Қазақстандағы рушылдық пен білім саласындағы дағдарыс

2859

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Қазақстандағы рушылдық пен білім саласындағы дағдарыс Фото: sputniknews.kz

camonitor.kz: "Білім саласын дағдарыстан шығару үшін саяси ерік керек", деп жазады басылым. Мақала авторының хабарлауынша, жуырда осы саланың үздік мамандары мен сала жетекшілері арнайы бас қосып, мәселені талқылаған. Бір қарағанда өте жақсы ұйымдастырылған шара болғанымен, бұл жерге қатардағы мектеп ұстаздары шақырылмаған.

Мақала авторы Кенже Тәтиляның пікірінше, орта білім беру саласындағы мәселені қатардағы ұстаздар жақсы біледі. Сондықтан саладағы кемшіліктерді айту үшін ұстаздар қауымының пікірін оқырман назарына ұсынған.

"Педагогика саласының ардагері болғандықтан, Қазақстандағы білім саласында болып жатқан жағдайға алаңдаймын. Мектеп деген не? Бұл балаларға базалық білім беретін, өмірге үйрететін, ойлау мен шешім қабылдай білуді үйрететін жер. Сонымен қатар білім мен тәрбие бір-бірімен байланысты ұғым, себебі бала – таза ақ парақ секілді, не жазсаң, соны аласың. Қазіргі кезде біз өмірге бейімделмеген, ауылда жұмыс істегісі келмейтін, істей алмайтын ұрпақты тәрбиелеп отырмыз. Жоғары оқу орындарының жалған дипломдарын алып, заңгер, экономист болып мемлекеттік ұйымдар мен құқық қорғау органдарына барады. Дұрыс сөйлей алмайды, жаза алмайды, пікірін ортаға сала алмайды, шешім қабылдай алмайды. Жақсы дәрігер мен ұстаздар саны да аз. Ал қазіргі заман адамы жан-жақты болуға тиіс. Сондықтан оларды мектептен еңбекке баулу керек. Енді жағдай төмендей береді", – деп жазады ұстаз. 

Сол себепті мақала авторы орта білім саласындағы жағдайды ретке келтіретін уақыт жетті, енді саяси жігер көрсетіп, мәселені реттеу керек дегенді айтып отыр. Оның пікірінше, бұл оңай шаруа емес, алайда осы арқылы Қазақстан білім сапасы жақсы дамыған мемлекеттер қатарына қосыла алады. Себебі Қазақстан – дарынды адамдардың мекені.

platon.asia: Аталмыш басылым қазақи саяси рушылдық мәселесін көтерді. Басылым мақаласында қазақстандық қоғамның күллі әлеуметтік жүйесі трайбализмге батып қалған деп жазылған. Мемлекет тәуелсіздік алмай тұрғанда трайбализм деңгейі мұндай болған емес, қазіргі кезде ол күллі елді жайлап кеткен. Сол себепті де қазіргі режим руластардың қолдауы арқасында билікті "ұстап" отыр. Трайбализм жайында, әсіресе жоғарғы жақта айтқан әбестік болып саналады. Себебі билік элитасында руға бөліну жоқ деген парадигма бар. Ал, шын мәнінде, трайбалистік ресурс билік элитасының үйлесімді саяси өмірінің бөлігіне айналған.
"Ешкім бізде ортағасырлық трайбализм сақталған демейді. Алайда оның кейбір елесін кадрлық трайбализм барысында көріп қаламыз. Яғни бастықтың руластары кадр таңдау барысында айрықша құқықтарға ие болып, "жақсы" қызметке отыруы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі заман қазақтарының рушылдығы саясаттың сыртында да бар, яғни саяси билік өз ағалары мен руластарын ресурстармен қамтамасыз етеді. Сол себепті трайбализм орта ғасырдағыдай шектеулі ресурсты бөлісудің негізі болып отыр. Бұл қорларды игеру барысында "өзгелерден" бұрын "өз руластарына" сенген жөн",  – деп жазылған мақалада.

time.kz: Он жыл бұрын су астында қалған Қызылағаштың бүгінгі жағдайы қандай? Осы сұраққа жауап алу үшін басылым тілшілері Алматы облысында орналасқан ауылға барған, оқиға куәгерлерімен сұхбаттасқан.

Басылым тілшілерінің хабарлауынша, 10 жыл бұрын қирап жатқан Қызылағаштың келбеті мүлдем өзгерген. Жинақы түрде салынған үйлер бір сызықта тұр, бәрі бірдей.Үйлердің бірдей болғаны соншалық, алғашқы кезде жергілікті тұрғындар қателесіп, бір-бірінің үйіне кіріп кетіп жүрген. Ол кезде ауыл тұрғындарына күллі Қазақстан көмектескен болатын.
"Апаттан кейін бірнеше күн өткен соң, Қызылағашқа алғаш келген едім. Белгілі болғандай: наурыздың 12-іне қараған түні Қызылағаш ауылының маңындағы бөгетті су бұзып кетті. Миллиондаған текше метр су төменге лықсып, мұз бен тас, лай мен балшық араласқан лас су ауылды жайпап өтті. Үйлердің бәрі бір сәтте су астында қалды... Қайтыс болған 26 жасар қыздың денесі бір ай өткен соң ғана табылды. Іздеу шаралары нәтижесінде 22 ер азамат, 23 әйел және 10 ұл мен 5 қыздың мәйіті табылған болатын", – деп жазады басылым тілшісі.

Қазіргі кезде 12 наурыз күні болған оқиғаны арнайы салынған мемориал еске түсіреді. Онда талдың түбінде бала құшақтап отырған әйелдің бейнесі бар. Ескерткіштің бұл орынға салынуы да тегін емес. Дәл осы жерде Машаевтардың үйі болған екен. Алапат тасқын дәл осы жерді басып өтіп, үй тып-типыл болып, бір отбасы түгел дерлік қайтыс болды. Гүлбаршын Машаева мен оның үш баласы және ата-анасы қаза тапты, тек 16 жасар қызы сумен ағып барып, ауладағы қара ағашқа жабысып аман қалған. Тасқыннан кейін, осы маңнан Гүлбаршынның жансыз денесі табылды, ол бір жарым жасар сәбиін құшақтап жатыр екен...

Fergana.agency: "Онкологиялық ауруға шалдыққан Қазақстан оқушысы Израилде жасалатын отаға керек ақшаны нан пісіріп тауып жатыр", деп жазды басылым. 14 жасар Карина Мингалеева Алматыда тұрады. Ол он жылдан бері рак ауруымен күресіп келеді, оған дәрігерлер ота жасап, сүйек майын ауыстырған. Алайда дерттің жазылар түрі жоқ. Сол себепті келесі отаға ақша табу үшін жасөспірім ата-анасына көмектесуді көздеген.

Ата-анасына көмектесу үшін ол тәтті нан пісіріп ақша табуды мақсат еткен. Басылымның хабарлауынша, жаңа бизнестің жарнамасын әлеуметтік желілерге салған, сөйтіп Каринаның ісі алға жылжи бастаған.

"Піспенанның бір порциясы 1,3 доллар тұрады. Қызға жаны ашыған жандар піспенанды сатып алуда. Бірнеше айдың ішінде 13 миллион теңге ($33 мың) жинап үлгерген. Енді израилдық емханалардан тексеруден өту үшін $1200 керек екен. Артық қалған қаржыны Карина өзге ауруларға беруді көздеп отыр", – деп жазады басылым.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу