Қазақстан нетто-экспортер деген мәртебеден уақытша айырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3038

Үкімет өңделмеген ірі қара мал терісін шетелге шығаруға шектеу қоймақшы.  

Қазақстан нетто-экспортер деген мәртебеден уақытша айырылады

Жыл сайын ел аумағынан 2,5 млн өңделмеген тері экспортқа заңсыз жөнелтіледі. Бұл – Қазақстандағы ірі қара мал терісінің 80%-ы.

Осыдан 5 ай бұрын мәжілісмен Владислав Косарев бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа депутаттық сауал жолдап, көлеңкелі кәсіпке тосқауыл қою қажеттігін айтты.

"Еліміздегі тері-былғары комбинаттары шикізат тапшылығын көріп жатыр. Салдарынан кәсіптері тұралап тұр. Мемлекетіміздің мүддесі мен ұлттық экономикасы зардап шегуде. Ірі қара малдың өңделмеген терісінің 1 тоннасына 500 еуро кедендік баж салығы салынады. Былтыр ірі қара мал терісінің заңсыз экспортынан Қазақстанның қазынасы 22,5 млн еуродан қағылды. 2,5 млн тері өз елімізде өңделіп, аяқ киім жасауға немесе басқа мақсатқа пайдаланылса, жоғарыда көрсетілген сома 1 млрд 875 млн еуроға жетер еді. Бұл – 2 млрд еуроға жуық ақша Қазақстан экономикасын айналып өтті деген сөз", – деп дабыл қақты депутат.

Халық қалаулысы Қазақстандағы ірі қара малдың өңделмеген терісі Қырғызстан арқылы контрабандалық жолмен Қытайға жеткізіліп жатқанын тілге тиек етіп, бұған құқық қорғау органдары тосқауыл қоюға тиіс екенін алға тартты.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин өзекті мәселе күн тәртібінен түспей тұрғанын сөз етіп, өзімізде өңделген және елімізден экспортқа шығарылған тері арасындағы алшақтық жер мен көктей екенін мойындады.

"Былтыр отандық кәсіпорындар 640 мың тері өңдеді. Ал экспортқа 920 мың өңделмеген тері шығарылды. Өңделмеген терінің заңсыз айналымын тыю мақсатында қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетіне, ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне кешенді тексеру жұмысын ұйымдастыру жүктелді. Бұған қоса инвестициялар және даму министрлігіне ел аумағынан тыс жерге өңделмеген ірі қара мал терісін шығармау шарасын қолдану тапсырылды", – деді бас прокурордың орынбасары.

Андрей Лукин сөз еткен шектеу шарасын инвестициялар және даму министрлігі 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың сәуіріне дейін қолданды. Шектеу қойылған уақытта былғары кәсіпорындарының қызметі қалпына келе бастады. Өндіріс қуаты мен аталмыш саланың отандық өндірістегі тиімділігі артты. Шектеу мерзімі аяқтала салысымен конрабанда қайта қанат жайды. Осыны назарға алған премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев былғары кәсіпорындарын қолдауға арналған ведомствоаралық комиссияның отырысында ел аумағынан өңделмеген ірі қара мал терісінің экспортына тыйым салуды енгізуді ұсынды. Ұсыныс құпталса Қазақстан нетто-экспортер деген мәртебеден уақытша айырылады. Есесіне, өңделмеген ірі қара мал терісі шетелге шықпайды. Тері бизнесіндегі ақша айналымы заңдастырылады. Ең бастысы тері илеп, былғары өндіру ісімен айналысатын отандық зауыттар мен комбинаттардың тамырына қан жүгіреді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу