ҚазАТУ-дың аты да, заты да өзгереді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5843

Аграрлық университеттің бағыты мен бағдары елбасы жолдауымен үндеседі.

ҚазАТУ-дың аты да, заты да өзгереді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында ерекше назар аударған бағыттың бірі – аграрлық ғылым. Елбасы ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысу қажеттігін, осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керектігін еске салды. Яғни университеттер диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс. Осы орайда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші проректоры Айтжан Әбдіров abctv.kz-ке елімізде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын көшбасшы университеттің биылғы жолдаудағы міндеттерді қалайша жүзеге асыратынын баяндап берді.

"Президент өз жолдауында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде аграрлық ғылымға және аграрлық университеттердің рөліне айырықша көңіл аударады. Бұл өте маңызды қадам деп ойлаймын. "Ақылды технологияларды" біздің қоғамға да енгізіп, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру – бүгінгі күннің талабы. Қазақстанда бұл істі атқара алатын, яғни жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысатын мамандар баршылық", – деді бірінші проректор.

Айтжан Әбдіровтың айтуынша, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде аграрлық ғылымды ілгерілету бағытында ауқымды жұмыс қолға алынуда. Оқу ордасының бұл бағытта нақты серіктесі де бар. Ол – АҚШ-тың Дейвис қаласындағы Калифорния университеті.

"Бұл әлемдік деңгейдегі беделді зерттеу университеті. Ауыл шаруашылығында ғылыми зерттеулер жүргізу саласының көшін бастап тұрған оқу ордаларының бірі. Аграрлық ғылым саласында тәжірибесі өте зор. Ол Чили, Вьетнам секілді мемлекеттерде зерттеу университеттерін ашып, оны дамытуға көмектескен. Оқу ордасымен байланыс орнатуымыздың төркіні де осында жатыр. Калифорния университетінің келісімін алу үшін біршама уақыт келіссөз жүргізуге тура келді. Енді оның озық тәжірибесін Қазақстанда қолданатын боламыз", – деді Айтжан Әбдіров.

Бұл ретте ҚазАТУ-дың аты да, заты да өзгермек. Дәлірек айтсақ, оқу ордасы жақын болашақта зерттеу университеті атанбақ.

"Біз Калифорния университетімен бірлесіп ҚазАТУ-ды зерттеу университетіне трансформациялау, яғни өзгерту бойынша ортақ бағдарлама әзірледік. Алдағы уақытта университеттің мәртебесі өзгереді. Ол үшін үкімет университеттің мәртебесін өзгерту туралы қаулы қабылдауы қажет. Бұл құжат былтыр күзде үкіметке тапсырылды. Бұйыртса, биыл тиісті қаулы қолымызға тиеді деген үміттеміз. Үкіметтің қаулысы шықса, университеттің біраз шаруасы реттеледі", – деді ол.

Бірінші проректордың сөзінше, зерттеу университеті бағдарламасын одан әрі орындап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін гранттардың құнын өсіру керек. Қысқа қайырсақ, оқу ақысын жоғарылату керек.

"Бүгінде қатардағы жоғары оқу орындарындағы гранттың құны – 346 мың теңге. Ал аталған грант бағасы ұлттық университеттерде 1,8 есеге, медициналық университеттерде 2,5 есеге көп. Сондықтан ҚазАТУ-ды зерттеу университетіне өзгерту үшін университетке қомақты кіріс керек. Оған қол жеткізудің төте жолы – грант санын ұлғайту. Яғни оқу бағасы жоғарыласа, біз үшін үлкен қолдау болмақ", – деді Айтжан Әбдіров.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші проректоры оқу ордасындағы ғалымдардың жетістіктері туралы да баяндады.

"Президент жолдауда жүргізушісі жоқ техниканы дамыту туралы да айтты.  Бұл да маңызды бағыттың бірі. Мұны әлемдік тренд десек те болады. Дүниежүзінде бұл сала жақсы дамып келеді. Елбасы атап өткендей, жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте біздің университетте геоақпараттық жүйе орталығы құрылды. Орталық "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Жобаларға оқытушылар да, студенттер де жұмылдырылуда. Бұл бағытта жинақталған айтарлықтай тәжірибеміз баршылық. Университеттің жанынан нақты егіншілікпен айналысатын орталық құруға да болады. Оның көмегімен егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжаудың, "ақылды суарудың", минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелерін қолдануға мүмкіндік бар. Осылайша өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады", – деді ол.

Айтжан Әбдіровтың айтуынша, ғылыми жобаларды өндіріске енгізу оңай шаруа емес. Бүгінде университеттің коммерциализация кеңсесінде ғалымдардың 8 жобасы өндіріске дайын тұр. Оның үшеуі құзырлы мекемелердің сынағынан өтуде. Жобалар негізінен мал және өсімдік шаруашылығын, сондай-ақ техникалық бағытты қамтиды.

"Қазірдің өзінде университетте өзгеріс  орын алуда. Егер зерттеу университеті атанатын болсақ, онда оқу процесінен бастап, түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. Өйткені Калифорния университетімен бірге жаңа алты оқу бағдарламасын дайындадық. Оның әдісі де, мазмұны да өзгеше. Зерттеу университеті болған соң, мұнда ғылыми жұмыстарға басымдық беріледі. Сондай-ақ студенттер университетті тәмамдаған соң, өздерінің жеке өндірісін ашатындай деңгейде болуы керек. Ол үшін зерттеу университетінің ішінен әртүрлі бағыттағы үлкен зертханалар ашылуға тиіс. Жоспарға сәйкес, біздің университетте 9 технологиялық платформа болуы керек. Соның бесеуі қазір жұмыс істеп тұр. Оларды одан әрі жетілдіру үстіндеміз. Осының бәрі университеттің тыңға түрен салуына жол ашпақ", – деді Айтжан Әбдіров.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу