Қазақстан қазіргі дағдарыстан қашан айығып шығады

4176

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Қазақстан қазіргі дағдарыстан қашан айығып шығады

camonitor.kz : "Қазақстан қазіргі дағдарыстан қанша уақытта айығып шыға алады?" деп жазады басылым. Бұл сұрақты газет тілшілері экономист маман Айман Тұрсынқанға қойған. Сарапшы бұл дағдарыстан мемлекет кем дегенде 7 жылдан кейін шығады, деп болжап отыр. Басылымның хабарлауынша, Қазақстанда енгізілген карантинді сынаушы кейбір сарапшылар, асығыс түрде іске асырылған кей шаралардың артық болғанын айтып жатыр. Себебі бұл енгізілген шаралар экономика мен халықтың жағдайына айтарлықтай кесірін тигізеді. Экономист Айман Тұрсынқанның пікірінше, 2-3 айлық карантин Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемін екі есе азайтады.

"Менің болжамым бойынша, біз шамамен 80-100 млрд АҚШ доллары көлемінде шығын көреміз. Орта және шағын бизнестің 60 пайызы жабылып қалады. Нәтижесінде штатта жұмыс істеген азаматтардың 25 пайызы жұмыссыз қалады. Сол себептен үкімет адамдарды жұмыспен қамту үшін мықты бағдарлама әзірлеуге тиіс. Бұл істі жүзеге асыру кем дегенде 10 триллион теңге керек болады",  – дейді экономист.

liter.kz: "Алматыдағы көгершіндердің неден қырылғаны белгілі болды" деп жазады бысылым. Мамандардың пайымдауынша, 28 панфиловшы саябағындағы көгершіндер уланып қалды деген болжам бар. Бұл туралы әлеуметтік желіде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім еткен. Ол Алматыдағы 28 панфиловшы саябағында жансыз жатқан әрі әлсіреп құлаған көгершіндерге қатысты фото мен видео материалдар келіп түскенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, комиссия құрғанын мәлімдеген.

"Комиссия бұдан бұрын мұз айдыны болған 100 шаршы метрлік жерде 30 шақты көгершін өлгенін анықтады. Алдын ала жасалған болжам бойынша, көгершіндер уланып қалған",– деп жазды баспасөз хатшысы

caravan.kz: "Бәрін істей аламын: көзі көрмейтін қыз сайт жетілдіріп, психолог болып жұмыс істеп, қыз туған", деп хабарлайды республикалық басылым. Бұл мақалада мүмкіндігі шектеулі қыз баланың қиындықтан қорықпай жұмыс істеп, қарапайым адам бақытын сезінген Елена туралы айтылған. "Көп жағдайда біз "жұмыс жоқ" дегенді жиі естиміз. Мұндай әңгімені аяқ-қолы сау адамдар айтады, ал мүмкіндігі шектеулі жандар не істеуі керек?", – деп басталады газеттегі сұхбат. Тілші сұрақтарына 35 жасар Елена Пронская жауап берген. Ол осыдан 15 жыл бұрын көз жанарынан айырылған.

Елена бар үмітін Волгоградтағы дәрігерлерге артып барған, алайда олар көмектесе алмаған. Сол себептен ол көп уақыт бойы ресейлік офтальмологтардың отадан кейін: "Енді еш уақытта көре алмайсыз, дәрігерлерге кеш келгенсіз", – деп айтқанын ұмыта алмай жүрген. 

"Әдетте адам бір мүмкіндігінен, яғни көру, есту немесе жүру мүмкіндігінен айырылғанда есеңгіреп қалады. Мен де есеңгіреп қалдым. Не істерімді білмей, бірнеше жыл үйде отырып қалдым. Алайда бір нәрсемен шұғылданамын деген ынтам жеңіп, мені қорқыныштан құтқарды",– дейді Елена Пронская.

Алғашында Елена соқырлар қоғамына барып жұмыс істеген. Бұл жерде түрлі шаралар мен кештер ұйымдастырып, Елена ашыла бастаған. Көп ұзамай ол сайт жетілдіріп, ақша таба бастаған, соңынан психологқа айналған. Арасында қызын туып, ана атанған.

"Ешқашан мойымау керек", – деп өзіме ұрандатып жүремін. Әрине, өзгелерді кінәлі ету оңай, ал өз бақытыңды, өз жолыңды іздеу оңай емес", – дейді Елена.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу