Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы әділетсіз тағайындалады

"Қала экономикасы институты" қорының сарапшылары осылай деді.

Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы әділетсіз тағайындалады

Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің өкілдері Өскеменге келіп, коммуналдық қызмет өкілдеріне коммуналдық тариф тағайындау саясатында болуы мүмкін өзгерістер туралы ақпар берді.

Олардың мәлімдеуінше, 2020 жылдан кейін бүкіл Қазақстан бойынша тариф тағайындау тәсілі өзгеруі мүмкін. Бүгінге дейін тариф қызмет көрсетуші компаниялардың шығынына сәйкес есептеліп келсе, келешекте ол коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. Мұндай тарифтің халықтың қалтасына қалай әсер ететінін әзірше жобаны ұсынушылардың өздері де білмейді.

Реформаны Еуропа даму және қайта құру банкі ұсынып отыр. Қаржы алпауыты елдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция салмақшы.

Комитет төрағасының орынбасары Асан Дарбаевтың айтуынша, инвестиция ұзақмерзімге төмен пайызбен берілген несие түрінде келеді. Қомақты қаржы желге ұшпас үшін еуропалық банк елдегі тариф жүйесіне реформа енгізіп, коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Бұл реформаның халыққа жағымды тұсы көрсетілетін қызмет сапасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Егер жылу немесе энергия беру қызметі нашарласа, компания айыппұл төлейді.

Жаңа тәсіл тарифті қазіргі мөлшерден көтеріп жіберген жағдайда әлеуметтің әлсіз тобына қандай көмек болуы мүмкін? Еуропа даму және қайта құру банкі бұл сұраққа да жауап дайындап қойыпты. Банк өкілі Ирина Генслер тариф реформасын енгізбес бұрын тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау ісіне төңкеріс жасау қажет екенін тілге тиек етті.  

"2008-2015 жылдар аралығында Қазақстан бойынша коммуналдық тарифтердің қарқынды өсуі байқалған. Ең қызығы өзгеріс барысында тұрғын үй жәрдемақысын алатындар саны азайып отырған. Қазір елдегі халықтың небары екі пайызы ғана аталмыш көмекті алады. Ал негізінде бұл көрсеткіш 7-10% көлемінде болуға тиіс. Мұны біз қазақстандықтардың коммуналдық шығындарын есептей отырып анықтадық", – деді банк өкілі. Оның айтуынша, аталмыш жәрдемақыны алушылардың басым бөлігі қаланың байырғы тұрғындары. Яғни пәтерді меншігіне жекешелендіру арқылы алғандар. Ал несиеге үй алып, пәтер жалдап жүргендерге жәрдемақы тағайындау заңда қарастырылмаған.

Ирина Генслер заңнамаға өзгеріс енгізіп, тұрғын үй жәрдемақысын мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына да тағайындауды ұсынды.

"Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы өте қысқамерзімге тағайындалады. Бірақ оны алушылардың әлеуметтік жағдайы сол қысқамерзімде жақсарып кетіп жатқан жоқ. Демек мерзім ұзаруға тиіс. Жәрдемақы мөлшерінің стандарты болуы керек. Қазір ол пәтердің аумағына қарай белгіленуде. Яғни кейбір адамдар тар баспанада қысылып өмір сүргеніне қарамастан, тиесілі жәрдемақыдан қағылып отыр, – деді сарапшы.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов тариф тағайындау тәртібін реформаламас бұрын әлсіз топтардың жағдайы ескерілетінін айтты. Әзірге жаңа тәсіл саралану үстінде. Ал Қостанай және Қызылорда облыстарында жаңа тәсілмен тариф орнату жүйесі сынақтан өтіп жатқан көрінеді. Оның нәтижесін білу үшін бес жыл күту қажет.

Еуропалық банк өкілдері дәл осындай ілкімді жобаны Өскемендегі "УК ТЕЦ" және "Өскемен жылу желілері" компанияларына енгізуді ұсынып отыр. Әкімдік өкілдері бұл ұсыныс әлі зерделеуді талап ететінін алға тартуда. Ал "Қала экономикасы институты" қорының сарапшылары Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы әділетсіз тағайындалатынын айтып отыр. Олардың мәлімдеуінше, бұл жерде қалыптасқан жүйе, қатқан тәртіп жоқ. 

Айта кетейік, "Тұрмыстық қатынастар туралы"  ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-1 заңына сәйкес тұрмысы төмен отбасыларға үйді күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтерді, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы төлеу үшін көмек көрсетіледі. Аталмыш көмек жергілікті бюджеттен елдімекендерде тұратын, тұрмысы төмен отбасыларға, оның ішінде, жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда тұратын немесе пәтер жалдаушыларға коммуналдық қызметтерді тұтынуға беріледі. Ол үшін жалданушы мен жалдаушының арасында келісімшарт болуы керек. Осы құжат негізінде жалдаушы тағайындалған тұрғын үй көмегін ала алады. Мұндай көмекке қаралған қаражат жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен тағайындалады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу