Қазақстанға макроэкономикалық иммунитет қалыптастыру қажет

20019

Экономиканы қайта құруға санаулы жылдар қалды.  

Қазақстанға макроэкономикалық иммунитет қалыптастыру қажет

Әлемдік экономика және саясат институты Whiteshield Partners консалтингтік компаниясымен бірлесіп, макроэкономикалық жүйедегі монетарлық және қазынашылық саясатқа жүргізілген сараптамалық зерттеу қорытындысын жариялады. 
Whiteshield Partners компаниясының аға менеджері Дмитрий Галицкий Қазақстанның макроэкономикалық жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер ететін қазынашылық саясаттың бірнеше аспектісіне тоқталды. 

"Шикізатқа тәуелділік бюджеттің табысын құбылмалы қылады. Шикізатқа деген сұраныс азайса, бюджет бірден ортаяды. Яғни кіріс пен шығыстың теңгерімін нақты болжау мүмкін болмайды", – деді ол.  

Оның сөзінше, 2030-2035 жылдар аралығында мұнайға деген сұраныс артады, ал одан кейінгі жылдарда сұраныс төмендей бастайды.  

"Бұл Қазақстанда экономиканы қайта құру үшін небары 10-ақ жыл, ары кетсе 15 жыл қалды деген сөз", – деді Дмитрий Галицкий.

Ол Қазақстан 2015-2017 жылдар аралығында қазынашылық саясатқа басымдық бергенін тілге тиек етті. 

"Осылай болғанның өзінде бюджеттің кірісі мен шығысы арасында теңгерім болмады. Салдарынан жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші көңіл көншітпеді. Қазақстанның табыстылығы жалпы ішкі өнімнің 18% ғана құрайды", – деді Дмитрий Галицкий.
Аға менеджердің мәлімдеуінше, елімізде қосымша құн салығы мен жеке табыс салығының үлесі төмен, ал корпоративтік табыс салығының үлесі жоғары. 

"Бұл бюджетке салықтан мардымсыз табыс түседі деген сөз", – деді Whiteshield Partners компаниясының өкілі. 

Оның пікірінше, елдегі экономикалық аймақтар өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. 

"Экономикалық аймақтарда квазимемлекеттік компаниялардың үлесі мен әлеуеті басым", – деді Дмитрий Галицкий.
Маман көлеңкелі экономиканы бейресми экономика деп атайды екен. Бұл туралы ол: "Бейресми экономика әлемнің барлық елінде бар. Оны түп-тамырымен жойып, жоқ қылып жіберу мүмкін емес. Біздің есебіміз бойынша, бюджетке салық төлеушілерден түспейтін түсім жалпы ішкі өнімің шамамен 4% тең", – деді.

Оның айтуынша, "Бәйтерек", "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингтері сыртқы  нарықтан көп қарыз алады. Оларға бұл істі өз бетінше атқару құқығы берілген. Аты аталған холдингтердің сырттан алған ақшасы мемлекеттің қарызы саналады. Алайда ол ресми дерекке қосылмайды. Бұл қазынашылық әкімшілендірудің кемшілігі. Бұл кемшілік қазынашылық саясатқа тәуекел туғызады. 

"Қазақстанда бюджеттен тыс қаржыны бюджет шығысына қолдану дәстүрі бар. Бұл қазынашылық саясаттың ашықтығына күмән келтіреді", – деді Дмитрий Галицкий.

Қазынашылық саясатты жетілдіру үшін қоғамның Ұлттық бакке деген сенімін арттыру қажет екен. Осы турасында Whiteshield Partners компаниясының аға менеджері: "Ұлттық банк пен таяуда құрылған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бір-бірін толықтырып жұмыс істеуі бірақ бірінің ісін екіншісі қайталамауға тиіс. Ұлттық банк соңғы жылдары бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендірумен айналысып жүр. Бұл оның мандаттық міндеті емес", – деді. 

Париж саяси ғылымдар мектебінің профессоры Сергей Гуриевтің пікірінше, Қазақстанды алда үлкен сын-тегеурін күтіп тұр. 
"Әлемде тепе-теңдігі бұзылған рецессия жүріп жатыр. Салдарынан жекелеген секторлар жапа шегуде. Соның ішінде мұнай өндіру саласы дағдарып тұр. Әрине, уақыт өте келе мұнай баррелінің бағасы өседі. Алайда бұл шикізатқа тәуелді болып отыра беру керек деген сөз емес. Қазіргі жағдайдан сабақ алып, алдағы 10-15 жылда экономиканың жаңа моделін құрып үлгеру қажет. Адам капиталын дамытуды инвестициялау үшін бюджетке мұнайдан түсетін табыстан бөлек кіріс көзі қажет. Бұл үшін шикізаттық емес салық түрін көбейту керек. Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар. Экономиканы цифрландыру арқылы бюджетке түсетін салық түсімін бірнеше есе өсіруге болады. Бұған қоса Ұлттық банктің міндеті қайта қаралса дұрыс болады. Ұлттық банк қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуі және өз қызметін қазынашылық органдармен үйлестіруі керек. Орталық банк бюджеттік бағдарламалармен айналысуға тиісті емес. Қазақстан валюта бағамын бұрынғыдай долларға байлап қою саясатынан бас тартпаса, мұнай бағасының құны құлдыраған сайын бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып, девальвацияның зардабын шегеді",– деді Сергей Гуриев. 

Қанат Махамбет  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу