Қазақты несие құрдымынан не құтқарады?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5831

"Қарыз күліп барып, жылап қайтады" дейді халық даналығы. Бұл – борышкердің ахуалын жақсы суреттейді.

Қазақты несие құрдымынан не құтқарады?

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында бұрынғы Кеңес одағы елдерінде борышты зорлық-зомбылық жолымен, күш көрсетіп өндіретін заңсыз топтар қанат жайды. Қарызын өтей алмаған қаншама кәсіпкердің ажалы – қарнына басылған ыстық үтіктен болды. Көрші Ресейде құқық қорғау органдары өзен-көлдерден суға батып, мерт болған бірнеше адамды олар топтаса байланған бөренемен бірге көтеріп жатқанын теледидар жиі көрсететін.

Жалпы қазір коллекторлар аталатын қарызды өндіруші құрылымдар Ресейде әлі күнге небір сұмдыққа барып жүр. Мысалы 2016 жылдың 27 қаңтарында Ресейде жаншошырлық оқиға болды: солтүстік көршіміздің Ульяновск қаласындағы үйлердің бірінде өрт шығып, екі жасар сәби жанып кете жаздады. Тергеу органдарының мәліметінше, борышкерді қорқыту үшін Дмитрий Есімді коллектор бөтелкеге құйылған "Молотов коктейлі" жанғыш қоспасын түн ішінде терезеден ішке лақтырған. Жарылғыш зат борышкердің немересі екіжасар Русланның төсегіне түскен. Соның кесірінен сәбидің беті мен қолы күйген, тыныс алу жолдарын от шалған. Қаскүнем коллектор 8 жылға сотталды.

30 наурызда РФ Новосібір облысының Искитим кентінде белгісіз 4 адам Горбуновтар үйіне басып кіріп, борышкер әйелдің ері мен 17 жасар ұлын өлімші етіп сабаған, ал әйелді зорлап кеткен.

Ресейдің Ульяновск қаласында коллекторлар мейірбикенің 27 мың рубль қарызы үшін орталық қалалық клиникалық аурухананы өртеп жіберетінін хабарлап, доқ көрсеткен.

Мұндай сорақылықтарға Қазақстанда, әрине, жол беруге болмайды. Осы мақсатта дәл жаңа жыл мерекесі қарсаңында, 28 желтоқсан күнгі жалпы отырысында мәжіліс "Коллекторлық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің мәлімдеуінше, қазір елімізде 5 млн-нан астам азамат банктерге қарыз! Осынша халықты көзге елестетсеңіз, бұл санның аса салмақты екенін сезінесіз.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың ортасында қарызын 3 айдан астам уақыт төлемеген борышкерлер саны 1 млн-нан асып кеткен. Мұның ішінде 350 мың адамның екіден көп несиесі бар көрінеді.

"Борышы бар азаматтар "көлеңкелі рэкеттен" зардап шегуі мүмкін. Былтыр және биылғы жылдың басында ұлттық банк қарыз алушылардың 58 шағымын қарады. Шағым иелері өз борыштарын өндіруді коллекторға бергені туралы банктердің құлағдар етпейтініне наразы. Жалпы несие алушы адам банктің не істеп жатқанын білмейді. Ол тіпті коллекторлық компанияның қалай аталатынынан да хабарсыз. Кейде әлдебір бөгде адамдар телефон соғып жатады. Коллекторлар тіпті борышкерге мәселені реттеу үшін банкке баруына да тыйым салады", – дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.

Бас банкир Данияр Ақышев борышты коллекторлық агенттікке беру үшін екінші деңгейлі банктер өз клиентінен қосымша рұқсат алуға міндетті емес деп санайды. "Өйткені әу баста несие не ипотека беру туралы келісімді бекіткенде, қайтарылмаған жағдайда қарызды коллекторға тапсыру мүмкіндігі көрсетіледі. Яғни келісімге қол қоя отырып, клиент осыған келіседі", – дейді ол.

Ал Қазақстанда коллекторлар да борышкердің өмірін нағыз азап пен тозаққа айналдырудың небір әдіс-тәсілін меңгерген. Банктен не шағын несие ұйымынан қарыз алып, оны уақтылы қайтара алмаған азаматтарға күтпеген жерден коллекторлар хабарласып, алдымен несиені қайтару жөнінде қатаң ескерту жасайды. Осыдан кейін олар қарыз батпағына батқан адамды қорқытып-үркітудің, әбден ығыр етудің әртүрлі амал-айласын қолдануға кіріседі: есік-терезесіне, үйінің қабырғасына "бұл үйде арам борышкер тұрады!" деп жазып кетеді. Ол адам үйінен шыға алмай қалуы үшін есігінің құлпына тез қататын желім-клей құйып тастайды. Түн ішінде қайта-қайта қоңырау шалып, маза бермейді. Тіпті оның жұмыс берушісіне доқ көрсетуге дейін барады екен. Бұл жағдайда бастығы "аш бәледен қаш бәле!" деп, оны жұмысынан қуады, не қарызын тезірек қайтаруы үшін жұмыс уақытында қысым жасайды. "Отырса – опақ, тұрса – сопақ" етеді. Сөйтіп борышкер үйде де, түзде де тауқымет тартады. Бұған кім төзе алады?

"Банктер несие бергенде елпілдеп, асты-үстіңе түседі: "Алыңыз, алыңыз несиені! Дамыған батыс елдерінен үйренуіміз керек, оларда бәрі қарызға өмір сүре береді. Сіз де алыңыз!", – дейді. Қазақстан дағдарыстан кейінгі дағдарысты бастан кешіп отыр. Нарық құлады. Адамдар жаман жағдайға тап болды. Мен мектеп директоры болып жүргенімде, біздің мектептің бір түлегінің анасы несиесін төлей алмай, асылып өлді. Анасы өлген соң, оның несиесін кәмелетке жаңа толған жас бозбалаға артқан!", – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Өкінішке қарай, халық алған қарыздың жартысына жуығы – тұтыну несиесі. Депутаттардың айтуынша, бұған тұрмыстық техника, құрылыс материалын, былғары-құндыз тон және басқа да тауар сататын кез келген ірі сауда орнында банктердің табысты растаусыз-ақ несие беруі ықпал етті.

Мысалы алматылық Дайыр Ахметов 2007 жылы той жасауға 450 мың теңге қарыз алған. Қазір қарыз сомасы 1,5 миллионнан асып кетіпті. Енді коллекторлар маза бермей отырған көрінеді.

"Олардың менімен әңгімесі 90-жылдардағы рэкетке көбірек ұқсайды. Дәл солай. Олар психологиялық қысым жасайды. Заңгерлік білімі жоқ адамдар мұндай жағдайда тығырыққа тіреліп, күйзеліске түседі. Басқа жерден қарыз іздеп жүгіреді", – дейді Дайыр Ахметов.

Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова жаңа заңның болашақта осындай азаматтарды қорғауға және коллекторлық фирмалардың қызметін реттеуге бағытталғанына сенімді.

"Олар бетімен кетпеуі, шектен шықпауы керек. Бұған дейін қолданыстағы заңнамада коллектор туралы екі ғана бап болатын, ол екеуі де банкке қарызын өндіріп алуды соларға беруге рұқсат етумен шектелетін. Мұның соңы неге соқтырғанын бәріміз білеміз. "Мафияны жою үшін оны басқару керек" деген сөз бар. Мына заң арқылы мемлекет бұл қызметті бақылауды өз қолына алады", – деп түсіндіреді.

Ал кім басқаруға алады деген мәселеге келсек, жаңа заң шыққаннан кейін барлық коллекторлық ұйым Ұлттық банкте тіркеуге тұруға тиіс болады. Бір ғажабы, осы арқылы "қаржылық реттеуші" жаңа құзыретке ие болады!

"Бұл заңның бір жаңалығы бар: Ұлттық банк енді қаржылық емес ұйымдарға бақылау жасай бастайды. Коллекторлық ұйым қаржы ұйымы емес және қаржылық операцияны жүзеге асырмайды. Ал Ұлттық банк қаржы ұйымының қызметіне бақылау жасайтыны мәлім. Сондықтан Ұлттық банкке осындай жаңа құқық беру – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді", – дейді Данияр Ақышев. Ол коллектор тарапынан жасалар заңсыз әрекеттер туралы қарыз алушылардың Ұлттық банкке жүгінуі керектігін ескертті. Және оның айтуынша, Ұлттық банк борышкердің өтінішіне жедел үн қату үшін қажетті қаржы және адам ресурсына ие.

Жалпы Қазақстанда борышты өндірумен қанша фирма айналысады? Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, "коллекторлық компаниялар біраз уақыттан бері жұмыс істеп жатқанымен, олардың қызметі заңмен реттелмейді және мемлекет бақыламайды".

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде бүгінде халықтан төлем жинайтын 205 ұйым тіркелген. Алайда қолданыстағы заңда қарыз төлемін жинаумен айналысатын ұйымға міндетті түрде тіркелу талабы қойылмаған. Осының салдарынан мұндай ұйымдар туралы нақты ресми ақпарат жоқ. Әр орган әртүрлі санды ұсынады.

"Қазіргі кезде шамамен 60 компания банктермен жасасқан шарттар негізінде берешекті өндіріп жатыр. Банктердің 928 мың борышкерімен жұмыс істеуді коллекторлық агенттіктер қолға алған. Халықтың несиелік борышы өте жоғары! Бес миллиондай адам банктен қарыз алған", – дейді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк осы заң күшіне енген сәттен бастап азаматтарды әлеуметтік қолдауды және коллекторлық агенттіктерді бақылауды жедел қолға алуға дайын екенін білдірді. Заң қабылданған соң борышкер мен коллектор арасындағы бүкіл қарым-қатынас заңмен реттеледі.

"Онда коллектордың борышкермен өзара қарым-қатынас жасауының рұқсат етілген тәсілдерінің нақты тізімі бекітіледі. Сол тізімнің аясынан тыс барлық іс-әрекеттерге тыйым салынады. Ал заңды бұзғандар әкімшілік және қылмыстық тәртіппен қатаң қудаланады", – дейді Ұлттық банк басшысы.

"Коллекторлық қызмет туралы" осы заң жобасына сәйкес, коллекторға бір күнде тек бір-ақ рет бетпе-бет кездесуге және үш рет қана қоңырау шалуға рұқсат етіледі. Бұл жерде өзара іс-қимыл уақытын таңдау борышкерге беріледі. Оның үстіне коллектор кездесуде өз агенттігінің борышты өндіріп алу өкілеттігін бергенін куәландыратын құжатты көрсетуге міндетті.

Мереке күндері жеке байланыс жасаудың кез келген түріне тыйым салынады. Ал демалыс күндері өзара қатынас жасау уақыты жұмыс күніндегіден 6 сағатқа қысқа болады. Қазір коллектор борышкерін және оның отбасы мүшелерін түн ортасында шошытып оятатыны мәлім. Енді бұл "жаман әдеттен" арылуға тура келеді. Өйткені жұмыс күндері таңғы 8.00-ден кешкі 21.00-ге дейін, ал демалыс күндері таңғы 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін ғана телефон шалуға рұқсат. Қалған уақытта коллектор тек хат, сондай-ақ ұялы байланыс және интернет арқылы "смс", дыбыстық және басқа да хабарламалар жолдай алады.

Сондай-ақ коллекторлық агенттік борышкермен әрбір кездесуін және телефонмен тілдесуін аудиотехникаға жазып, бейнекамераға түсіріп отыруға міндеттеледі. Бұл ретте аудио және бейнежазбаны, сонымен қатар борышкердің басқа да жеке деректерін құпия сақтамаған, таралуына жол берген коллекторлық агенттік жауапкершілікке тартылады.

Жаңа заң қарыз алушының да әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған: борышкер өз кредиторымен және коллектормен байланыс жасауға міндетті, одан бас сауғалап қашуына болмайды. Кездесу мен тілдесудің нәтижесінде борышкер мен коллектор арасында қарызды өтеу кестесі түзіліп, бекітіледі.

Заң жобасын мәжіліс қабырғасында талқылау барысында коллекторлық фирмалардың кадр құрамына қатысты мәселелер көп көтерілді. Өйткені қоғамдық ұйымдардың қаржысын өндірумен қылмыскер айналысуы мүмкін деген қауіп болды.

Жауапты орган мұны растамады. Бұрын болған шығар, енді оған жол берілмейді дегенді меңзеді. "Енді мемлекеттік органдар мен арнайы органдардан жұмыстан қуылғандар, сотталғандар коллекторлық ұйымға жұмысқа тұра алмайды", – дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов. Ал түр-түсі дәп бір ертегідегі дәулердей сұсты жанды коллектор етіп алуға шектеу қойылмайды.

Рас, сонымен бірге заңда бұл агенттіктердің басшыларына және коллекторға біліктілік талаптары бекітіліп отыр. Олар абырой-атағы кіршіксіз, тәжірибесі бар, сотталмаған және психикалық дертке шалдықпаған адам болуға тиісті.

"Біз отставкадағы кей генералдың осы іспен айналысатынын білеміз. Соның арқасында олардың бұрын погоннан басқа ештеңесі болмаса, қазір көп дүниенің иесі болып отыр. Мұның барлығы заңның және мемлекеттік реттеудің жоқтығынан", – дейді мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин де осыған қатысты өз пікірін білдірді.

"Құқық қорғау органдарының ардагерлері кейін банктің әртүрлі құрылымы басшысының креслосына отырып алады, ол құрылымдардың атауы да саналуан: "қауіпсіздік қызметі" және басқаша атала береді. Артынан ол өзінің бұрынғы қызметкерлерін тартады және органдағы адамдарын жұмылдырады. Міне, дәл осы тізбекті үзу керек. Дәл осы мақсатта осы заң қабылданып отыр. Барлығы өркениетті арнаға түсуі қажет. Біз, өкінішке қарай, өзге елдерде коллектор қызметі неге соқтырып жатқанына куәміз. Бұл Қазақстанда қайталанбауға тиіс. Сол себепті де адал емес, заңды аттайтын, құзыретін теріс пайдаланатын коллекторлық агенттікке қарсы лицензиядан айыру, қылмыстық қудалау және басқа да жаза түрлері енгізіліп жатыр", – деп түсініктеме берді спикер.

Мәжіліс төрағасы осы заңды өмірде қолдану барысында қажеттілік туып жатса, оны қайта қарап, коллекторға және банкке қойылатын талапты қатаңдатуға депутаттардың дайын екенін білдірді.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, заң жобасында заңды бұзған коллекторға 2 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді. Ал егер Ұлттық банкте тіркелмесе, миллиондаған айыппұл салынады. "Егер заң нормаларын сақтамаса, ол коллекторлық агенттік реестрінен шығарып тасталады, тиісінше борышкермен жұмыс істеу құқығынан айырылады", – дейді Данияр Ақышев.

Біз осы саладағы әлемдік тәжірибені де қарастырып көрдік. Ресейдің "коллекторлық қызмет туралы" заңы біздегіден қатал көрінді, оған сәйкес, коллекторға борышкермен аптасына тек бір рет кездесуге және аптасына тек үш рет қоңырау соғуға рұқсат етіледі екен.

ABCTV порталына берген сұхбатында ресейлік "Высшая школа экономики" ұлттық зерттеу университетінің Экономиканың мемлекеттік секторы орталығының директоры Татьяна Абанкина Қазақстанда да, Ресейде де ең үлкен проблема "жаппай дерлік қаржылық сауатсыздық және қарапайым адамның өз өміріне деген жауапсыздығы" екенін айтады.

"Осы мәселені шешу бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек. Егер қаржың, тапқан табысың жетпей тұрса, біреуге ұнау, біреудің алдында паңдану үшін несиеге қымбат телефон не тон алудың, үлкен той жасаудың қажеті жоқ деп насихаттау керек халыққа. Сонымен бірге азамат банкпен немесе шағын несие ұйымымен келісімге қол қоймас бұрын келісім мәтінін мұқият оқып шығуды үйренуі керек. Мұның сыртында қоғамдық бақылаудың да болғаны жөн. Әйтпесе біз бетімен кеткен қарақшылыққа әрі қарай жол салып береміз. Қоғамның өзі түзелмесе, оны ешқандай заң құтқара алмайды. Адамдар кедейленіп барады. Демек бұл тек жекелеген азаматтың ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасы", – дейді Татьяна Абанкина.

Демек әрбір адам банкирдің тәтті тіліне арбалып, борыш батпағына өз еркімен батпаудың жолын, жөнін қарастырғаны жөн. Несиеге сатып алынған бір жолғы "мақтаныш" өмір бойғы өкінішке айналып кетпесін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу