Қазақстан қайтсе қазіргіден қуатты экономика құрады

3274

Шетелдік сарапшы бізге кіммен қарым-қатынас жасау қажеттігін айтты.

Қазақстан қайтсе қазіргіден қуатты экономика құрады

Елорда да өткен халықаралық конференцияда Жапонияның префектура Фукуи университетінің профессоры, экономика ғылымының докторы Андрей Белов 10 мың адам жұмыс істейтін, бірақ еңбек өнімділігі көңіл көншітпейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыру өте қиын екенін айтты.

"Экономикада таңғажайыпқа, ертегіге сенуге болмайды. Нақты іс, нақты әрекет қажет. 10 мың адамды жұмыс орнында сақтап қалу және бәсекеге қабілетті өнім өндіру оңай шаруа емес", – деді ол.

Оның пікірінше, мемлекет жұмыссыз қалғандарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуге тиіс.

"Бұл қиын әрі ауыр жол. Алайда бұл жолдан өту керек. Ірі кәсіпорындардың штатынан қысқарып қалған қызметкерлерді Жапониядағы секілді шағын және орта кәсіпорындарға орналастырған тиімді. Бұл үшін алдымен шағын және орта кәсіпорындардың санын көбейтіп, осы іспен жоспарлы түрде айналысатын жүйе құру қажет", – деді Андрей Белов.

Мамандарды қайта даярлау ісімен кім айналысу керек деген сұраққа шетелдік сарапшы: "Бұл жұмысты мемлекетке немесе бизнеске ысыра салуға болмайды. Дәл осы жерде тепе-теңдік сақталуға тиіс. Мамандарды қайта даярлау мемлекетке  және бизнестің жауапкершілігіне жүктелу керек.

Тепе-теңдік сақталғанда ғана экономиканың ішкі секторындағы жағдай тұрақты болады", – деп жауап берді.

Сөз арасында ол қазір кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру, оның ішінде экспорттық бәсекелестік туралы жиі айтылатыны, ал ішкі нарықты дамыту мен ішкі нарыққа бағытталған тауардың сапасы мен санын ұлғайту назардан тыс қала беретінін баяндады.

"Экономиканы экспортқа байлауға болмайды. Экономика экспортпен ғана дамып, экспортпен ғана ілгерілемейді", – деді Андрей Белов.

Оның ойынша, Қазақстанға ұлттық экономиканың қарқынын күшейту үшін Орталық Азия елдерімен ықпалдасу керек.  

"Солтүстіктегі, оңтүстіктегі көршілеріңізбен емес, одан жақын орналасқан көршілеріңізбен қарым-қатынастарыңыздың тамырын тереңдетсеңіздер, қазіргіден қуатты экономика қалыптастырасыздар. Орталық Азиядағы 5 мемлекет соңғы жылдары ғана бірлесіп әрекет етуге көшті. Сіздер Өзбекстанда қандай өзгеріс болып жатқанын біліп отырсыздар. Бір мемлекет алға қадам жасап еді, қалғандары қолдады және нәтижесін сезінді. Сіздерге қолдағы ресурс пен мүмкіндікті пайдалану керек. Орталық Азия елдері Қазақстанмен ықпалдасуға қуана-қуана келіседі. Себебі сіздер 5 мемлекеттің ішіндегі ең қуатты, ең ауқатты елсіздер", – деді Андрей Белов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу