақтандыруға да қатысты. Өнімдер қатаң реттеледі. Сондықтан депозиттермен салыстырғанда, бәсекеге қабілетсіз болып барады. Екінші үлкен мәселе – жалпы қаржы құралдарының жетіспеушілігі.
– Бұл проблеманы қалай шешу керек?
– Нақты табыс әкелетін ұзақ мерзімді құнды қағаздар пайда болуға тиіс. Мәселен, қаржы министрлігінің кірістіліктің ағымдағы инфляцияға байланысы бар ұзақ мерзімді міндеттемелерін шығарудың тамаша тәжірибесін жандандыруға болады. Қазір мұндай үнемдеу құралдары мүлде жоқ. Сонымен қатар өмірді сақтандыру компанияларына мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылатын аукциондарға қатысуға мүмкіндік беру керек. Яғни аукционға айырықша құқығы бар банктерге комиссия төленбеуі қажет.
– Кедергілерді жоймасақ, өмірді сақтандыруды алда не күтіп тұр?
– Бұл нарық міндетті сақтандару түрлеріне байланысты ғана тоқырайды, және өмір сүруін жалғастырады. Сақтандыру түрлеріне жұмысшыны жазатайым оқиғадан сақтандыру және банктік сақтандыру жатады. Кедергілерді жоймасақ, Қазақстан өмірді сақтандыруды енгізу бойынша әлемнің дамыған және бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосыла алмайды. Зейнетақы аннуитеттері де дамымақ емес. Зейнетақы аннуитеттерінің көлемі болжанған межеге де жетпейді.
– Қазір елімізде өмірді сақтандыратын жеті компания жұмыс істейді. Бұл оңтайлы ма?
– Қажетті компаниялар санына қатысты сауал мүлдем дұрыс емес. Егер компаниялар табыстылық жақсы осындай қадамға барса, демек оңтайлы болғаны. Енді бір компаниялар кірістерді тиімсіз деп танып, нарықтан кетіп қалуы мүмкін. Бұл да дұрыс қадам. Нарық қуатты және бәсекеге қабілетті болса, ал акционерлер өз сұраныстарын маржаға ұсынса, неге жұмыс істемеске? Бұл – нарықтық және эволюциялық сауал. Ал нарықтағы компаниялардың жеткіліктілігі мен артықтығы тақырыбына қатысты талқылаулардың бәрі далбаса деп білемін.
– Ұлттық банктің парламентке ұсынған сақтандыру заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы өмірді сақтандыру компанияларының позициясын жақсартуды және міндетті түрде кепілдік жүйесін қамтуды көздейді. Компанияларға әлеуетті сақтанушылардың адалдығын арттыратын қаржылық жастыққа қол жеткізу мүмкіндігі беріледі деп болжануда. Әлеуетті сақтанушылардың қаржысы кепілдендіру қорымен кепілдендірілген. Кепілдендіру жүйесі қалай жұмыс істемек?
– Шын мәнінде сіздің сұрағыңыз СТКҚ-ға, керісіше кепілдендіруді енгізгісі келетіндерге қатысты. Әзірше заң жобасынан өмірді сақтандыру компанияларының кепілдендіру жүйесінің қалай құрылатындығына қатысты нақты ұсыныстар мен нақты механизмді көріп тұрғанымыз жоқ. Тек сілтемелі нормалар мен түсініксіз сөздер ғана бар. Тәжірибеге сүйенсек, заңда идеяның жүзеге асырылуының нақты механизмі көрсетілмесе, бұл жағдай нарық үшін жақсылықпен аяқталмайды және халыққа да кері әсерін тигізеді. Заң жобасы нені кепілдендіреміз, қаншаға кепілдендіреміз және қалайша кепілдендіреміз деген сұрақтарға нақты жауап беріп отырған жоқ. Еске сала кетейін, бұған дейін өмірді сақтандырушы компаниялар СТКҚ-ға енген болатын. Алайда бұл міндетті кепілдендіру тетігінің жоқтығынан тоқтатылды. Өкінішке қарай біз сәтсіз тәжірибені қайталап отырмыз.
– ӨСК-нің кепілдіктерін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен (ҚДКҚ) біріктірген әлдеқайда қолайлы емес пе?
– Бұл идея көкейге қонымды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көлік бюросы жалпы сақтандыру компаниялары үшін кепілдік беру қоры болып табылады. Себебі мұндай компаниялардың бәрі автосақтандырумен айналысады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының базасынан көлік бюросын құру идеясы әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Өмірді сақтандыру компаниялары үшін кепілдік беру қоры ретінде жекелеген кепілдендіру қорлары бар. Мұндай қорлардың капиталы елеулі болуы керек. Себебі ӨСК ұзақ жылдар бойы жинақталған қорлармен жұмыс істейді.
Сақтандыру нарығыда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖС), КАСКО секілді сақтандыру түрлерінің бар екендігін ескерсек, СТКҚ-ның резерві тұрақты. Ол біртіндеп жоғары деңгейге өрлеп келеді. ӨСК резервтері де өсе бермек. Себебі олардың келісімшарттары ұзақ мерзімге арналған. Оның үстіне аталған нарық та дамып келеді. Тек оларға кепілдендірудің басқа моделі керек. Ал ондай модель жоқ.
Сонымен қатар СТКҚ өмірді сақтандыру компанияларының қоржынын толық көлемде кепілдендіре (қамтамасыз ете) алмайды. Мұның орындалуы қиын. Біздіңше, ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы кепілдендіру өте оңтайлы нұсқа болар еді. Ал қоржын компаниядан компанияға қалған активтер есебінен өте береді. СТКҚ олардың жеткіліксіздігі жағдайында толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Қазіргі заң жобасындағы нормалардың бірі – қоржынды кепілдендіру. Біз бұған қарсымыз. Себебі мұндай жағдайда кепілдендірудің қатысушылары үшін жарналар мүлдем қол жетімді болмай қалады. Сонымен қатар, Қазақстанда зейнетақы аннуитеті келісімшартын сатып алу міндетті болып табылмайды. Сондықтан оны кепілдендірудің өзектілігі күмән тудырады.
Сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіретін ҚДКҚ жүз пайыз мемлекетке тиесілі (100% Ұлттық банктің еншілес ұйымы). Өмірді сақтандыру саласындағы аннуитет келісімшарттары кепілдендірілген жағдайда осы түзетулердің бастамашысы – Ұлттық банкке неліктен ӨСК үшін кепілдендіру жүйесінің жаңа демеушісі (акционері) атанбасқа? Болмаса, жекелеген кепілдендіру қорын құруға қомақты қаржы бөлсе немесе ҚДКҚ-ның капиталын ұлғайтуға да болады. Неліктен мұны жеке қор атқаруға тиіс?
– Өмірді сақтандыру компаниясы банкротқа ұшыраған жағдайда СТКҚ тәуекелдерді жалпы сақтандыру копанияларының қаржысы есебінен өтей ме?
– Әрине. Жалпы және өмірлік деп бөлінгенімен, қордың капиталы ортақ. Меніңше, капиталды міндетті түрде бөлу керек. Арнайы заңды тұлға керек. Себебі СТКҚ-ның даму әлеуетті мүлдем басқа. Ол өмірді сақтандыру компанияларына сәйкес келмейді. Оған мысал ретінде Ұлттық банк өз қаржысына құрған СТКҚ-ны келтіруге болады. Ол кезде қорды қаржыландыру реттеліп, тұрақталған соң реттеуші акцияларын сақтандыру компанияларына сатып, капиталдан шығып кеткен болатын.
Еркебұлан Қыздарбек, Татьяна Батищева