/img/tv1.svg
RU KZ
Hang Seng 23 182,08 KASE 2 209,51
FTSE 100 5 415,50 РТС 1 049,88
DOW J 21 056,82 Бидай 551,40
Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатты

Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатты

Отандық автоөндірушілер Өзбекстаннан жеткізілетін көліктер мен машина жиынтықтарына салынатын акциздерді өзгертуді сұрады.

26 Қыркүйек 2017 14:12 12743

Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатты

Автор:

Артур Мискарян

25 қыркүйекте Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы («ҚазАвтоӨндіріс») ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке жолдаған ашық хатты жариялады. Онда салалық қауымдастық Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді Өзбекстан нарығына шығаруға дайын екенін мәлімдеген. Хатқа қауымдастық атынан директорлар кеңесінің төрағасы Дәулет Бақберген қол қойған.

«Құрметті Тимур Мұратұлы! 2017 жылдың 15-17 қыркүйек күндері Ташкент қаласында Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті. Онда қазақстандық автоөндірушілер өз өнімдерін таныстырды. Бүгінде отандық кәсіпорындарда автокөліктердің 60-қа жуық түрі шығарылады және олар Өзбекстан нарығына техниканың кең түрін жеткізуге дайын.

Бұл идея форумға қатысқан екі ел президенттері тарапынан қолдау тапты. Өзіңіз білетіндей, Өзбекстан экономиканы ырықтандыру саясатына көшті. Бұл қазақстандық өндірушілерге мүмкіндік беріп отыр. Қыркүйек айында республика басшылары импортталатын 15 тауар түріне акциздік салық мөлшерлемесін қысқартты», – делінген ашық хатта.

Қауымдастықтағылар Өзбекстанның акциздік саясатына алаңдаушылық білдіріп отыр. Импортты техниканы шектеу шараларының бірі ретінде қозғалтқыш көлемінің текше сантиметріне 2,4 доллар көлемінде баж салығын төлеу қарастырылған.

«19 қыркүйекте жарияланған «Өзбекстан Республикасының алдағы уақыттағы сыртқы экономикалық қызметін реттеу шаралары туралы» Өзбекстан президентінің қаулы жобасы көрші елдің нарығындағы қазақстандық өндірушілердің қолжетімділігіне қауіп төндіріп тұр. Құжат мәтінінде қазақстандық техникаға акциздік мөлшерлеме 2,4 текше сантиметр/доллар көлемінде белгіленген. Ал Ресей мен Украина аумағынан импортталатын автокөліктерге кедендік құн 2% көлемінде қарастырылған. Бұл Өзбекстан нарығы қазақстандық автоөндірушілер үшін жабық деген сөз».

«ҚазАвтоӨндіріс» деректеріне сүйенсек, 1996 жылдан бері Өзбекстан кәсіпорындары Қазақстанға 720 млн долларға 85 мың көлік экспорттаған. Ал қазақстандық өнімді көрші елдің нарығына жеткізу жолы қатаң кедендік-тарифтік кедергілермен бұғатталған.

«ҚазАвтоӨндіріс» ұлттық экономика министрлігіне өтінішпен шығуына да осы жағдай себеп болып отыр. Қауымдастық мүшелері министрдің шетелдік тараппен келіссөз жүргізе отырып, Өзбекстанның қазақстандық кәсіпорындарға қатысты кедендік-тарифтік саясатына ықпал етуді қалайды. Егер Ташкент келіспесе, онда өзбекстандық автоөндірушілердің техникасына арнайы акциздер белгілеуді сұрайды.

«ҚазАвтоӨндіріс» одағы 2015 жылы құрылған болатын. Одаққа «Бипэк Авто – Азия Авто», «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС және «СемАЗ» ЖШС компаниялар тобы мүше.

Еркебұлан Қыздарбек, Артур Мискарян

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

1,1 млрд теңге айыппұл салынды

Шетелдік нөмір таққан автокөлік жүргізушілері 132 адамды мерт қылды. 

21 Қаңтар 2020 10:58 3114

1,1 млрд теңге айыппұл салынды

Ел аумағында шетелдік нөмір таққан 100 мыңнан астам автокөлік жүйткіп жүр. Есепке алынбағандықтан, олардың жүргізушілері салық төлемейді және жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл арқаламайды. Осыны біліп алған көлік жүргізушілері сырттан әкелген автокөліктерінің шетелдік нөмірлерін Қазақстанның мемлекеттік нөміріне ауыстырмауға тырысады.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл жерде таяқтың екі ұшы бар екенін назардан тыс қалдырмау керек. Көлік жүргізушілерінің уәжіне келетін болсақ, олар шетелдік нөмірі бар автокөліктерді ел аумағынан тыс жерден арзан бағаға сатып алатындарын, Қазақстанда дәл осындай автокөліктердің бағасы қымбат екенін алға тартады. Ал мемлекеттік нөмірді  ауыстыруға асықпайтындарының себебін баж салығының қымбаттығымен түсіндіреді.

«Армения мен Қырғызстанда автокөліктің бағасы қолжетімді. Бізде баж салығы тым қымбат. Баж салығының құны шетелден сатып әкелген көліктің құныннан асып кетеді. Қымбат баж салығын төлемеу үшін шетелдік нөмірі бар автокөлікті шетелде тіркейміз. Ал ішкі істер министрлігі жүргізушілерді шетелдік нөмірі бар автокөліктерін Қазақстанда есепке қоюға міндеттеп отыр. Осындай түсініспеушілік туындамас үшін үкімет қолжетімді бағадағы автокөлік нарығын қалыптастыруы және баж салығын төмендетуге ықпал етуі тиіс», – дейді шетелдік нөмірі бар автокөлік иелері.

Рас, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінде кедендік баж салығы Армения және Қырғызстанмен салыстырғанда қымбат. Себебі алдыңғы елдерде баж салығына соңғы екі елдегідей жеңілдетілген тариф енгізілген жоқ. Ал Қырғызстан мен Армения баж салығы құнының төмендігі есебінен көнерген көліктерін шетелге, оның ішінде Қазақстанға жөнелтіп жатыр. Яғни біздің ел ескі көліктердің ордасына айналуда.

Қазақстан сырттан келетін ескі көліктердің тасқынына тосқауыл қою үшін салық кодексіне сәйкес, автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу кезінде алым енгізді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: «Сырттан әкелінетін автокөліктің өндірістен шыққанына 2 жыл толмаса, онда бастапқы тіркеу алымының көлемі небары 0,25 айлық есептік көрсеткіш немесе 663 теңге ғана болады. Шыққан уақыты 2-3 жыл аралығында болса, алым көлемі 50 АЕК-ке (132 мың 550 теңгеге) дейін артады. Ресей, Қырғызстан, Армения және басқа елдерден 3 жылдан ескі көлік алып келгендерге бұдан он есе көп, 500 АЕК (1 млн 325 мың 500 теңге) алым төлеуге тура келеді. Автокөліктің зауыттан шыққанына 5 жылдан асып кетсе, онда бастапқы тіркеу алымы 2 мың 500 АЕК-ке (6 млн 627,5 мың теңгеге) жетеді», – деп мәлімдеді.

Байқағандарыңыздай, ескі көліктерге салық көп, жаңа көліктерге аз салынады.

ІІМ полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранованың мәлімдеуінше, ұлттық заңнама талабы бойынша басқа мемлекетте тіркеуде тұрған көлік елімізге енгізілгеннен кейін 10 күннің ішінде міндетті түрде көлік иесінің, яғни Қазақстан азаматының атына тіркеліп, мемлекеттік нөмір алуы керек.

«Шетелдік нөмір таққан автокөлік иесі «темір тұлпарына» Қазақстанның мемлекеттік нөмірін алмайтын болса, оған ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590 - бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, автокөлік айыптұрағына қойылады», – дейді Ақтоты Боранова.

Айта кетейік, Қазақстанда тіркелмеген, шетелдік нөмірі бар автокөліктер есепке алынған сәттен бастап, айыптұрағынан шығарылады.

ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораздың сөзінше, былтыр шетелдік нөмір таққан автокөлік жүргізушілерінің қатысуымен 1854 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 132 адам қаза тауып, 528 адам жарақат алған.

«Былтыр шетелдік нөмір таққан автожүргізушілер 90 мыңнан аса жол ережесін бұзды. Оларға 1,1 млрд теңге айыппұл салынды. Көрсетілген қаражаттың 30%-ы ғана өндірілді. Себебі жол ережесін бұзған автокөліктердің басым бөлігі ел аумағында есепке алынбаған», – деді ресми өкіл.

Абылай Бейбарыс

Екібастұз ГРЭС-1 экспортты ұлғайтпақ

Станция биыл Өзбекстанға 1,5 млрд кВт/сағат электр энергиясын жеткізуді көздеп отыр.

15 Қаңтар 2020 11:44 2309

Екібастұз ГРЭС-1 экспортты ұлғайтпақ

Былтыр отандық энергетика үшін жаңа нарыққа – Өзбекстанға жол ашылды. Аяқ астынан оңтүстіктегі көршімізге электр энергиясын тасымалдауға Ресей түрткі болған еді. Өйткені, 2019 жылдың бірінші және екінші тоқсандарында отандық компаниялар Ресейге электр энергиясын экспорттаған жоқ. Мұның себебін «KEGOC» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев «Самұрық-Энерго»-ның Ресейге электр энергиясын жеткізу бойынша келісімшарт жасамағанымен түсіндірген болатын.

Шындығына келсек, Ресейге электр энергиясын тасымалдау 2018 жылдың төртінші тоқсанында-ақ тоқтаған еді. Оған ненің себеп болғаны ашып айтылмаған болатын.

Экспорт тұралаған соң, қазақстандық компаниялардың көрсеткіші құлдырай бастады. Міне, осы кезде отандастарымыз Орталық Азия елдеріне электр энергиясын экспорттау бойынша келісім жүргізуге көшті. Осылайша, Өзбекстан нарығына жол ашылды.

Оңтүстіктегі көршімізге электр энергиясын тасымалдау 2019 жылдың үшінші тоқсанынан жүзеге асырыла бастады. Былтыр жыл соңына дейін біздің тарап Өзбекстанға шамамен 1 млрд кВт/сағат электр энергиясын экспорттады. Биылғы меже бұдан жоғары. Мәселен, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы Өзбекстанға 1,5 млрд кВт/сағат электр энергиясын экспорттауды мойнына алып отыр.

Жалпы, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы Өзбекстанға өнім экспорттауды былтыр жазда бастаған болатын. Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Әбілхалықовтың дерегінше, станция 2019 жылдың шілде-желтоқсан аралығында оңтүстіктегі көршімізге 923 млн кВт/сағат электр энергиясын жеткізген. Бұл іс биыл да жалғасын тауып отыр.

Тарихқа үңілсек, былтыр Қазақстан Өзбекстанға алғаш рет электр энергиясын экспорттаған екен. Ал Екібастұз ГРЭС-1 станциясы 2015-2016 жылдары Қырғызстанға шамамен 130 млн кВт/сағат өнім жеткізген еді. Сондай-ақ, 2017-2018 жылдары Ресей Федерациясын электр энергиясымен қамтыды. Облыстық басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы Ресейге экспортталған өнім көлемі 3,75 млрд кВт/сағатты құраған.

Еске сала кетейік, Екібастұз ГРЭС-1 станциясы «Самұрық-Энерго» АҚ-ына қарайды. Станцияның тәуліктік қуаттылығы 4 мың МВт-ты құрайды. Станция 8 энергоблоктан тұрады. Бүгінде оның алтауы жұмыс істеп тұр.

Екібастұз ГРЭС-1 Қазақстандағы ең ірі электрстанциясы болып саналады. Ол республикадағы электр энергиясының 20 пайызын өндіріп отыр.

Былтыр станция 18,3 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Ал 2018 жылғы көрсеткіш 19,1 млрд кВт/сағатты құраған болатын.

Фархат Әміренов

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу: