Қазақстан қолдамайды

4349

ЕАЭО аумағында квази, прокси валюталарға жол берілмеуге тиіс.

Қазақстан қолдамайды

Қазақстан Ресей ұлттық төлем кеңесінің доллардан біртіндеп бас тарту үшін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне электронды валюта енгізу  қажет деген бастамасын қолдамайды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бұл Ресей Федерациясы үкіметінің емес, ұлттық төлем кеңесі деңгейінде талқыланып жатқан мәселе. Яғни ресми мәлімделмеген бастама. Мұндай ұсынысты Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да ұсына алады.

"ЕАЭО аумағында қолданысқа бірыңғай электронды валютаның енгізілуін қолдамаймыз. Ұлттық валюта – егемендігіміздің символы. Ол әнұран, ту,  елтаңба секілді. Сондықтан біз оны сақтап, дамытуымыз керек. Осыған орай қандай да бір квази, прокси валюталарға жол бермеуге тиіспіз", – деді Тимур Сүлейменов.

Ресей ұлттық төлем кеңесі жаңа валютаны Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан арасындағы сауда операцияларында электронды түрде қолдануды ұсынды. Мұндағылардың мәлімдеуінше, электронды валюта санкция қаупі төнген кезде есеп айырысуды жеңілдетеді.

Айта кетейік, трансшекаралық алыс-беріс барысында қолданылатын жаңа валютаның бағамы ЕАЭО елдері ұлттық валюталарының өзара қатынасына тәуелді болады-мыс.

РФ қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеевтің мәлімдеуінше, ЕАЭО елдеріне электронды валюта енгізу бастамасын қазірдің өзінде қолдап отырған бірнеше қаржы ұйымдары бар.

"Еуразиялық экономикалық одаққа ортақ болуы мүмкін жаңа валюта одаққа мүше елдерді доллардан бас тартқызуды көздейді. Электронды валюта еуроның пайда болуына түрткі болған Еуропадағы ЭКЮ сияқты болады. ЕАЭО-ның ақша бірлігі дәстүрлі фиат ақшаға айналмайды, клирингтік операцияларға ғана қолданылады", – деді Алексей Моисеев.

РФ қаржы министрі орынбасарының осылай деуі заңдылық, себебі бұл жерде  Ресейдің мүддесі жатыр.

Осы мәселеге қатысты экономист Мақсат Халық Abctv.kz тілшісімен ой бөлісті. Оның пікірінше, біріншіден, ЕАЭО аумағында электронды валюта қолдану ісі бүгін, ертең жүзеге аспайды. Екіншіден, одақ мүшесі ретінде Қазақстан бұған келісім бермейді.

"Қолданысқа электронды валюта енсе, ізінше ЕАЭО-ға ортақ валюта шығару мәселесі туады. Бұл ұлттық валютамыз – төл теңгемізге қауіп төндіреді. Әлемде Электронды валюта, ортақ валюта қолданыста бар нәрсе. Алайда ЕАЭО-ға мүше мемлекет ретінде бұл Қазақстанға қажет емес. Себебі ол біздің мүддеміз үшін жұмыс істемейді",– деді Мақсат Халық. Ал экономист Рахым Ошақбаев БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде бірыңғай валюта Қазақстан үшін жат нәрсе екенін айтты.

Оның ойынша, Қазақстан үшін ЕАЭО саяси емес, экономикалық одақ. Біз АҚШ, Қытай және Еуропа елдерімен де алыс-беріс жасаймыз. ЕАЭО мүшесіміз деп біздің ел Ресейдің айдағанына жүруге немесе әріптес елдермен арадағы экономикалық байланыстан бас тарта алмайды", – деді Рахым Ошақбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу