Қазақстан криптовалютаға қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
6592

Тамыз айының алғашқы күнінде биткоин қақ бөлініп, әлемде жаңа виртуалды валюта пайда болды.

Қазақстан криптовалютаға қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр

Дүниежүзіне биткоин деген атпен танылған төлем бірлігінің бағасы ғарыштық жылдамдықпен өсіп жатыр.  

"Coindesk" биржасының мәліметінше, тамыз айының басында бір  биткоинның бағасы 2831 АҚШ долларына тең болған. 8 тамыз күні бұл көрсеткіш бірден 3456 долларға жеткен. Ал 14  тамызда 4400 АҚШ долларын құраған. Яғни виртуалды валюта жарты айда 45%-ға өскен.

Осыған дейін "Goldman Sachs" инвестициялық банкі биткоинның бағасы 4800 долларға жетуі мүмкін деген болжам жасады. Биткоин енді бір қарғыса, инвестициялық банктің болжамы ақиқатқа айналғалы тұр.

Бұл биткоин бағасының шарықтау шегі емес сияқты. Себебі құнды қағаз нарығының сарапшысы Ронни Моас келесі жылы биткоинның құны 5 мың АҚШ долларына жететінін айтып жүр.

Биткоин бағасының шарықтауына оның қақ бөлінуі себеп болған. Айта кетейік, 1 тамызда дүниеге жаңа криптовалюта келді. Ол "Bitcoin Cash" деген атқа ие болды. Аталмыш төлем бірлігі нарыққа ерекше екпінмен енді. Ол әлемдік биржаларда бірінші тамызда 324, екінші тамызда 700 доллардан саудаланды. Сөйтіп екі күннің ішінде "Bitcoin Cash" биткоин және эфириум сынды виртуалды валюталардан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.

Қазіргі қаржы нарығында криптавалюта танымал трендке айналған. Сондықтан ол түрленіп, дамып жатыр. Оған деген сұраныста күннен-күнге артып келеді. Бүгінгі таңда әлем бойынша криптавалютаның 100 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық активі айналымда жүр.

Естеріңізге сала кетейік, Х Астана экономикалық форумында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастыққа әлемге ортақ бірыңғай валюта енгізуді ұсынды. Араға уақыт салып біздің ел криптовалютаның транзакциясын реттейтін заң жобасын әзірлей бастады. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына "Астана" халықаралық қаржы орталығы, "Делойт", "Waves, Juscutum" және "Кесарев Консалтинг" сынды ұйымдардың өкілдері енді.

"Жапония криптовалюта жүйесін мемлекеттік деңгейде дамыту қажеттігін қолға алған әлемдегі бірінші, ал Қазақстан екінші мемлекет. Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы елімізде виртуалды валюта нарығын дамыту цифрлы экономика құру жолында жанталасып жатқан Қазақсан үшін аса маңызды қадам болып табылады", – деді "Кесарев Консалтинг" компаниясының серіктесі Наталья Шейко.

Бұл бағытта Ресей Федерациясы да ілкімді ізденіске иек артуда. Таяуда осы елдің Орталық банкі криптавалютаны өз биржаларына шығаруға ниет танытты. Мұндай мәлімдемені Орталық банк төрағасының бірінші орынбасары Сергей Швецов жасады.

Криптавалютаға қатысты мәселеде Ұлыбритания, Сингапур, Қытай мемлекеттері де қарап қалып жатқан жоқ. Олар жеке виртуалды валюта қолданғылары келетінін жасырмай айта бастады.

Биткоин неге бөлінді?
Қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын криптавалютаның қақ бөлінуіне биткоинның блокчейн-жүйесін жаңғыртуға ұмтылған қытайлық майнерлер  ықпал етті. Себебі соңғы бірнеше айда биткоин желісіндегі транзакция өте баяу жұмыс істеді. Олқылықтың орнын толтырып, жүйенің жылдамдығын арттыру үшін блокчейнді кеңейту қажет болды. Майнерлер уақыт оздырмай, іске кірісіп кетті. Нәтижесінде дүниеге секундына 56 транзакция жасай алатын "Bitcoin Cash" келді. Салыстыру үшін айтайық, биткоинда бұл көрсеткіш секундына 7 транзакция болатын. Қазір биткоин желісіндегі блок 1 Мб-ты, ал Bitcoin Cash-та 8 Мб-ты құрайды.

"Bitcoin Cash" қалай пайда болды?
Биткоин блокчейнінің модификациясынан дүниеге "Bitcoin Cash" келді. Майнерлер биткоиннан "Bitcoin Cash" жасап шығару үшін хардфорк тәсіліне жүгінді. Осылайша олар биткоинның хаттамасын өзгертіп, мүмкіндігін арттырды және осы арқылы дүниеге биткоинның сыңарын әкелді.

Хардфорк деген не?
Бұл биткоинның хаттамасына өзгеріс енгізетін амал. Ол осыған дейін әрекет етпей тұрған биткоин блоктарын іске қосады. Нәтижесінде виртуалды валютаның желісі мен құрылымы жаңғырып, бұрынғы транзакциялар "Bitcoin Cash" блокчейнінде де қолданылады. Ал жаңа транзакциялар бір-біріне бағынышты болмайды. Олар өз алдына жеке дара әрекет етеді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу