Қазақстан ОПЕК-ті неге "лақтырып" кетті?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4611

Екі оттың ортасында қалған Бозымбаевқа екі міндеттеменің бірін тәрк етуге тура келді. 

Қазақстан ОПЕК-ті неге "лақтырып" кетті?

2016 жылдың желтоқсанында ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан жылдың ортасына дейін мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімге келген еді. Шілденің 1-нен бастап бұл келісімнің күші жойылмақ. Әзірге келісімді ұзарту туралы айтылып жатқанымен, ОПЕК+ елдері тарапынан ешқандай да нақты қадам жасалмай отыр. Егер келісім ары қарай созылмайтын болса, шикізат құны тағы да өткен жылдың соңындағы бағаға дейін, яғни барреліне 45-50 долларға дейін күрт төмендеп кетуі ықтимал.

Келісімге қарсы болған парсылар көзқарастарын өзгертіпті

Иранның мұнай министрі Бижан Намдар таяуда Мәскеуге барған сапарында ОПЕК+ елдерінің келісімі жылдың екінші жартысынан кейін де күшінде болуы мүмкін екенін айтты.

"Менің ойымша, ОПЕК мүшелері мен ұйымға кірмейтін экспорттаушы елдер келісімнің шартын жылдың екінші жартысынан кейін де өз күшінде сақтауға мүдделі болып отыр. Дегенмен, нақты шешімге келу үшін уақыт керек", – деді министр.

Иран осы келісімді созуға мүдделі ме деген сұраққа Бижан Зангане: "ОПЕК+ елдерінің барлығы бір ауыздан келісуі керек деп ойлаймын" деп жауап берді.

Саудия әзірге үнсіз

Өз кезегінде Сауд Арабиясы өндірісті азайту туралы келісімді ұзартуға асығар емес. Кеше журналистерге берген сұхбатында елдің энергетика министрі Халид әл-Фалих бұл туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді.

"ОПЕК+ келісімі қазір 100 пайызға орындалып қойды. Алайда келісімді ұзарту туралы ойласуға әлі ерте", - деді министр. Министрдің дәл осы сөзінен кейін Лондон қор биржасында Брент маркалы мұнай күрт арзандап, 55 доллардан төмен түсіп кетті. 

Сонымен қатар, бағаның құлдырауына екінші жағынан АҚШ тақтатас мұнайы өндірісінің артуы да себеп болған. Жалпы, ОПЕК+ келісімі жүзеге аса бастағаннан бері АҚШ энергетиктері жағдайды пайдаланып, өндіріске қарқын бергені белгілі. Нарықтағы ұсыныстың сұраныстан артып кеткендігінен бағаның төмендеуін байқаған ОПЕК+ елдері тапшылықты қолдан жасауға келіскенде, келісімге араласпаған АҚШ босап қалған нарықты жаулай бастады. Сарапшылардың пікірінше, ОПЕК+ келісімді толығымен орындағанына қарамастан бағаның айтарлықтай көтерілмеуіне дәл осы АҚШ энергетиктері кінәлі дегенді айтады. 

Ойдағы орындалмаса да, ОПЕК оптимистік көзқараста

ОПЕК+ келісіміне қол қойылғаннан кейін шикізат құны барреліне 55-60 доллар айналасында болады деп күтілген еді. Дегенмен, АҚШ тақтатас мұнайының көбейгенінен болар, баға ОПЕК күткендегідей болмай шықты. "Келісім жылдың екінші жартысында да өз күшінде қалады екен", "АҚШ Солтүстік Кореяға зымыран соққыларын жасайды-мыс" деген алып-қашпа әңгімелерден туындайтын жанама факторлардың ықпалымен бағаның 56 долларға дейін жеткені болмаса, мұнай құны негізінен 55 доллар айналасында ғана сақталуда.

Дей тұрғанымен, бірер апта бұрын Кувейтте ОПЕК+ елдері комитетінің мұнай өндірісі көлемін қысқарту туралы келісімнің орындалуын бақылау жұмысының отырысы өтіп, онда ОПЕК бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо келісімнің орындалу кестесіне көңілі толатынын айтқан еді.

"2016 жылдың соңында қабылданған ОПЕК ұйымына мүше және оған кірмейтін мемлекеттердің мұнай өндірісін азайту туралы келісімі жылдың екінші жартысынан бастап созылатын болса, мұнай бағасы 60 доллардан асып кетуі ғажап емес", – деп мәлімдеді Citigroup сарапшылар таяуда мұнай нарығына жасаған сараптамасының қорытындысын жариялап.

Олардың пікірінше, 2017 жылдың төртінші маусымында WTI маркалы мұнай 62 долларға, Брент бағасы 65 долларға жетеді. Бұл қазіргі бағадан 10 долларға артық.

Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай...

Қазақстанға келер болсақ, ОПЕК+ алдында мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге азайту туралы міндеттеме алған энергетика министрі Қанат Бозымбаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан басқаша тапсырма алды. Президент оған Қашағанның іске қосылуы мен Теңіз кен орнындағы өндірістің күшеюін пайдалана отырып, Қазақстанның мұнай экспортын еселеп арттыруға тапсырма берді. Осылайша екі оттың ортасында қалған Бозымбаевқа екі міндеттеменің бірін тәрк етуге тура келді. 

Нәтижесінде, ОПЕК+ шартын сөз жүзінде қалдырып, өндіріске қарқын берген. Салдарынан Халықаралық энергетикалық агенттік Қазақстанның мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша ОПЕК алдындағы өз міндеттемесін орындамағанын мәлімдеді.

Құжатта айтылғандай, Қазақстан қазіргі таңда 2016 жылдың қазанымен салыстырғанда тәулігіне 20 мың баррельге азайтуға тиіс болғанымен, іс жүзінде 80 мың баррель көбейтіп жіберген.

"Қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мұнай мен конденсат өндірісін тәулігіне 40 мыңға арттырып, тәулігіне 1,7 млн баррельге жеткізді. Оған Қашағанның іске қосылуы түрткі болды. Нақтырақ айтар болсақ, Қашаған кен орны қосылғаннан кейін бес ай ішінде өндіріс көлемін тәулігіне 170 мың баррельге жеткізген.  Алдын ала есептеу бойынша, бұл көрсеткіш 2018 жылға қарай 360 мың баррельге дейін ұлғаймақ", – делінген есепте.

Бұл туралы кеше үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында министр мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп бергендей болды.

"Қазақстанның ОПЕК алдындағы міндеттемесі бойынша, ай сайын белгілі бір көлемде азайтып отыру керек емес, тек жарты жылда көрсетілген көрсеткішке төмендетсек болғаны. Нақтырақ айтар болсақ, 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 1,7 млн баррельден асырмасақ болғаны. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20 мың баррельге төмен", - деді министр. 

Оның айтуынша, қаңтарда өндіріс тәулігіне 30 мың баррельге дейін азайса, ақпанда керісінше, көбейіп кеткен. Ал наурыз айында көрсеткіш 1,7 млн тоннадан асты.

"Мамырда өндірісті азайтамыз. Маусымда да азаю болады. Бәрі Қарашығанақ, Теңіз бен Қашағанға байланысты", - деді.

Бозымбаевтың айтуынша, ОПЕК-тің шартын орындамауға жыл мезгілі әсер еткен. Келісіммен келіскенде осы фактор ескерілді. Өйткені, Қазақстандағы ауа райына байланысты жазда өндіріс азаяды. 

Қалай дегенде де, Қазақстан бұл тұрғыда ұтпаса, ұтылып отырған жоқ. Өйткені, экспортты қалағанынша арттырып, ОПЕК+ келісімі арқасында көтерілген бағаның да өз игілігін көріп отыр. Әрине, ОПЕК ол үшін Қазақстанға нақты шара қолдана қоймас. Әрі кетсе, келесі жолы көбірек азайтуды міндеттер. Оны да уақытында, яғни 25 мамырда Венада өтетін отырыста көреміз.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу