Қазақша түсінетін Черчесов пен Ресейді селт еткізген Билек

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3455

Бүгін Қазақстан – Ресей матчы алдындағы баспасөз жиыны өтіп, Михал Билек пен Станислав Черчесов журналистер сұрақтарына жауап берді.

Қазақша түсінетін Черчесов пен Ресейді селт еткізген Билек Фото: kff.kz

Әуелі Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің матч қарсаңындағы баспасөз жиыны өтті. Ол өзімен бірге қорғаушы Георгий Джикияны ерте келіпті. Екеуі де ертеңгі ойынға жан-жақты дайындалып жатқандарын баса айтты. Абайлап сөйлеуге тырысқандарымен, жеңіске жетуді көксеп келгендері сезіліп-ақ тұрды.

Станислав Черчесов Қазақ елі құрамасының Шотландия футболшыларын ойсырата жеңгеніне титтей де таң қалмағандығын мәлімдеді. Бірақ құрама сапындағы ешбір футболшымызды бөле-жара мақтамады. Тек командалық ойын өрнегі үйлесіп келе жатқан, алаңда тізе қоса қимылдайтын ұжым ретінде ерекше атап өтті. "Бәрі де өз міндеттерін жақсы біледі" деп қосты.

Әрі "Командаларыңызға жаңа бапкер келді. Молдовамен өткен ойындарыңызды көргенбіз. Қандай ойын үлгісін таңдайтыны сол кезде белгілі болған. Бірақ ол ойында негізгі құрамдағы жігіттеріңіз болған жоқ. Шотландиямен кездескенде, жылдам гол соғып алдыңыздар. Ұлттық құрамаларыңыз – ойын өрнегі жетіліп келе жатқан команда", – деп өз ойын білдірді.

Ертең тек жеңіске жетуді көздейтіндіктерін де сездірді. Бельгияға "ұтылымыз" деп бармағандықтарын тілге тиек етті. Бірінші ойындағы жеңілістің есесін қайтаруды ғана ойлайтындықтарын жасырмады. Турнир кестесіндегі жағдайларының да көңілдеріне қонбайтындығын меңзеді.

Ертеңгі ойында алаңға шыға алмайтын Александр Головин, Далер Кузяев сынды футболшыларын алмастыратын жігіттері бар екендігіне бәрімізді сендіргендей болды. Әрі жасанды алаңда ойнайтындықтарына уайымдамайтын сыңай танытты. "Алаң бәрімізге бірдей, бізде де жасанды алаңда ойнап, үйреніп қалған жігіттер бар", – деді сенімді түрде.   

Бір қызығы, Ресей құрамасының бас бапкері Черчесов мырза "Станислав Саламұлы" деп басталып, қазақ тілінде сұрақ қойылғанда, "орысшаға аударудың қажеті жоқ, мен бәрін түсіндім" деп, отырған журналистердің бәрін таң қалдырды. Әйтсе де олардың баспасөз хатшысы "ресейлік журналистер үшін аударсын" деп күмілжіді...

Десек те, "сіз өзіңіз қақпашысыз, бірақ қақпаға легионерді қойып жүрсіз, Лев Яшиннің отанында талантты қақпашы жоқ па" деген, қазақ тілінде қойылған сұрақ оның шамбайына қатты батқандай болды. Ол Гилерменің Ресей азаматы екендігін, орысша сөйлей алатындығын көлденең тартты. Тіпті "оның орысшасы менің қазақшамнан артық" деп салды...

Легионерлерді ұлттық құрама сапына тарту әлемде бар тәжірибе екендігін бірнеше қайталап, өзінің де, жанындағы Джикияның да орыс емес екендігін меңзеп өтті (Алайда, Джикия жұлып алғандай, "мен орыспын" деп күңк етті). Содан соң "айтпақшы, сіздерде Меркель неміс қой, әлемде мұндай сұрақ талқыланбайды" деп сабасына түскендей болды. Осы тұста, ол Меркельдің Қазақстанда туғанын есінен шығарып алғандай... 

Бұдан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек келді. Ол жанына тағы да құрама капитаны Исламбек Қуатты ерте келіпті. Журналистер оның Шотландия құрамасымен өтетін ойынға да Исламбекті ертіп келгендігін есіне салып, мұны жақсылыққа жорыды. Тағы да жеңіске жетуге тілектес екендіктерін білдірді.

Билек Ресей құрамасының өте қарымды команда екендігін білетіндерін шегелеп айтты. Әрі былтырғы әлем чемпионатында аса жоғары қарқында өнер көрсеткендігін де тілге тиек етті. Әйтсе де, Шотландияны жеңіп, көңіл-күйлері көтеріліп, қарамағындағы футболшылардың жігерлене түскендігін атап өтті. Тіпті тағы да көпшілікті таң қалдырауға тырысатындықтарын сездірді.

Ол үшін жұдырықтай жұмылып, бір команда ретінде әрекет ету керектігін, тізе қоса қимылдау қажеттігін мәлімдеді. Қарамағындағы жігіттердің ұйымшыл және арман-талаптары мен ынта-жігерлерінің зор екендігін, жаттығу жұмыстарында аянбайтындықтарын ілтипатпен атап өтті. Жанкүйерлерге де арқа сүйейтіндігін жасырған жоқ.

Темірлан Ерлановтың жарақатынан толық айықпағандығын, жеке бағдарлама бойынша жаттыға бастағандығын, Юрий Логвиненконың қатарға тек кеше қосылғандығын тәптіштеп айтты. Өз сөзін "ертең мұның алдындағы қарсыласымыздан да азулы құрама командамен кездесеміз, біз ресейліктердің артықшылықтары мен осал тұстарына көңіл аударып, саралап жатырмыз, намысымызды қайрай түсетін жанкүйерлерімізге сенеміз" деп аяқтады.    

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу