Қазақстан мұнай бағасынан әділдік іздейді

3209

Ішкі нарықтағы мұнай мен жанар-жағармай бағасын биржа бойынша белгілеу жоспарланады.

Қазақстан мұнай бағасынан әділдік іздейді

Энергетика министрлігі ішкі нарықта сұйылтылған газ, мұнай және мұнай өнімдерінің бағасын нарықтық жағдайға байланысты белгілеуді жоспарлап отыр.

Энергетика министрлігі ішкі нарықта шикізат тауарларын сатуға арналған электрондық сауда алаңын құруды жоспарлайды. Жұмыс сұйылтылған газды сатудан басталмақ. 2017 жылы мекеме заңнамаға енгізілуі тиіс  түзетулерді дайындайды, ол шамамен жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. 2018 жылы сұйылтылған газ бойынша электрондық сауда-саттық басталады. Сатылымға шығарылатын өнім бірте-бірте ұлғайтыла береді.

«Біз сұйылтылған газ нарығын ырықтандырғымыз келеді, өнімнің бөлінуі барынша ашық түрде жүзеге асырылса дейміз. Осы бағытты байқап көргеннен кейін, біз барлық мұнай өнімдеріне ауысатын шығармыз», - деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

2019 жылды мұнай мен мұнай өнімдерін ішкі биржада сату жоспарлануда.

«Баға белгілеу (шикізат тауарларына – ескерт.) нарықтық негізде іске асырылады», - деді энергетика министрлігінің басшысы.

Бүгінгі күні Қазақстанның жанармай нарығын іс жүзінде мұнай өндіретін компаниялар субсидиялайды. ӨБК негізінде жұмыс істейтін Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ жобаларынан басқасының барлығы дерлік ішкі нарыққа мұнайды экспорттық бағадан төмен бағамен жеткізеді. Мұнай мөлшеріне келер болсақ, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, компаниялар өндіретін мұнайдың шамамен 30% ішкі нарыққа жеткізіледі.

Соның салдарынан Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салудың күрт төмендегені байқалады. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтып өткендей, бүгінгі күні мұнай өндіру мөлшері барланған қорлардан асып түседі.

«Мұнай өндірісі ірі жобалардың есебінен (Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған) өсуде, ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз етіп отырған өзге кен өндірушілердің үлесі екпіндеп төмендеп келеді. Біздің бағалауымыз бойынша, қазір шамамен 38 млн тонна мұнай өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш бір жарым есеге қысқарады. Бұдан шығатын түйін: мұнай қорының орнын толтыруға компанияларда қаражат жоқ, олар бұрғылау және геологиялық барлау жұмыстарын тоқтатып қойды. Біз мұнайды экспортқа шығару қандай тартымды болса, ішкі нарыққа жеткізу де сондай болуы үшін ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне баға белгілеу, мұнай өнімдеріне салық салу саласында реформа жүргізуіміз керек», - деді ол abctv.kz-тің эфиріндегі «Байдильдинов. Мұнай» бағдарламасында.

Айта кетсек, электрондық саудаға өту және ішкі нарықтағы шикізат пен жанармайға нарықтық баға белгілеу 2025 жылдан бастап енгізілетін ЕАЭО мұнай мен мұнай өнімдеріне ортақ нарыққа өтуге дайындық кезеңі болмақ. 2016 жылдың жазында Еуразиялық экономикалық одақ елдері осындай тұжырымдама қабылдаған болатын. Одақтың биржалық тауар нарығы құрылып, мұнай және мұнай өнімдерінің сапа стандарттары бір ізге келтірілді деген болжам бар.

Құралай Әбілғазина 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу