Қазақстанда Қытай телеарналары да тарала бастамақ

3351

Еліміз кіретін ШЫҰ аясында осындай келісім жасалыпты. 

Қазақстанда Қытай телеарналары да тарала бастамақ

Осыған орай, ел Үкіметінің арнайы қаулысының жобасы әзірленді.

"Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін", – делінген құжатта.

Бұл қаулы Премьер Асқар Мамин қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Келісімнің 4-бабына сәйкес, әрбір мемлекет мәселен, Қазақстан екінші мүше мемлекеттің, соның ішінде Қытайдың "заңды негізде таратылатын теле және радиобағдарламаларын, хабарларын өз аумағында трансляциялауға", сонымен қатар қытайлық редакциялардың заңды негіздерде материалдар мен хабарламаларды беруіне жәрдем көрсетуге міндеттеме алады.

Әділдік үшін айта кетелік, бұл құжатқа Қазақстан мен ҚХР сыртында, Үндістан, Қырғызстан, Пәкістан Ислам республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан да қол қойған.

Дегенмен Ресей телеарналары онсыз да біздің ақпарат кеңістігінде үстемдік етеді.

"Bollywood", "Индия ТВ", "Индийское кино" секілді үнді телеарналары отандық кабельді және спутниктік арналарда бұрыннан көрсетіліп келеді.

Ал дініміз бір Пәкістан, көрші Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арналарының кең таралуы сонша қорқыныш туғызбайды.

Айта кету керек, кезінде ТМД аясында осыған ұқсас келісім бекіту нәтижесінде, ресейлік арналардың басымдыққа ие болуына жол ашылған. Тіпті "1 канал", "Россия 24", "Мир", "Россия-Культура", "Карусель" және басқа толып жатқан телеарналары елімізге қаулап енді. Олардың кейбірі тіпті Қазақстанның бүкіл өңірінде барлық операторлар, соның ішінде "Отау ТВ" ұлттық цифрлық телевизиясы көрсетуі міндет телеарналар пакетіне кіреді.   

Уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан Қытайдың және осында аттары аталған басқа да мемлекеттердің тілшілерінің елімізде ақпарат жинауына бөгет бола алмайды, керісінше соған жан-жақты көмек көрсетуі – міндет.

"Тараптардың әрқайсысы өзара негізде басқа тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының аккредиттелген өкілдеріне іскерлік байланыстар орнату мен ақпараттық материалдарды, телевизиялық репортаждарды және т.б. дайындауды қоса алғанда, өздерінің кәсіби міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдайлар жасауға жәрдем көрсетеді. Олардың БАҚ редакцияларының корреспонденттік пункттерінің қызметіне жәрдем көрсетеді", – дейді келісім.

ШЫҰ-ға мүше елдердің әрқайсысы осы келісімнің талаптарын іске асыруға жауапты өз мемлекетінің құзыретті органын тағайындайды.

Егер БАҚ саласындағы ынтымақтастық елдердің біріне ұнамай қалса, ол бойын аулақ сала алады. Кейбір елдердің сұрауымен тиісті бап та енгізіліпті: "Тараптардың әрқайсысы болжамды шығу күніне дейін кемінде 90 күн бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша нысанда хабарлама жібере отырып, осы келісімнен шыға алады. Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде осындай ниет туралы басқа тараптарға хабарлайды".

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы келісімнің депозитарийі болып табылады.

Келісім орыс және қытай тілдерінде жасалды әрі "екі мәтіннің де күші бірдей" екені нақты көрсетілген.

Мұндай уағдаластық ШЫҰ-ға кіретін мемлекеттер халықтарының өмірі туралы өзара білімдерін одан әрі тереңдету мақсатында бекітіліп отырғаны айтылады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстанда шығыс көршінің "CNS" және "Синьхуа" ақпарат агенттіктерінің, "Жэньминь Жибао" газетінің, "Қытай халықаралық радиосы" радиокомпаниясының тілшілер тобы аккредиттелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу