Қазақстанда сақтандырудың жаңа түрі енгізілмек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2727

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, "адвокаттың кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру" енгізіледі.

Қазақстанда сақтандырудың жаңа түрі енгізілмек

Қазақстанда сақтандырудың жаңа түрі пайда болады және ол жаңа заңмен бекітілмек. 

Осыны қарастыратын "Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек туралы" жаңа заң жобасы әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, бекітілді. Жиын барысында, жаңа құжаттың тұжырымдамасын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес-қауымдастықтың өкілдері талқылады.

Тұжырымдама адвокаттық қызмет жүйесін жетілдіруді көздейді, яғни адвокаттар тапшылығы мәселесін шешуге арналған. Мәселен, қорғаушы мамандығына қолжетімділікті жеңілдету үшін "адвокаттар алқасына кіру жарналарынан" (вступительные взносы) бас тарту көзделуде.

Әділет министрлігінің ұстанымынша, осы жарналардың аса қомақты болуы – 800 мың теңгеге дейін баруы адвокаттық қызметті бастауға кедергі келтіретін, тежейтін факторлардың бірі болып отыр.

Ведомствоның хабарлауынша, мәселен, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясы бар 12 мың 500-ден астам қазақстандықтың шын мәнінде тек 37%-ы қорғаушы болып жұмыс жасайды. Соңғы төрт жылда адвокаттар саны небары 300 адамға ғана көбейген.

"Кіру жарнасын жинауға тыйым салу адвокаттар санын көбейтуге, олар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді және оларды өздерінің кәсіби деңгейін арттыруға ынталандырады" деп мәлімдеді әділет министрлігі.

Жалпы, Қазақстанда 4 мыңдай адвокат тіркелген. Олар Республикалық адвокаттар алқасына және 16 өңірлік алқаға кіреді.

"Бүгінде Қазақстанда адвокаттардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Олардың қазіргі саны азаматтарға заңгерлік көмекті толыққанды қолжетімді ету үшін жеткіліксіз. Қазақстанда орташа алғанда 3900 азаматқа 1 адвокаттан келеді. Мысалы, Италияда бұл көрсеткіш 260 азаматты, Германия мен Англияда тиісінше 500 және 900 адамды құрайды. Адвокаттардың жетіспеушілігі проблемасын Жоғарғы сот та көтеруде: бір судьяға бізде 2 адвокаттан да келмейді. Еуропада бұл көрсеткіш орташа есеппен 3-5-ке дейін барады", – дейді әділет министрі.

Әрине, кіру жарнасын жоюға адвокаттар алқалары қарсы шықты. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел өздерінің бюджеттен қаржы алмайтындарын, осы жарна арқасында алқаларды ғимарат, орын-жайлармен қамтамасыз етіп отырғандарын алға тартады. Ол осындай жарна жинау заңнамада бекітілген үш-төрт жылдан бері сол қаражаттар арқасында барлық өңірлерде адвокаттар алқасы үшін орынжайлар сатып алынғанын хабарлады.

Сонымен бірге Әнуар Түгел кіру жарналарын екінің бірі көтере алмайтыны жөніндегі байламмен келісті. Бұл жерде жастарға жарнаны кейін төлеуге мүмкіндік беріліпті. Ауылда тағылымдамадан өткісі келетіндер кіру жарнасынан босатылған.

Заң жобасында Pro bono тәжірибесін енгізу, яғни халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету секілді ізгі тәжірибе өмірге жолдама алмақ. Ол үшін адвокаттарға жылына белгілі бір сағаттардың тегін заң көмегін беру құқығын беру ұсынылады. Сонымен қатар, осындай қызметтерді көрсетудің ең аз көлемі мен тәртібі адвокаттардың, заңгерлердің өзімен, өзін өзі реттейтін ұйымдар, кәсіби қауымдастықтар және тағы басқалар атынан реттелуге тиіс.

Жеке тәжірибешілердің құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтау және заңды түрде белгілеу ұсынылады. Сондай-ақ, өзін өзі реттейтін ұйымдарды адвокаттық палаталар түрінде құру жоспарланып отыр, онда мүшелігі сотқа өкілдік ету түрінде заңгерлік көмек көрсететін жеке тұлғалар үшін, сондай-ақ заңгерлік кеңес беретін адвокаттар өз еркімен заң кеңесшілерінің палатасына кіруге құқылы.

Жаңа заңда мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек көрсетудің жалпы шарттары мен тәртібін реттеу, оның ішінде мемлекетпен кепілдендірілген құқықтық көмек көрсету субъектілерін, оны алуға құқығы бар адамдарды анықтау және басқа да жаңашылдықтар бар.

Жалпы алғанда, заң жобаларының тұжырымдамалары азаматтарға қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

Жаңа заң арқылы ел үкіметі саладағы ағымдағы заманауи қатынастарды реттеп қана қоймай, заңгерлік нарықтың болашақ дамуымен байланысты міндеттерді орындауды мақсат тұтуда.

Әділет министрі Марат Бекетаев жаңа заң арқылы қазақстандық заңгерлердің "клиентке бағдарланушылығын" қамтамасыз ету тетіктері жаңартылатынын" мәлімдеді.

Бұған қол жеткізу үшін осы құжат арқылы бірқатар жаңашылдықтар өмірге жолдама алмақ.

Біріншіден, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, "адвокаттың кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру" енгізіледі. Мұның нарықта бар өзгелерінен айырмашылығы сол, бұл міндетті сақтандырудың талаптары, түрлері мен типтік шарттары екі жақтың өзара келісімімен емес, заңнамалық актілермен бекітіледі.

Министр дәл осындай адвокаттар жауапкершілігін сақтандыру әлемдік практикада, мысалы, Германия мен Францияда барлығын алға тартады.

Атап айтқанда, Францияда 1991 жылдан бері "Адвокат кәсібін ұйымдастыру туралы" заңы жұмыс жасайды және ол осы мамандық иелерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыруды көздейді. Бұл елде әрбір қорғаушы өзінің көрсететін қызметінің сапалы әрі жауапты болатынына кепілдік ретінде жыл сайын 2 миллион франк көлемінде сақтандыру сомасын енгізуі заңмен бекітілген, қазір бұл 300 мың еуроға тең.

АҚШ-тың 52 штаты осы салада төл сақтандыру жүйесіне ие. Бұл ретте негізінен "жеке сақтандыру" моделі басым. Тек Орегон штатында ғана ұжымдық сақтандыру жұмыс жасайды.

Посткеңестік кеңістікте Грузияда әрбір адвокат өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға міндетті. Егер ол адвокат заңға қайшы тірлікке барса, онда сақтандыру қаржылары оның клиентінің материалдық шығынын өтеуге жұмсалады. Эстонияда да жауапкершілікті сақтандыру қорғаушы кәсібін таңдағандарға міндетті болып табылады.

Екіншіден, probono негізінде заңгерлік көмекті тегін көрсету жүйесі енді Қазақстанда да ендіріледі. Бұл ретте "probono" латын тілінен "қоғамның игілігі үшін" деп аударылады.

Заң жобасында бұл институт халықаралық тәжірибенің, дәлірек айтқанда, АҚШ, Англия, Аустралия, Франция, Нидерланды секілді елдердің тәжірибесін ескере отырып, модернизацияланыпты және заңдық айналымға "кешенді әлеуметтік заңгерлік көмек" ретінде енетін болады.

Бұл ретте probono қызметі міндет емес, тек құқық болып табылады және оны іске асыруға бірде бір адвокат мәжбүрлендірілмеуге тиіс.

Түсіндіре кетер жайт, Қазақстанда нотариустар халыққа тегін құқықтық кеңес бергені үшін ақы алмайды. Ал адвокаттар керісінше, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесінің негізгі қатысушылары болып табылады және тегін қорғау қызметі үшін бюджеттен ақы алады. Жыл сайын бюджет есебінен тегін адвокаттық көмекті шамамен 150 мың адам алады екен. Былтыр осы мақсатта 1 миллиард 200 миллион теңге бюджеттен бөлінген, бірақ ол жетпей қалып, бюджетті нақтылау кезінде ел қазынасынан қосымша қаражат бөлуге тура келіпті.

Марат Бекетаев бюджеттен берілген барлық қаржыны адвокаттардың игергенін айтады. Бұл жерде тек айыпталушылар ғана емес, ақшасы болмай жатса, қылмыскердің жәбірленушілері де тегін қорғаушыдан үміттене алады. Яғни, адвокат оларға тегін көмек көрсетеді, бірақ бұл көмек үшін мемлекет төлеуі керек.

Мемлекет енді "кешенді әлеуметтік заңгерлік көмек" арқылы осы шығынның да бір бөлігінен құтылудың қамын жасауда. Басқаша айтқанда, жаңа заң қабылданғаннан кейін осы "Probono" жүйесі бойынша қазақстандық адвокаттар да бір жыл ішінде белгілі бір сағаттар бойы азаматтарға бюджеттік өтемақысыз, тегін заңгерлік көмек көрсетуі парыз.

Егер ол міндетті болмаса, қай адвокат тегінен тегін сотта қорғау қызметіне уақыт шығындайды? Әділет министрінің айтуынша, бұл – дамыған мемлекеттерде қорғаушының беделінің бір құраушы болып табылады.

"Адвокатура саласы да әлеуметтік жауапкершілігін паш етуі қажет. Шетелде қоғам өкілдерін тегін әрі табысты қорғайтын адвокаттар сол қоғамда үлкен беделге ие болады. Бұл – оның жарнамасы және жаңа клиенттерді тарту жолы саналады. "Біз онсыз да халыққа тегін заңгерлік кеңес береміз, ашық есік күндерін ұйымдастырамыз" дейді бізге адвокаттар. Бұл толыққанды Probono емес. Осы жүйе бойынша адвокат қорғауға зәру адамның ісін басынан аяғына дейін тегін жүргізеді. Бұл сізге "бір сағат кеңес беріп, кетіп қалу" емес. Адвокаттың ол іс аяқталғанша, клиентінен бас тартуға қақы жоқ" деген еді депутаттардың осы туралы сұрағына жауап берген Марат Бекетаев.

Тағы бір жайт, жаңа заң жобасы адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ережелерді жетілдіреді. Бұл ретте екі деңгейлі тәртіптік комиссия құру қарастырылады. Оның біріншісі – аумақтық адвокаттар алқасы деңгейінде жұмыс жасамақ. Екіншісі – республикалық алқа деңгейінде болады және оның құрамына 6 беделді адвокат, 3 уәкілетті орган өкілі және 3 отставкадағы судья кірмек.

Тағы бір қызықты жаңалық бар: адвокаттарға өздері көрсететін заңгерлік көмек бойынша тарифтік кесте бекіту ұсынылады әрі ол кесте Франция, АҚШ, Германиядағыдай ашық жерде орналастырылуға тиісті. 

Мысалға, Францияда адвокаттың еңбекақысын алынған нәтижеге қарай белгілеуге тыйым салынады. Бұл ретте төлем көлемін істің күрделілігі, істің қоғамға танымалдығы, клиенттің мүліктік жағдайы анықтайды. Германияда 2004 жылдың 1 шілдесінен бастап, "Адвокаттардың сыйақысы туралы" заң күшіне енген және ол соған дейін болған Адвокаттардың сыйақысы туралы ережені алмастырды. Заңда көрсетілетін заңгерлік көмек үшін тарифтер бекітілген. Бұл ретте адвокаттарға клиентпен сыйақы туралы жеке келісім бекітуге ұлықсат етілген. Бірақ "табыс сыйақысын" төлеу туралы келісім жасасуға тыйым салынады.

Бұл заң жобасы біраз уақыттан соң, парламентке енгізілмек. Қорғаушыларға өз ұстанымдары мен қарсы ұсыныстарын сол жақта қорғауға тура келмек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу