Қазақстанда темекі алқаптарының аумағы қысқарып жатыр

4971

Темекі өндірушілер бизнесті электронды темекі өндірісіне бет бұра әртараптандыруды ойластырып жатыр.

Қазақстанда темекі алқаптарының аумағы қысқарып жатыр

ҚР ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша темекі егістіктерінің нақты аумағы 357 гектарды құрады. Салыстырмалы түрде 2012 жылы егістік аумағы 1275,1 гектарды құраған болатын. Осылайша соңғы төрт жыл ішінде темекі егістігінің аумағы 72%-ға, ал былтырғы жылы (2015 жылғы мәліметпен салыстырғанда) 22,5%-ға қысқарды.

Тілге тиек етсек, байқалып отырған қысқару Дүниежүзілік денсаулық сақтау қауымдастығының темекіге қарсы күрес жөніндегі Рама конвенциясының қағидаларына сәйкес келеді, Қазақстан 10 жыл қатарынан осы қауымдастықтың мүшесі болып табылады. Алайда статистикалық мәліметке көз салсақ, қызық қорытынды шығаруға болады: темекі өнімдерін өндіру көлемі қысқарғанына қарамастан, соңғы жылдары сатылған өнім көлемі ұлғая берген. Темекі бағасының қымбаттауы да бұған кедергі болмаған. 2016 жылы ҚР ішкі нарығында 26,7 млрд дана темекі сатылды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 9,8%-ға артық.

"Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 8-10 млрд дана темекі өнімі пайдаланылады, 2013-2015 жылдар аралығында пайдалану мөлшері жыл сайын шамамен 44%-ға артып отырды. Орташа есеппен 2015 жылы адам басына шаққанда 769 темекіден, немесе жылына 38 темекі қорабынан келді", – деп мәлім етті Алматы қаласы Аймақтық қаржылық орталығы рейтингілік агенттігінің сарапшысы Гаухар Шынкеева. Сарапшы темекі өнімдері сатылымының көбеюіне темекі шегушілер ме, жоқ әлде олардың темекі тарту көлемі ме, ненің себеп болып отырғанын анықтау мүмкін емес екенін айтады.

Ал темекі өнімдерінің өндірісіне келер болсақ, санға шаққанда 2012 жылдан бері ол шамамен 32,2%-ға төмендеді (2015 жылдың қорытындысы бойынша). Бірақ өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда темекі өнімдерінің өндірісі 0,8%-ға артты. ҚР ҰЭМ статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2015 жылдың қаңтарынан желтоқсан айына дейінгі аралықта 20,3 млрд темекі және оны алмастырушы өнім өндірілді.

Айта кету керек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша темекі өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындардың өндірістік қуаты тек 51%-ға ғана пайдаланылды. Гаухар Шынкееваның айтуынша, артық өндіру мәселесін темекі өнімдерін экспортқа шығару есебінен ғана шешуге болады. 2016 жылы Қазақстан 7,7 млрд шылымды экпорттады, бұл жалпы өндірістің 38,1%-ын құрайды.

"Темекі өнімдерінің 80-90%-ға жуығы ТМД елдеріне экпортталады, бірінші кезекте бұл Ресей Федерациясы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және басқалары. Қалған бөлігі әлемнің өзге елдеріне жөнелтіледі, оның негізгілері – Моңғолия мен Ауғанстан. Жоғары баж салығы, оған қоса  логистикалық жүйе ретке келмегендіктен алыс шетелге экспорттау әзірге мүмкін емес", – деді Гаухар Шынкеева.

Қазақстан нарығының шамамен 39,7%-ын құрайтын Japan Tobacco International компаниясының Қазақстандағы бөлімшесі Алматы облысындағы JTI фабрикасында өндірілген өнім Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Монғолияға экспортталатынын abctv.kz-ке мәлім етті.

Ал темекі және темекі өнімдерін импорттау мөлшері тұрақты түрде ұлғайып келеді. Тек 2015 жылы ғана темекі өнімдерін жеткізу көлемі 2,4%-ға сәл төмендеді, 2014 жылы 12,2 млрд дана шылым жеткізілсе, 2015 жылы 11,9 млрд данаға дейін қысқарды. Бұл теңгенің құбылмалы еркін айырбас бағамына өтудің салдары деп түсіндіреді сарапшы. 2016 жылы ҚР-ға 14,2 млрд дана темекі тасымалданды, бұл сатылған темекі өнімдерінің жалпы мөлшерінің 53,1%-ын құрады. Елімізге темекі өнімдері көбінесе ТМД елдерінен импортталады, импорттың жалпы көлемінің 70%-ға жуығы Ресей Федерациясының үлесінде.

Elim бизнес-шешімдер орталығының мамандары импорт пен экспорт көлемінің артуы темекі сұрыптарының сапасына байланысты дейді.

Темекі сапасына біраз тоқталып кетсек. Темекі егістіктері көлемінің қысқаруына байланысты жыл сайын темекі жапырақтарын жинау мөлшері де азайып келеді, ал бұл, өз кезегінде, шылымдағы темекінің құрамына әсер етті. Гаухар Шынкееваның айтуынша, бес жыл ішінде жиналған темекі мөлшері 50%-ға төмендеген (2016 жылы 1009,8 тоннаны құрады). Сарапшының сөзіне сенсек, 2012 жылы өзімізге өндірілген бір шылымдағы темекінің үлесі шамамен 0,1 г құраған, 2014 жылы 0,06 г болса, 2015 жылы 0,07 г дейін азайған.

Егістік аумақтарын одан әрі қысқарту, әлбетте, өндіріс көлеміне де әсер ете бастайды. 2017 жылы ол 17-18 млрд дана темекі өніміне дейін қысқаруы мүмкін деп есептейді Гаухар Шынкеева.

"Шамамен 10%-ға дейін қысқарады деген болжам бар, себебі өндірістің қысқаруы табыстың төмендеуіне әкеледі деген сөз, темекі өндірушілер бұған баруға дайын емес. Салыстырсақ, "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС мен "JTI Kazakhstan" ЖШС-ның темекі өнімдерін сатудан түсірген табысы  2015 жылдың қорытындысы бойынша 90,3 және 48,8 млрд теңгені құрады, ал 2014 жылы табыс 82,9 және 50,1 млрд теңгені құраған болатын", – деп сөзін жалғады сарапшы.

Айта кетсек, темекі егістіктері аумағын қысқарту өндірушілер үшін қалыптасқан үрдіс болып табылады. Сондай-ақ салық та тұрақты түрде көтеріліп келеді. 2016 жылмен салыстырғанда биыл ол 1000 дана шылым үшін 5000 теңгеден 6200 теңгеге дейін, яғни, 24%-ға артты. Алайда салықтың өсуі осымен тоқтамақ емес: 2018 жылы мөлшерлеме 7500 теңгеге дейін өссе, 2019 жылы 8700 теңгеге жетеді.

Дегенмен Қазақстанның ірі темекі өндірушілері – Philip Morris International және Japan Tobacco International трансұлттық компанияларының өңірлік бөлімшелері – контрабанданы азайту үшін ЕАЭО ішінде акцизделетін тауардың жеткізілуі мұқият тексерілсе мұндай салықтың өсімімен келісті.

"Салық темекі өнімдерінің айналымын реттеудің маңызды факторы болып табылады. Салықты көтеру үнемі екі негізгі мақсатқа жетуді көздейді – қазыналық, яғни бюджетті толтыру және денсаулық сақтау мақсатында темекі өнімдерінің қолжетімділігін азайту. "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС темекі өнімдеріне салынатын салықтың деңгейін жоспарлы түрде және кезең-кезеңмен көтеруді қолдайды, ол бір жағынан, мемлекетке жоғарыда аталған мақсатқа жетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, заңсыз сауда мен көлеңкелі темекі нарығының жолын кеседі", – деген пікір білдірді ФМҚ компаниясында.

Атап өтсек, трансұлттық компанияның екеуі де жұмыс шарттарының Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де одан әрі күшейтілуіне дайындалып отыр. Бизнесті әртараптандырудың  бір тәсілі ретінде қарапайым темекінің баламасы болып табылатын электрондық шылымдарды атауға болады. Бұл тауар Қазақстанда заңнамалық түрде ретттелмейді, аталған құралдар темекі өнімдеріне жатпайды, ал бұл өндірушілер мен темекі шегушілерге едәуір еркіндік береді.

Мысалға, 2015 жылы JTI компаниясы Америкадағы электрондық темекілердің жетекші бренді болып табылатын Logic-ті сатып алды. Шыны керек, Қазақстанда бұл өнім әзірге сатылмайды. Ал "Филип Моррис" болса электрондық темекіден ерекшеленетін IQOS жүйесіне ауысты: оның ерекшелігі темекіні отпен тұтатпай қыздырады, нәтижесінде темекі түтіні (аэрозоль) пайда болады. IQOS-тің алғашқы дүкені 2017  жылдың 16 қаңтарында Алматы қаласында ашылды.

"Жалпы еліміздегі электрондық шылымның нарықтық үлесі дәстүрлі темекімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Алайда шылым шегушілердің бұл өнімге деген қызығушылығы байқалуда. MASMI маркетингілік зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама мәліметтеріне сүйенсек, соңғы екі жылда электрондық шылымның нарықтық үлесі шамамен бес есеге өсті (2014 жылы 0,3% болса, 2016 жылы 1,4%-ға жетті). Қазақстандағы мұндай өсімге шылым шегушілердің инновациялық өнімдерге деген  қызығушылығы себеп болды", – деген пікір айтылды JTI-дың Қазақстандағы бөлімшесінде.

Ал "Филип Моррис болса" болашақта дәстүрлі темекі келмеске кетіп, оның орнын электрондық шылымдар басатынын жоққа шығармайды. Осылайша, Philip Morris International компаниясының басшысы Андре Калантзопулос тұтынушыларға инновациялық өнім кеңірек таратылса темекі компаниялары үкіметпен бірлесіп дәстүрлі темекіні нарықтан шығару кезеңін бастауға болатынына үміті бар екенін білдірді. Алайда оған қашан жететінімізді (жетеміз бе, жоқ па), уақыт көрсетеді.

Элина Гринштейн 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу