Қазақстандық миллиардер Шодиев Өзбекстанға қаржы құяды

Аскар Муминов Аскар Муминов
4370

Посткеңестік олигархтар Ташкентке назар аудара бастады.     

Қазақстандық миллиардер Шодиев Өзбекстанға қаржы құяды

Өзбекстан әділет министрлігі 1997 жылдан бастап Бельгия азаматтығына ие қазақстандық бай Патох Шодиевтің халықаралық қор өкілдігін тіркегенін хабарлады. Қазақстандық олигарх қорының бас кеңсесі Лихтенштейн князьдығында орналасқан. Өзбекстан әділет министрлігінің мәліметінше, Өзбекстандағы ұйымның басты мақсаты – ел өңірінде тұратын балаларға гуманитарлық жәрдем жасау, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету.

Өзбектің медицинасына, білім беру мен гуманитарлық саласына қазақстандық  олигархтың нақты қанша инвестиция салатыны әзірге белгісіз. Алайда Eurasian National Resources Corporation компаниясы ортақ иелерінің   байлығы шамамен 3,7 млрд доллар екенін ескеретін болсақ, салынатын иевстиция да қомақты болуы мүмкін.

Патох Шодиевтің Өзбекстанға неге бүйрегі бұрып тұрғаны түсінікті, өйткені оның туған жері  осы елдің Жизақ облысы. Олигарх  алғаш еңбек жолын  "Сырдарьинская правда" газетінде корректор болып бастаған. 1976 жылы ол Мәскеу мемлекеттік институтының халықаралық қатынастар факультетін "Халықаралық құқық"  мамандығы бойынша үздік тәмадаған. Қазіргі уақытта атақты бай өзбек-ресей миллиардері Әлішер Усмановпен сол кезде бірге оқыған.

Патох Шодиев КСРО ыдырағаннан  кейін Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Кәрімовпен сыйыспай, Қазақстанға келіп бизнеспен белсенді айналыса бастағанына атап айту керек. Оның Өзбекстанда бизнес жасауға деген аса қызығушылығы болмаған, сонымен қатар 1992 жылы іскери серіктестер Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимовпен бірлесіп пайдалы қазбаларды байыту және өндіруге маманданған Eurasian National Resources компаниясын құрған.

Тәшкенттік журналист Сергей Ежковтың мәліметінше, Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін  Патох Шодиев Өзбекстанға қайта келгіштеп кеткен. Ол туған күнін осы жылдың сәуір айында Тәшкентте атап өткен, сол кездің өзінде ол Өзбекстанға инвестиция салғысы келеді деген сыбыс шыққан.

Баспасөздің хабарлауынша, қазақстандық олигархтың туған күні Тәшкенттегі жалғыз бес жұлдызды Hyatt қонақүйінде тойланған. Келген қонақтар ішінде миллионерлер Александр Машкевич, Тельман Исмаилов, сондай-ақ он шақты бұрын жұмыс істеген және қазір жұмыс істеп жүрген өзбек шенеунігі болған. Сол кезде Шодиев отбасының Өзбекстанға беделді инвестор ретінде қайта оралғаны мәлім болды. Ұзын құлақтан жеткен мәліметке сүйенетін болсақ, Патох Шодиев соңғы 14 жыл ішінде 25 офшорлық компанияның бенефициары.

Сондай-ақ ол саяси ғылымдар кандидаты, Қазақстанның жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі. 1995-1997 жылдар аралығында Қазақстан премьер-министрінің арнайы кеңесшісі, 1976-1979 жылдары Жапониядағы кеңестік сауда өкілдігінің кеңесшісі, 1979-1989 жылдары КСРО сауда министрлігінде кеңестік-жапондық экономикалық қарым-қатынас бойынша жетекші маман болып жұмыс істеген. Ресей СІМ жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ММХҚИ-ды дамыту қорының негізін қалаушылардың бірі. Тікелей оның атымен аталған қор 1996 жылы құрылған, ал оның негізі мақсаты- ғылыми, медициналық, әлеуметтік, мәдени және білім беру саласындағы қайырымдылық жобаларды жаһандық деңгейде алға бастыру.

Өзбекстандағы өкілдіктің басшысы болып Кейт Элизабет Магуайр тағайындалған. Бұл адам туралы ашық  ақпарат көздерінен мәлімет іздеу еш нәтиже бермеді, сондықтан Кейт Элизабет Магуайрдің кім және бұған дейін қандай қызмет атқарғаны белгісіз. Ал Патох Шодиевтің өзіне келетін болсақ, оның аты соңғы кезде Франциядағы Қазақстанға Eurocopter тікұшақтарын жеткізуге қатысты жанжалға байланысты жиі шықты. Франция баспасөзі оны шенеуніктерге пара берді деп айыптаған болатын. Ақыр соңында бұған нақты дәлел болмады. 

Нұрсұлтан Назарбаев осы жанжалға қатысты пікір білдіріп: "Мен тек бір нәрсені ғана білемін, біз Қазақстанда Eurocopter тікұшағын құрастыру бойынша ынтымақтастық жасаймыз. Бұл біз үшін өте қажет, бұл тікұшақтар біздің авиацияда, ауыл шаруашылығында, ТЖМ-де жұмыс істейді. Бұл ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Қазақстанға қатысты қандай да бір қылмыстық істің бар екені маған жеткен жоқ. Егер қылмыстық іс бар болатын болса, онда біз нақты біліп, Францияның құқық қорғау органдарына жауап береміз. Патох Шодиевтің тікұшақтарға еш қатысы жоқ, ол Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компания басшыларының  бірі", - деген еді.

Өзбекстандағы билік ауысқаннан кейін тарихи отанына инвестиция құйғысы келетін қаны өзбек олигарх  жалғыз Патох Шодиев қана емес. Бұған дейін Әлішер Усмановта өзінің инвестициялық жобалары туралы айтқан болатын.  

Мысалы ол Тәшкенттегі ислам мәдениеті орталығын салуға қаражат салу ойы бар екенін айтқан. Мамыр айының соңында ресейлік бизнесмен Бұхарадағы туристік аймақты салуға тең инвестор болғаны белгілі болды. Ресейлік бизнесмен Әлішер Усмановтың ақшасына 2017-2019 жылдар аралығында Бұхарада және оның жанында 10 гектардан асатын жерде үлкен туристік кешен салынады. Ол жерде әртүрлі дәрежедегі қонақүйлер, мейрамханалар, кәдесыйлар дүкені және ойын-сауық орталықтары болады.

Посткеңестік олигархтардың, оның ішінде қазақстандық олигархтың Өзбекстанға ойламаған жерден қызығушылық танытуына пікір білдірген тәуелсіз саясаттанушы Баходир Сафоев тек қазіргі таңда, тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр өткеннен кейін ғана өзбек нарығы  ашылып, онда қандай да бір түсінікті ойын ережелері пайда болғанын айтты. Сондықтан бұған деген қызығушылықтың себебі де түсінікті.

"Менің түсінуімше, Патох Шодиев үшін де сол сияқты Әлішер Усманов үшін де Өзбекстанға инвестиция құю егерде олардың азаматтығы бар елде бір жағдай орын алатын болса, өздерін сақтандыру үшін жасалып жатқан әрекет. Патох Шодиевке қатысты айтатын болсақ, ол Еуропадағы өз атына қатысты жанжалмен танымал болған. Ал Әлішер Усманов туралы айтсақ, онда Ресейдегі жағдайдың қалай дамитынын айтуы мүлдем  қиын. Бұл элита арасында тек саяси капитал жинап алу ғана емес, сондай-ақ қарапайым адамдар арасында жақсы атаққа ие болу. Өзбектер қайырымдылық деген нәрсеге өте қатты көңіл бөледі, сол себепті осы инвестиция туралы жергілікті баспасөзде кеңінен жарияланып, олардың туған жерін ұмытпағаны атап көрсетілуде. Әрине шындығында да гуманитарлық мақсаты бар екенін жоққа шығаруға болмайды, бірақ та мұның тәжірибедегі мақсатпен жасалып отырғанын естен шығармаған дұрыс", - деді Баходир Сафоев.

Экономикалық сарапшы Алмас Чукин осы аптаның басында конвертацияны енгізгеннен кейін қазақ инвесторларының Өзбекстанға деген қызығушылығы арта түсетінін айтты.

"Өзбекстанмен көршілес елдің бәрі ұту керек. Халқының саны бойынша ең ірі ел енді is open for business. Тек қарап қалмау керек, біз оларға бірдеңе сатқанға дейін олар біздің елдің нарығын басып үлгереді", - деді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу