Қазақстанға Ресейдің салық тарифіне ілесе беру тиімсіз

Беларусь Ресейден салықтық жеңілдік сұрап отыр. 

Қазақстанға Ресейдің салық тарифіне ілесе беру тиімсіз

Беларусь елінің басшысы Александр Лукашенканың айтуынша, Ресейдің ұстанып отырған салық саясатынан ел бюджеті 1 млрд доллар шығын шеккен.

"Осы себепті алдағы уақытта Ресей Кеден одағы елдері аясында салық саясатын қайта түзуі керек", – деді Александр Лукашенка.

Бұл ретте Беларусь елінің басшысы: "Біз Ресеймен одаққа біріккен тұста бірқатар салықтық жеңілдікке ие боламыз деп келіскенбіз. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда Ресейдің салық саясаты тек қана өз пайдасын көздеп кетті. Кеден одағы аясында бір салада салықтық жеңілдік болғанмен, екінші салада керісінше, жеңілдік қарастырылмаған. Осының салдарынан қазіргі уақытта біздің елдің бюджеті 1 млрд доллар шығынға ұшырады. Біз Ресейден алдағы уақытта Беларусь арқылы өтетін мұнай экспортынан түсетін кедендік баж салығын түгел Беларусь елінің еншісіне қалдыруды сұраймыз. Еліміз арқылы экспортқа кететін мұнайдан түсетін баж салығын бөліспей, өзімізде қалдыратын болсақ, салық шығындарының қайтарымы болар еді", – деді.

Осылайша Беларусьтер Ресейге нақты ұсыныстарын кесе-көлденең тартты. Бұл ретте Қазақстанға қайтпек керек?

Осы мәселеге қатысты abctv.kz тілшісіне пікір білдірген экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов болашақта Кеден одағы аясында Қазақстанға да бірқатар салықтық жеңілдік сұрауға тура келетінін алға тартты.

"Ресейге 2015 жылдан бері тұс-тұстан санкция салынды. Осы кезде Ресейдің Украинамен қарым-қатынасы шиеленісті. Экономикасы әжептеуір әлсіреген Ресей қазір қитұрқы салық саясатын ұстану арқылы шыққан шығынын қайтарып алуға тырысып жатыр.  Экономикалық рейтингін жоғалтып алмау үшін көрші ел салық саясатынан да пайда табуға бел шеше кірісіп, импорт, экспорт салығына өзгеріс енгізді. Нәтижесінде салықтың бірқатар түрін қымбаттатты. Ресей осылайша өзінен қашып жатқан капиталдың орнын толтырғысы келеді. Импорт, экспорт айналымына қатысты салық түрлерін қымбаттату Кедендік одақ аясына біріккен елдерге әсер ететіні анық. Әсіресе одаққа біріккен елдер арасында өнім алмасуға кері әсер етуі мүмкін. Салықты қымбат төлеген өндірушілер тауар бағасын да аспандата береді. Ендігі кезекте елге одақ аясында арзан импорт тасымалдау да қиындай түседі. Сондықтан бізге де өз тарапымыздан Ресейге салық саясатына қатысты ұсыныс білдірген жөн", – деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Ол Ресейдің салық саясатына қатысты ұстанған тарифтерімен келісе бермеу қажеттігін ашып айтты.

Маманның байыптауынша, кедендік салықтың 72%-ы Ресейдің тарифтеріне негізделген. Ал қалған 28%-ы Қазақстан мен Беларусь еліне тиесілі.

"Салықтан түсетін түсімнің басым бөлігі Ресейдің еншісінде қалып отыр. Кеден одағына біріккеннен бері экспорт пен импорттың тасымалында ортақ салық жүйесі енгізілген. Бұл жерде Ресей экономикасының шеңбері кең. Олардың нарығы үлкен. Салықтық басым бөлігі Ресейге түседі, ал Қазақстан мен Беларусьтің есесі кете береді. Осыны ескерген беларусьтер: "Экспортқа елімізді басып жүріп өтетін мұнай салығы бөліске салынбай, түгелдей өзімізде қалсын!" – деп отыр. Бізге де осындай нақты талап қою қажет", – дейді Жұмаділда Баяхметов.

Кедендік одақ аясында салықтан түсетін түсім Ресейге ғана тиімді болып отыр. Экономист-сарапшы Арман Мусиннің мәлімдеуінше, 2015-2016 жылдары Ресей Кеден қызметі: "Қазақстан мен Беларусь Кедендік одақ аясында импорттық баж салығы бойынша Ресейге 22 млрд рубль қарыз", – деген ақпарат таратқан.  

"Кеден одағының ережесіне сәйкес, одаққа енген  үш ел импорттық, экспорттық салық жинап, оның ортақ есебін шығарады. Бұдан кейін Кеден одағы елдері арасында бекітілген үлес салмағына қарай есептеп, салықты үш елге үлестіреді. Бұл арада Ресейдің үлесі жоғары. Салықтан түскен түсімнің басым бөлігі Ресейге кетеді. Себебі Ресейдің импортының да, экспортының да әлеуеті бізбен салыстырғанда көп. Салықтан түсетін түсім шығынын жаппағаннан кейін Беларусь мұнайдан түсетін салықтық түсімді бөліске салмай, өзінде қалдыруды сұрап отыр. Беларусьтер 2008-2009 жылдары да осындай салықтық жеңілдік сұраған болатын. Беларусьте мұнай жоқ. Олар тек Ресейден Беларусь арқылы өтіп, экспортқа кететін мұнайдың салығын өздерінде қалдырғысы келеді. Ал Қазақстан мұнайлы ел бола тұра, осы жайтқа бейғам қарап отыр. Мұнай экспортынан түсетін салықтың басым бөлігі өзімізде қалуына күш салғанымыз жөн", – дейді экономист-сарапшы.

Арман Мусиннің пікірінше, Қазақстанға Ресейдің салық тарифіне ілесе беру тиімсіз.

"Қазір біз темір жол, газ, жанар-жағармай, азық-түлік бағасын ауыздықтай алмай отырмыз. Мұның барлығы салық саясатымен тығыз байланысты. Мысалы Ресейдің тарифіне ілесеміз деп біз отандық өндірушілерге салмақ салып отырмыз. Экспорт, импорт қарым-қатынасында салықты өсірген сайын отандық кәсіпкерлер шыққан шығынын ақтау үшін шығарған өнімдерінің бағасын қымбатта береді. Салықты өсіру іскерлікке, белсенділікке және өнім өндірушілердің шығынының көбеюіне кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды", – деді Арман Мусин.

Сарапшы маман Марал Төтенованың пікірінше, болашақта инфляцияны мүлде ауыздықтай алмай қалуымыз мүмкін. Мұның алдын алу үшін отандық кәсіпкерлерге ішкі нарықта салық жеңілдігін қарастырған жөн.

"Бізде қосымша құн салығы 12%-ды, сатылым салығы 3-5%-ды құрайды. Осыған орай отандық өнім өндірушілерді қосымша құн салығынан босатып, тек сатылым салығы ғана қалса, оларға үлкен жеңілдік болар еді. Қосымша құн салығынан босатылып отырғаннан кейін өндірушілерге, кәсіпкерлерге, "тауарыңның бағасын түсір!" деп  нақты талап қоюға болады. Бұл – инфляцияны ауыздықтаудың сонымен қатар аспандап кеткен тауар бағасының арзандауына жол ашатын тетіктің бірі. Бізге Ресейдің салық саясатына ілесе бермей, нақты шешім қабылдау қажет", – деді Марал Төртенова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу