Қазақстанда POS-терминалдар монополиясына соққы жасалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5117

Саудагерлер, таксистер және басқа да кәсіпкерлер POS-терминалға шығын шығарудан құтылуы мүмкін.

Қазақстанда POS-терминалдар монополиясына соққы жасалды

Келесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық кәсіпкерлер чек беретін құрылғы сатып алып, қызметінде қолдануға міндеттеледі. Ұлттық банктің дерегінше, қазіргі кезде бүкіл еліміз бойынша небәрі 144,8 мың POS-терминал ғана жұмыс жасайды. Ал жаңа өзгерістер 1 миллион 231 мың 520 кәсіпкерді қамтымақ.

Бұл ретте мұндай аппарат арзан тұрмайтыны, оның үстіне оған қызмет көрсету үшін ұдайы комиссия төлеп тұруға тура келетіні мәлім.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәлімдеуінше, бүгінде қымбат POS-терминалдарға балама табылып отыр. Нақтырақ айтсақ, QR-технологиялар негізіндегі мобильді төлем қосымшасы бірқатар бизнесмендерге мемлекет талап етіп отырған әлгіндей құрылғыдан үнем жасауға мүмкіндік бермек. 

"Бұл төлем жасау тәсілінің қағидаты қарапайым: сатып алушы смартфонының камерасы арқылы QR-кодты сканерлейді, содан кейін тауар не қызмет құнын өтеу үшін қажетті соманы тереді де, қаражатты push-төлем форматында аударады", – деген Ұлттық палата мұндай технологиялар мысалы, қостанайлық кәсіпкерлерге ұсынылып жатқанын хабарлады. Астана мен Алматыда автобуста жолақысын осындай қосымша арқылы төлеп жүрген жұрт бұл тәсілді жақсы біледі.

"Бұл мобильді қосымшаның пайдаланушысына айналу үшін кәсіпкер банкімізге келіп, транзакциялық бизнес бөліміне жүгінуі керек. Ол өтінішті толтырғаннан кейін оған арналып, банктік есеп-шот ашылады. Содан соң, ол эквайрингтік қызметке қосылу туралы бізбен келісімшарт бекітеді", – деп түсіндіреді "Халық банкінің" қостанайлық филиалының бөлім бастығы Ғабит Бейісов.

Бірақ бұл тәсіл әрине, алдынан көп клиент өтетін кәсіпкерлерге жарамайды: терминал төлемнің өткенін лезде көрсетеді, ал QR-кодты сканерлеу, аудару үдерістері біраз минутқа созылуы мүмкін.

Сондықтан маманның байламынша, мобильді қосымша әсіресе, базардағы саудагерлер, таксистер, автожуу иелері және басқа да ұсақ кәсіпкерлер үшін қолайлы болмақ. Оларға қымбат POS-терминал сатып алу және оған қызмет көрсету ақысын төлеу тиімсіз.

Ғабит Бейісовтың айтуынша, ұсақ бизнесте қолма-қолсыз төлемдерді қабылдау шығындарын 60%-ға азайту мүмкіндігі пайда болады.

Дегенмен, сарапшылардың мәліметінше, КҰП ұсынып отырған қосымша "Қазкомның" меншігі көрінеді, оны кейін "Халық банкі" "Қазкоммен" бірге басыбайлы сатып алған. Тиісінше, бұл қосымшада тек осы банктің клиенттері – Halyk bank карталарының  иелері ғана QR-код көмегімен қызмет пен тауарды сатып ала алады. Оның өзінде клиенттің смартфонына "Homebank" немесе "Мой Beeline" қосымшалары жүктелген болуы шарт.

Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы жалпы, идеяны қолдайды және пос-терминал сатып алуға мәжбүрлемей, QR-код негізіндегі мобильді төлем жасауға мүмкіндік беру – бизнесті ашық, мөлдір жүргізудің қосымша жақсы құралы екендігіне сенімді. Бірақ әзірге жаппай енгізбес бұрын, оны пайдаланудың қыр-сырын өңірлік мемлекеттік кірістер департаментімен бірге талқылауда.

Қазіргі кезде жалғыз бұл емес, өзге банктер де QR-код негізінде төлем жасау қосымшаларын енгізуде. Мәселен, "Каспи банкі" қызметкерлерінің түсіндіруінше, кәсіпкер төл "Kaspi QR"-ын алу үшін алдымен осы банктің мобильді қосымшасында тіркеуден немесе авторизациялаудан өтуі керек.

"Содан кейін Kaspi QR сервисін ашыңыз да "Менің QR-ым" бөлімін таңдаңыз, сонда сіздің QR-кодыңыз смартфоныңыздың экранында пайда болады. Ал егер сіз QR-код арқылы тауар үшін төлем жасағыңыз келсе, "Kaspi QR"-дағы "Төлем жасау" бөліміне өтуіңіз қажет, сонда экранда төлем төлеуге арналған QR-код пайда болады. Осы кодты кассада көрсетуіңіз керек, сонда сатушы оны сканерлеп алады. Содан соң сатып алғаныңызды өз телефоныңыздың экранында растайсыз. Сонымен болды", – дейді банк кеңесшісі.

Мамандар алдағы жылдан бастап, QR-кодтар қазақстандық кәсіпкерлер ортасында POS-терминалдармен бәсекелесе бастайтынына сенімді. Visa жаһандық төлем жүйесі өкілдерінің пікірінше, мұндай сервистер тұтынушылардың өз бетімен тезірек төлем жасауға жол ашады. Бизнесмендер осы технология арқылы аталған сервиске қосылған клиенттерінен әлемнің кез келген елінен кез келген уақытта төлем қабылдай алады.

Бірақ бұл технология POS-терминалды толық ауыстыра алмайды: айналымы үлкен, төлемдері ауқымды орта және ірі бизнес ары қарай да соған тәуелді болып қала бермек.

Қазақстанда бұл технология жаппай енгізілуі үшін заңнамаға QR-технологияларды пайдалануға қатысты түзетулер енгізілуі шарт.

Бұған қоса, қазақстандықтардың 60%-ынан астамы ғана смартфондарды қолданады. Қалғаны не кнопкалы ұялы телефондарды пайдаланады не қалтафоннан мүлдем тәуелсіз. Демек, олар сайып келгенде, QR-жүйесінен тыс қалады. Бұған интернеттің барлық жерде бірдей жүйрік еместігі қосылады.

Рас, бұл мәселені шешу үшін мамандар QR-кодты USSD-код көмегімен қарапайым кнопкалы телефоннан жіберу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл тәсіл қанша бірлік қалғанын білу үшін баланстың жай-күйіне тапсырыс жасағанға ұқсас келеді. Қалай болғанда, кәсіпкерлердің бір бөлігі үшін пос-терминалдар монополиясы аяқталғаны анық болып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу