Қазақстанның сұйытылған мұнайлы газын Украинаға жеткізу тоқтатылды

4259

Inbusiness.kz назарларыңызға Қазақстанның энергетикалық нарығы жайлы ақпараттар легін ұсынады.

Қазақстанның сұйытылған мұнайлы газын Украинаға жеткізу тоқтатылды

Ресейдің тыйымы еліміздің жолын жапты  
Қазақстанның сұйытылған мұнайлы газы (liquefied petroleum gas (LPG)) мен көмірін Украинаға жеткізу тоқтатылды. Өйткені, транзиттік мемлекет – Ресей бұл жүкті батыстағы көршісіне өз жері арқылы өткізуді доғарып отыр. Бұл туралы 27 мамырда "Рейтер" хабарлады.

Халықаралық агенттіктің дерегінше, Ресей 1 маусымнан бастап өз компанияларының да мұнай өнімдерін, сұйытылған мұнайлы газды және көмірді Украинаға үкіметтің арнайы рұқсатынсыз экспорттауына тыйым салған. Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясы тұтынушыларына бұл тыйымның өзіне де қатысты екенін ескертетін хатты 24 мамырда жолдады.

Ресейлік тыйымның күші "Шевронның" иелігіндегі "Теңізшевройл", ExxonMobil, "Лукойл" және Украинаны LPG-мен қамтамасыз етіп отырған "ҚазМұнайГаз" тәрізді энергетикалық шикізат өндіруші компанияларға да тарап отыр.

Ресейдің мемлекеттік теміржол компаниясы "Рейтерге" бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Айта кетсек, энергияға өте мұқтаж Украина былтыр өзіне қажетті сұйытылған мұнайлы газдың 18,8 пайызын Қазақстаннан импорттаған. Бұл – 2017 жылдың көрсеткішінен 4,8 пайызға жоғары. Ал биыл еліміздің компаниялары Украинаға ай сайын 20-25 мың тонна LPG экспорттап отыр. Сонымен қатар, былтыр бұл мемлекетке қазақтың 455 тонна көмірі сатылған.

"Батьканың" назары – біздің мұнайда

23 мамырда "Белта-Ньюс" агенттігі хабарлағандай, президент Александр Лукашенко Қазақстан мұнайын Беларусь Республикасына жеткізу туралы келіссөздерді бастауды ұсынды.

Лукашенко мұнай сатып алу жолдарын әртараптандыру мәселесін Қазақстанның Минсктегі елшісі Ермұхамет Ертісбаевпен өткен кездесуде көтерген. "Белтаның" хабарлауынша, өз кезегінде Ертісбаев Ресеймен келісім жасалса, Қазақстан Беларуське мұнай жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Ресей өзінің "Дружба" құбыры арқылы Еуропаға көмірсутегін тасымалдауды сәуірде тоқтатты. Оған миллиондаған баррель мұнайдың органикалық хлоридтан ластануы себепші. Айта кетсек, бұл оқиға дүниежүзінің энергетикалық нарығын елең еткізіп, қатты алаңдатқаны белгілі.

Қазақстан "Транснефтьтен" өтемақы талап етпек

Ресейде "Дружба" құбыры төңірегінде дау жалғасып жатыр. Онда 19 миллион баррель көмірсутегінің ластанғаны 19 сәуірде мәлім болды. Алайда еуропалық өңдеуші зауыттарға сол шығынның құнын кім өтеп беретіні әлі белгісіз.

Ресей бірінші вице-премьері Антон Силуановтың айтуынша, бүлінген мұнай үшін мемлекет өтемақы төлемеуі керек. Бірақ сол құбырдың жұмысына жауапты "Транснефть" компаниясы энергетикалық шикізаттың қасақана ластанғанын алға тартып, өзінің де зардап шегуші екенін атап өтті.  Осыған дейін Қазақстан да "Дружба" құбырында органикалық хлоридтан бүлінген жүздеген мың тонна мұнайы үшін "Транснефтьтен" өтемақы талап ететінін мәлімдеген еді.

Корея қазақтың мұнайына қызығып отыр

Оңтүстік Корея Иран конденсатын Ресейдің, Қазақстанның, Катардың мұнайымен алмастырмақ. Мұны өткен аптада SK Incheon Petrochem компаниясы мәлімдеді.

"Иран конденсатының үлесі жоғары еді. Бірақ, оны Ресейдің, Қазақстанның, Катардың мұнайымен алмастырдық және біз шикізат импорттау жолдарын диверсификациялап жатырмыз", – деді SK Incheon Petrochem компаниясының президенті Чои Нам-кьюй Сеулде өткен баспасөз маслихатында.

Оңтүстік Кореяның "қара алтынды" басқа мемлекеттерден сатып алуына мамырдың басында АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мұнайын өзге елдердің импорттауына тыйым салуы себепші.

Тәулігіне 1,8 миллион баррель мұнай шығаратын Қазақстан бұрынғы Кеңес одағы республикалары арасында осы шикізатты өндіруден Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Еліміздің мұнай экспортының 12 пайызы Ресейдің Балтық теңізі жағалауындағы Усть-Луга порты арқылы жүзеге асырылады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу