Қазақстан Сирия қақпанына түсе ме?

Аскар Муминов Аскар Муминов
15340

Астана Сирия дағдарысын шешуге арналған мінсіз алаң деп танылды.

Қазақстан Сирия қақпанына түсе ме?

Астанада Сирия мәселесі жөнінде келіссөз жүргізу болашағы айқынырақ көріне бастады. 21 желтоқсанда Сирия оппозициясының "Мәскеу тобындағы" өкілі Кадри Джамиль 2017 жылдың қаңтарының екінші жартысында Астана Сирия дағдарысын шешуде маңызды рөл атқаруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұдан бұрын Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен Сириядағы қарама-қарсы тараптардың Астанада бейбіт келіссөз жүргізу ұсынысына келіскенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жаңа алаң Женева үлгісін толықтыруы тиіс, оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен және Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу кезінде бұл бастаманы қолдап, Астана келіссөз алаңы болуға дайын екенін растапты. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри телефонда әңгімелесу барысында Сириядағы жағдайды талқылаған және Сергей Лавров Дамаск пен Сирия оппозициясы өкілдерінің кездесуін Астанада ұйымдастыру туралы Қазақстанның ұсынысын алға тартқаны айтылады.

"САР үкіметі мен қарулы оппозиция жасағы арасында келісімге келуге және саяси реттеудің бастауы болатындай екі тараптың келіссөзін Астанада ұйымдастыру туралы Қазақстан ұсынысын қолдайтынын Лавров баса айтты. Бұл оппозиция эмигранттарының үзілді-кесілді талаптары салдарынан тұйыққа тірелген Женевадағы БҰҰ қанаты астында диалогты тездетуге ықпал етеді", – деп хабарлады Ресей СІМ.

Жайлы әрі мінсіз орын

БҰҰ бас хатшысының бұрынғы орынбасары, РФ Қоғамдық палатасы жанындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңес төрағасы Сергей Орджоникидзе осы тектес іс-шараларды өткізуге ең жайлы әрі мінсіз орын Қазақстан екенін мәлімдеді. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық тәжірибесі мол, ол халықаралық аренада да, ішкі саяси мәселелерді де реттеуге қабілетті екені белгілі. Сондықтан бұл мәселеде елбасымыздың рөлі үлкен болуы мүмкін екенін айтты ол.

Егер қаңтар айында Астанада келіссөз өткізілсе, бұл Сирия жанжалын реттеуге мүдделі ойыншылардың Қазақстандағы үшінші кездесуі болмақ. Алғашқы екеуі, кейбір қарама-қайшылықтың басын ашса да, іргелі мәселелерді шеше алмады. Алайда ендігі кездесуге сарапшылардың үміті зор. Мәселе мынада жатыр, осы жолы кездесуге тек ресми Сирия билігі мен оппозиция өкілдері ғана емес, сонымен қатар үш негізгі ойыншы – Ресей, Иран және Түркия да қатысады.

Қазақстан мүдделі тарап емес

Саясаттанушы Максим Крамаренконың ойынша, Сирия жанжалын реттеу келіссөзінде Қазақстанның бітімшіл ел болуы туралы шешім үш президенттің телефон әңгімесінен бұрын қабылданған. Себебі мұндай мәселе атүсті шешілмейді. Бұл мәселеде таңдаудың Астанаға түсуі жайшылық емес. Біріншіден, Қазақстанның жанжалға қатысы жоқ және ресми Сирия билігін немесе оппозицияны қолдап, ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Екіншіден, Қазақстан бір жағынан ЕАЭҚ пен ҰҚШҰ-да Ресейдің одақтасы болса, екінші жағынан түрік бірлестігі бойынша Түркияның одақтасы. Осыған сәйкес Мәскеу үшін де, Анкара үшін де Астана сенімге ие болған серіктес.

Үшіншіден, Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік тәжірибесі мол. Түркия президентінің кешірім сұраған хатын Ресей басшылығына жеткізуді мысалға алсақ болады. Бұл жай Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты бірден жақсартты.

Төртіншіден, Қазақстан өзі де бейбіт келіссөзге, бітімгер ел болуға мүдделі. Оның нәтижесінде Сириядағы азаматтық соғыс аяқталуы мүмкін. Бұл еліміздің беделін арттырып, өз қауіпсіздігіне қам жемеуін қамтамасыз етеді, себебі соғыс аяқталса, қазақ елінің азаматтарын тартып отырған лаңкестіктің ірі ошағы сөнеді деп қадап айтты Максим Крамаренко.

Алайда, оның айтуынша, осы келіссөздің бітіммен аяқталуына мүдделі емес күштер бар. Ол 19 желтоқсанда Анкарада Ресей елшісі Андрей Карловты өлтіру – осы күштердің бейбіт бітімгерлік үрдістерге террорлық әдістермен кедергі келтіретіні жайлы ескерту болғанын аңғарды.

"Мәскеу мен Анкара арасындағы "түрік ағымы" туралы келісімін бекіту үрдісі Түркия мен Ресейдің Сириядағы жанжалды тезірек тоқтатуға мүдделі екенін көрсетті. Сондықтан бұл келіссөз дәл қазір өзекті болып отыр, себебі Түрік және Ресей арасындағы қарым-қатынастың тұрақталуынан кейін көптеген экономикалық жоба қайта жаңғырды, бұл екі елдің одан әрі жақындасуына негіз болуы мүмкін. Сирия мәселесіне қатысты АҚШ-тың ұстанымын болжау әзірге қиын, себебі сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамп сайлауалды науқанында елінің Ресеймен қатар ланкестікпен күресу қажеттілігін айтса, екінші жағынан Американың сыртқы саясаты болжап болмайтын саясат болуы керек екенін айтқан. АҚШ-тың жаңа президенті Таяу Шығыста алғашқы қадамдарын жасағанда ғана болжам жасауға болады", – деп назар аударды Максим Крамаренко.

Бұрынғыдан да қызық болуы мүмкін

Ресей ғылым академиясының ғылыми қызметкері, саясаттанушы Александр Караваев Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама жасауы – халықаралық қауымдастыққа жаңалық емес екенін аңғарды. Қазақстанның халықаралық беделін арттыру жағынан алсақ, бұл жақсы, алайда нақты тиімділік жағынан алсақ, Астанадағы кездесулер Женевадағы немесе Украинаға қатысты Минскідегі келіссөз беретін нәтижеден әлдеқайда алыс.

"Астанада Сирияға қатысты кездесу 2015 жылдың мамыр айынан басталды. Бірақ оған қатысушылардың құрамы Асад басқарған оппозиция аясынан шыға алмады. Сондықтан мұндай үлгідегі кездесудің маңызы шығыс қауымдастығы үшін, оның ішінде Түркия үшін шамалы. Егер Назарбаевтың ендігі бастамасы аясында қатысушылардың құрамы өзгерсе, бұл әлдеқайда қызығырақ болайын деп тұр және елеулі нәтиже беріп, Анкараның да қызығушылығын оятар еді", – деп баса айтты Александр Караваев.

Сонымен қоса, Қазақстанның Сирияаралық келіссөзге қатысуы елдің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін деп ескертеді сарапшылар.

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев мынаған назар аударды. "Халықаралық аренада Қазақстан қандай ойыншы болады деген сұрақ туындайды. Тек қана бейбіт келісімге келу үшін алаң беру – бір мәселе, ал шиеленістен шығу жолын ұсынып жеке өзінің қатысуы – басқа мәселе. Көбінде Қазақстан тек қана алаң беріп, келіссөз жүргізуге мүмкіндік тудырады, мәселені шешуге нақты қадам ұсынбайды", – дейді ол.

Сондай-ақ Сирия жанжалына қатысы бар ойыншылардың көптігін де атап өтті сарапшы, себебі бұл екі қарсы күресуші тарап қайшылығының классикалық оқиғасы емес. Башар Асадтың билігі мен Сирияда ресми түрде оппозиция деп танылған радикал-исламшылдар тобы арасында Иран, Сауд Арабиясы, батыс елдері сияқты ірі әлемдік державалардың мүдделері бар. Сондай-ақ дәл осы Сирия жанжалы ДАИШ қуатының артуына себепші болды. Досым мырза мына маңызды мәселеге назар аударды, Қазақстан жанама түрде болсын Сирия мәселесіне қатыса отырып, ДАИШ жасағының қатарында әлемнің 70-тен астам елінің азаматы соғысып жатқанын және радикалдардың Астанаға қатысты реакциясы әртүрлі болуы мүмкін екенін есте ұстағаны абзал. Ол ДАИШ-тың қолтаңбасы білінген Австарлиядағы, Франциядағы ланкестік актілерді еске алды, бұл актілердің негізгі себептерінің бірі – батыс елдерінің Сирия соғысына қатысқаны үшін өш алуы болды. Ланкестік қауіп-қатер өршіп тұрған кезде бұл үдеріске қатысу өте қауіпті деп есептейді саясаттанушы. Ол ланкестік белсенділік өршуі мүмкін ошақтардың тізімін келтірді. Бұл – солтүстік кавказдың бандиттік ұйымы, түрікмен-ауған шекарасы, Каспий аймағы, Синьцзян-ұйғыр автономиялық округі.

Жинақталған тәжірибе мол

Десе де, парламент депутаты Айқын Қоңыровтың ойынша, Қазақстан тәуелсіз төреші ретінде тиісті деңгейдегі қауіпсіздік, қонақжайлылық пен елшілік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Оның үстіне Қазақстанның сыртқы саясаты әлем қауымдастығында беделге ие. Оның үстіне еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақсыз мүше болуы Сирияда бейбіт өмірді орнату бастамаларын қолдайды.

"Мен бұдан саяси пайдадан бөлек, экономикалық табысты да көріп отырмын. Яғни нарыққа Таяу Шығыстан келетін контрафактілік мұнай қысқарса, не тоқтатылса, бұл мұнай бағасының қымбаттауына себеп болады. Ал АҚШ-тың жаңа президентінің тобына қатысты айтарым, қорытынды шығаруға әлі ерте, себебі сайлауалды уәде көбінде уәде болып қалып жатады. Сириядағы соғыс барлық тарапты титықтатып жібергені шындық, бұл қалыс қалып жүрген ойыншыларды диалогқа қатысуға итермелейді. Сонда ғана Астанадағы келіссөзден жақсы нәтиже күтуге болады", – дейді Айқын Қоңыров.

Қазақстан қиын мәселені реттеуге әрдайым дайын және онысын бірнеше рет тәжірибеде дәлелдегенін аңғарды ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы сарапшы Григорий Трофимчук. Астана Сирия мәселесіне қатыспай тұра алмайды, себебі Таяу Шығыстағы соғыс барлығын да жанап өтеді, бірақ түрлі кезекте және әртүрлі деңгейде, ал ланкестермен күрес – Қазақстан кейінгі кезде бетпе-бет келіп жүрген мәселе, сондықтан ДАИШ тектес ұйымдарды басып жаншу өте маңызды.

"Астана Минск тәрізді маңызды келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Серіктестер мен одақтастардың ұсыныстары егжей-тегжейлі қарастырылуы шарт. Сирияға қатысты келіссөз жүргізгенде бұған Вашингтон қалай қарайды деген сұрақ амалсыз туындайды. Біріншіден, Вашингтон бір жыл болды келіссөз үдерісіне қалай қарайтынын өзі де білмейді, екіншіден, оны міндетті түрде келіссөзге қатысуға шақырады. Оның үстіне бұл мәселеде Анкараның ұстанымын ескеру қажет. Егер Түркия түрік әлемінің көшбасшысы ретінде Қазақстан алаңында келіссөз жүргізуге дайын болса, онда көп нәрсеге қол жетер еді. Түркиясыз бұл тақырыпта келісу барлық жағынан қауіпті. Сондықтан теориялық тұрғыдан барлығы да мүмкін. Ал бұл бастамаға діни радикалдардың реакциясына келер болсақ, олар онсыз да Қазақстан, Ресей, Әзірбайжанға және осы кеңістіктің өзге өкілдеріне жылы жүзбен қарап отырған жоқ. Сондықтан осы мәселеге Астананың қатыспауы ланкестердің бізге деген махаббатын арттырмайды. Ондай махаббат керек те емес", – дейді Григорий Трофимчук.

"Қазақстан жанжалдасушы тараптарға осындай қиын келіссөз кезінде жайлы жағдай жасай алады", – дейді сарапшы. Одан артығы керек те емес. Десе де Астанадағы келіссөз сәтті аяқталса, елдің деңгейі жаһандық деңгейде үстем болар еді және Вена мен Женева деңгейіндегі жаңа алаңға айналары сөзсіз.

"Ақ үйге жаңа Америка әкімшілігінің келуі, әлбетте, барлық әлемдік үдеріске, оның ішінде Сириядағы соғысқа әсер етеді. Бірақ олардың ұстанымын білдіргенше күтіп отыру өзге, үлкен мемлекеттер үшін АҚШ-қа тәуелділігін білдіреді. Оның үстіне, Дональд Трамп бұл мәселеге міндетті түрде араласады және соған қарай әрекет етеді", – деп баса назар аударды сарапшы.

Қазақстанның келіссөзге қатысты ұстанымы әлемге белгілі. 90-жылдары еліміз – Таулы Қарабақтағы жанжал ушыққан кезде Армения мен Әзірбайжанды татуластыруға септігі тиген елдердің бірі болды. Қазақстан Иран мен Пәкістан арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге үлес қосты. 2013 жылы Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздің екі кезеңі Алматыда өтті.

Айта кетейік, Сирия жанжалын шешуге қатысты Астанада қабылданған декларация бар, оны Сирия оппозициясының 27 мүшесінің 22-сі қолдаған болатын. Сол кезде Сирияның күрт қозғалысының өкілі Наби Сарбаст: "бұл – екі жақтың бір тоқтамға келіп құжат қабылдаған және сирия мәселесін одан әрі шешуге бағытталған негізгі қағиадаларын белгілей алған бірінші жағдай", – деп бағалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу