Қазақстандағы интернет-сауданың жайы мәз емес

7193

Ресейдің сауда компаниялары қазақстандық интернет-нарықты fashion-ритейлмен жаулап жатыр.  

Қазақстандағы интернет-сауданың жайы мәз емес

2017  жылы люкс сегментінің өкілдері белсенді болды. Бұл күтпеген жағдай еді, өйткені құны ортадан жоғары тауарды офлайн сатқан оңай. Дегенмен бәсекелестіктің басым бөлігі mass market-ке тиесілі.

Интернет-дүкендерді әзірлейтін Ilab компаниясы басшысының айтуынша, Ресейдің интернет-сегментінде бір жыл бойы қарқынды өсу болмаған. Сондықтан ресейлік компаниялар ЕАЭО-ға құрамындағы басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның нарығына кіруге тырысып бағуда. Тап қазіргі уақытта нарыққа kz доменімен жиырмаға жуық ресейлік компания шықты, оның көбісі Fashion сегментінде жұмыс істеп жатыр. Интернет-сауда нарығынан ресейліктердің алып отырған үлесі  ақшаға шаққанда шамамен 15%, оның ішінде Fashion сегменті 70%. Қазақстан интернет-бизнес қауымдастығының болжамы бойынша, 2017 жылы интернет-сауда нарығы 1,3-1,4 млрд доллар болады, яғни нарықтағы ресейлік компаниялардың үлесі орташа есеппен алғанда 195-210 млн долларға жетеді, бұл Fashion сегментінде 38,9-41,9 млрд теңге. Forbes.kz мәліметі бойынша, 2016 жылы тек бір Lamoda компаниясының жалпы пайдасы 38 млн доллар болған.

"Ресейден Қазақстанға келген е-commerce-жобалары өз нарығындағы барлық негізгі процестерді орындап, өзінің орны мен нарықтағы үлесін алу үшін біздің елге келген дайын инвестициялық ірі жоба. Компаниялар бастапқы кезде тек жеткізумен айналысқан, содан кейін жергілікті нарықта өкілдіктері мен үлестіретін орталықтарының хабын ашты", – деп түсіндірді  pinklabel.kz-тің маркетинг жөніндегі директоры Ольга Ли.

Оның айтуынша, франшизалық брендтер нарықтағы үлесін жоғалтып алған. Lamoda, Wildberries сияқты брендтер Ресейде үлкен көлемді сауданы іске асырады. Бұл компаниялар өзінің корпоративтік байланыстарының арқасында Қазақстанда тауарларын төмен бағада ұсынып жатыр, бұдан сатып алушылар ұтты, жергілікті кәсіпкерлер ұтылды. Сонымен қатар теңгенің құнсыздануы ресейлік интернет-дүкендердің тауарын біздің нарықта бәсекеге қабілетті етті.

Ilab компаниясының бас директоры Владимир Денисовтың сөзінше, қазақстандық сауда компанияларының ресейлік интернет-кеңістікте ұтылуына қызмет көрсету сапасының төмен болуы мен логистика проблемасы басты себеп болып отыр.

"Ресейде тапсырыс жасағанда, оны үлестіру желісі арқылы  дәл сол күні жеткізуге тырысады. Мәскеуде үлестіру сауда алаңдары мен қоймалардың есебінен курьерлік жеткізу арқылы үш-төрт сағат ішінде жасалады. Қазақстанда тауарды тапсырыс бергеннен соң бір күннен кейін әкелсе, соған қуанасың. Қазақстандық дүкендер бәсекеге қабілетті болу үшін клиентке бағдарланған болуы қажет", – деп түсіндірді ол.

Владимир Денисов ресейлік компаниялар бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленетінін атап көрсетті. Мысалы, егер клиент Lamoda компаниясынан аяқ-киім сатып алып, оның сапасы нашар болса, оны 30 күн ішінде қайтара алады. Сонымен бірге сатып алушыға керек аяқ киімді таңдап алу үшін бес аяқ-киім әкеледі. Осындай қызметті ұсыну арқылы ресейлік компаниялар клиенттерді тез тартады.

Интернет-сауда саласында басқару және сауда жөніндегі сарапшы Артем Кривцов e-commerce саласындағы білікті мамандардың дені ресейліктер екенін алға тартты. Сарапшы Қазақстан нарығында сайт жасау бойынша сапалы қызмет көрсете алатын компаниялар аз екеніне тоқталып, Қазақстан нарығы Ресей нарығынан кішкентай дегенді айтты.

"Мысалы, сіз киім сатқыңыз келді дейік, – деп түсіндірді Артем Кривцов. – Қытайлық жеткізушіге хабарласып, сіздің дүкеніңіз 17 млн халқы бар Қазақстанда орналасқанын және сіздің ықтимал клиенттеріңіз 1,7 млн адам екенін айттыңыз. Содан кейін ресейлік өкіл келіп 18 млн адамды, оған қоса Қазақстандағы 1,8 млн адамды қамтитынын айтады. Жеткізушіге кіммен жұмыс жасаған тиімді? Әрине, ресейлік бизнесменмен. Сондықтан көптеген ресейлік компаниялар Қазақстан нарығына шықты. Оған қоса, Еуразиялық одақ құрылды да, кедергілер жойылды".  

Ресейлік интернет-компаниялардың тағы бір басымдығы олар қосалқы құн салығын (ҚҚС) төлемейді. Владимир Денисовтың ойынша, интернет-кеңістікте нарықтың үлесін сақтап қалуға көмектесетін және ақшаны елде қалдыратын тиімді тәсіл – саудамен айналыстан қазақстандық интернет-компанияларды корпоративтік кіріс салығынан (ККС) босату болып табылады. Жаңа салық кодексі жобасында осындай түзету бар. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Руслан Даленов жаңа салық заңнамасын таныстыру барысында айтты. Оның айтуынша, интернет-бизнесте 5жыл жұмыс істеген компаниялар ККС-дан босатылады. Бұл электронды сауданы арттырады және оны заңды жолға қояды.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу