Қазақстан көшелерінде ескі автобустар көп

3897

Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта автобустардың 71%-ы ескірген. Ал халықаралық және облысаралық тұрақты бағыттарда сапарлайтын автобустардың тозу көрсеткіші 84%-ға жеткен. 

Қазақстан көшелерінде ескі автобустар көп   Фото: 2gis.kz

Кеше Inbusiness.kz  Алматыда алапат апат болғанын хабарлаған еді: 8 қараша күні түскі сағат 13:59-да Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысында, 98-ші және 201-ші маршруттарда қозғалып келе жатқан 2 автобус соқтығысты. Жол-көлік апаты салдарынан зардап шеккендер саны 21 адамға жетті, олардың арасында 1 бала бар. Бір адам жедел жәрдем жеткенше, көз жұмды. Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалған.  

Ішкі істер министрлігінің статистикасы қоғамдық көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны соңғы жылдары азайғанын көрсетеді. 

"Соңғы үш жылдағы апат көрсеткіштерінің статистикасы автобустардың қатысуымен болған ЖКО саны және олардың зардаптарының ауырлығы жоғары болып қалуда. Атап айтқанда, 2019 жылы автобустар 543 рет жол апатына тап болған, соның кесірінен 81 адам опат болды. Тағы 949 адам жарақаттанды. 2020 жылы – 327 ЖКО болды, 29 адам өліп, 455 адам жарақат алды. 2021 жылы – 379 ЖКО салдарынан 38 адам жан тапсырды. 487 адам жарақаттанды. Биылғы 2022 жылғы 8 айда автобустардың қатысуымен 198 жол апаты тіркелді, 21 адам қаза тауып, 339 адам жарақат алды", – делінген ведомство ақпаратында.

Меморган қоғамдық жолаушылар тасымалында автобустар қатысқан жол-көлік оқиғаларының себептерін де атады, бұлар – жүргізушілердің жолаушы тасымалдау қауіпсіздігін жеткілікті түрде қамтамасыз етпеуі, жол жүрісі ережелерін бұзуы, тасымалдаушыларда заңнама талаптарының сақталуын бақылаумен қамту тетігінің болмауы.

Көлік саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де көңілге алаң салатын деректерін бөлісті. Тұрақты маршруттарда тозған автобустардың үлесі тым жоғары. Министрліктің байламынша, жалпы, жолаушылар тасымалдау саласында заңсыз, адал емес ойыншылар көп. Олар жосықсыз бәсекелестік туғызып, ресми тіркелген тасымалдаушыларды тиімсіз жағдайда қалдырады. Қазақстанда inDriver, Яндекс.Такси сияқты ресейлік агрегаторлар көлеңкелі тасымалды жолға қойды. Алматының өзінде таксимен жүру құны кейде автобуспен қатынағаннан қымбат емес.

ИИДМ дерегінше, "мұндай жағдай ресми тасымалдың табыстылық-рентабелділігінің төмендеуіне соқтырады". Соның салдарынан автобус парктерінің қаржылық жай-күйі нашарлайды. Сондай-ақ олардың көлік паркін жаңартуға инвестициялар тартуға ынтасы болмайды.

Ведомствоның талдауына жүгінсек, салада тек техника ғана емес, тіпті заң да ескі-құсқы болып шықты.

"Кеңес заманында жолаушыларды тасымалдаумен тек қана мемлекеттік кәсіпорындар айналысты. Ел тәуелсіздік алған соң автобус парктері қарқынды түрде жекешелендірілді. 1993 жылдан бері жолаушыларды тасымалдау жеке қолға өтті. Сонымен бірге заңнама көп жаңартылмады. Автокөлік туралы қолданыстағы негізгі заң XXI ғасыр басында, сонау 2003 жылы қабылданды. Содан бергі 20 жыл ішінде тасымалдаудың өркениеттілікке жат, көлеңкелі нарығы қалыптасты. Қазақстанда нарықтың басым бөлігі тасымалдауды белгіленген стандарттарсыз, іс жүзінде өз қалауы бойынша жүзеге асырады. Заңнама қалыптасқан жағдайды тиімді реттеуге мүмкіндік бермеді. Бұл бассыздық нарық субъектілерінде құқықтық нигилизмді және көлеңкелі экономикаға негізделген өзара қарым-қатынасты қалыптастырды", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Сондықтан жағдайды түзету үшін ведомство жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол меморгандардың келісімінен өтуде.

Ресми дерекке жүгінсек, Қазақстанда жалпы саны 86,7 мың автобус тіркелген. Оның ішінде тұрақты маршруттарда тек 15,5 мыңы ғана жұмыс істейді. Қалғаны жолаушыларды белгіленген маршруттарсыз, ыңғайына қарай тасымалдайды.

Көлік саласы сарапшыларының бағалауынша, елде 9–10 мың автобус чартер бойынша істейді, компаниялар мен ұйымдардың қызметкерлерін, туристерді, корпоративтік жиынға баратын ұжымдарды тасымалдаудан нәпақасын айырып жүр.

Қалай болғанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автобустардың басым көпшілігінің, 60 мыңының қызметіне қатысты нақты мәліметтері жоқтығын мойындады. Болжамы бойынша олар заңсыз тасымалдаумен айналысуы мүмкін.

Жалпы, олардың бәсекелес-бақталастарының саны да сойқан: 130 мыңнан астам такси автомашинасы, яғни жеңіл көліктер, минивендер көлеңкелі тасымалға тартылған.

Қазіргі уақытта елімізде:

  • 1 244 қалалық маршрут;
  • 1 156 облысішілік маршрут;
  • 284 облысаралық маршрут;
  • 38 автовокзал;
  • 113 автостанция бар.

Бұлардың бәрін қадағалау, саладағы қызметті реттеу үшін әкімдіктер 2–3 қызметкерді ғана бөледі, ал олардың уақыты негізінен есеп толтырумен өтеді де, кәсіпорындарды тексеруге қолдары тимейді. Себебі, әкімдіктердің осы салалық басқармалары сонымен қатар, автожол құрылысымен, әуе, теміржол, автомобиль көлігі және инфрақұрылым мәселелерімен қатар шұғылданады. Оның үстіне соңғы жылдары бұл салада мемлекеттік қызметшілер, мамандар аз.

Алдағы реформа барысында осы түйткілдер де ескеріледі. Мысалы, жолаушыларды тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды нарық қатысушыларының қауымдастықтарына, өзін-өзі реттеуші ұйымдарына беру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу