Тақ таласындағы тиімді тәсіл

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5419

Президент сайлауы қарсаңында Ресейдің АҚШ-қа сес көрсетуінің астарында жеке адамның мүддесі жатуы мүмкін.

Тақ таласындағы тиімді тәсіл

Ресейде сайлауалды кампанияның көрігі қызып тұр. Отқа май құйып отырғандардың бірі әлдекім емес, іс басындағы президент Владимир Путиннің өзі болып отыр.

Айтып-айтпай не керек, Ресей Федерациясының басшысы 18 наурызда өтетін президент сайлауында қарсыластарын қапы қалдыру үшін саяси технологияның барлық тәсілін қолданып жатыр. Бұған орыс басшысының федералдық жиынға жыл соңында жолдайтын жолдауын наурыз айының 1 жұлдызына ауыстыруы бұлтартпас дәлел болды.

Президент сайлауынан 17 күн бұрын жолдау жолдаудан асқан ақыл жоқ. Мұны Владимир Путин жақсы білді және тиімді қолданды.

Ресей президентінің 14 жолдауы саяси-экономикалық немесе әлеуметтік қырымен емес, әскери айбынымен ерекшеленді. Ол баяндамасының тең жартысына жуығын қорғаныс саласы мен стратегиялық қару түрлеріне арнады. Сөйтті де құрлықаралық "Сармат", "Кинжал" сынды қару түрлерін жария етіп, дүйім жұртқа заманауи зымырандардың видеоаннимациясын көрсетті. Бұл Владимир Путиннің АҚШ-тың ядролық бағдарламасын жаңғыртатынын жариялаған Дональд Трампқа берген жауабы, әрі "кім күшті?" деген сауалы еді.

Кремль басшысы Ресейдің баллистикалық зымырандары АҚШ-тың зымыраннан қорғану жүйесін айналып өте алатын әлеуетке ие екеніне тоқталып, жақында қарулы күштердің қатарына қанатты зымыран мен сүңгуір қайықтар платформасында әрекет ететін баллистикалық емес ядролық кешендер қосылатынын мәлімдеді.

"Американың зымыраннан және әуе шабуылынан қорғану жүйесіне Ресейдің жаңа қару-жарақтарын тойтару оңай болмайды. Бізді ешкім тыңдамайтын, енді тыңдаңыздар!" – деді Владимир Путин.

Негізі, бұл жақсылықтың нышаны емес. Ресей президенті АҚШ-қа сес көрсету арқылы ядролық қарудың жаңа жарысын бастап отыр.

"Ресей  теңдессіз ядролық зымыран қаруына ие болды. Алдағы уақытта Мәскеу одақтастарына бағытталған ядролық соққыны өзіне қарсы жасалған шабуыл деп қабылдайды", – деді орыс басшысы.

Айта кетейік, дүниежүзі Владимир Путиннің жолдауын елеп, екшеп, ақ-қарасын ажыратып жатқан кезде Қазақстан БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық қаруға тыйым салу туралы халықаралық шартқа қол қойды. Бізге дейін бұл құжатты 56 мемлекет ресми рәсімдеп, 5 ел ратификациялаған. Өткен жылы қабылданған ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа БҰҰ-ға мүше 122 мемлекет қолдаған. Ресей мен АҚШ бұл қадамнан тыс қалған. Яғни ядролық қаруға тыйым салу туралы халықаралық шартқа қосылудан бас тартқан.

Саяси сарапшылар Владимир Путиннің биылғы жолдауы тақтан таймаудың амалы, яғни алдағы алты жылда Ресейді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаудың тиімді тәсілі деп отыр. Айтпақшы бұрын Ресей президентінің ел басқару өкілеттілігі 4 жыл еді. 2012 жылы 8 наурызда "Президент туралы" федералды заңға өзгеріс енгізілгеннен бері Ресей президенті 6 жылға сайланатын болды.

Саяси сайыс басталмай жатып сарапшылардың дені жеңісті Владимир Путинге беріп қойды. Себебі Ресей Федерациясының қазіргі басшысымен президент сайлауына түсіп жатқан 7 үміткердің арасында Владимир Путинге қарсылық көрсете алатын, қарсылық көрсету былай тұрсын, тең түсе алатын адам жоқ. Үміткерлердің қатарындағы Санкт-Петербург қаласының экс-губернаторы Анатолий Собчактың қызы Ксения Собчак, "Ресей жалпыхалықтық одағы" партиясының негізін салушы Сергей Бабурин, "атың шықпаса жер өрте" деген ұстаныммен өмір сүретін Владимир Жириновский, 90 жылдары  "Яблоко"  партиясының басшысы болға Григорий Явлинский, Ленин атындағы кеңшар директоры Павел Грудинин, Ресей Федерациясы коммунисттік партиясының мүшесі Максим Сурайкин, 2012 жылға дейін жеке кәсіпкерлердің құқығы жөніндегі уәкілетті өкіл қызметін атқарған Борис Титов қазіргі Ресей басшысының айналасындағы адамдар.

Президент сайлауына Владимир Путинге шын қарсылас бола алатын Дмитрий Медведевтің, Сергей Собяниннің, Алексей Дюминнің, Сергей Шойгудың және Валентина Матвиенконың түспеуі де көп нәрседен хабар береді. Бұған қоса Владимир Путин бір емес, екі емес, үш рет сайлауда жеңіске жеткен. Ел басқарып, соңынан Ресей халқын ерткеніне 18 жыл болды. Керек десеңіз, ол Дмитрий Медведев президент болған кезде де билікті уысынан шығармаған.  

Владимир Путиннің бәсекелестері әлсіз екенін және 2017 жылдың соңында  жүргізілген сауалнамаға жауап берген респонденттердің 82%-ы Ресейдің қазіргі президентінің ел басқара бергенін қалағанын ескерсек, президент сайлауында кімнің топ жаратынын сайлау өтпей, нәтиже шықпай тұрып топшылай беруге болады. Бүгінгі таңда Ресей халқының жартысынан көбі Владимир Путиннің жүргізіп отырған саясатты қолдайды және олар Ресейді сыртқы жаудан қазіргі президент қана қорғай алады дегенге кәміл сенеді.

Ресейдегі президент сайлауы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін деген сауалға сарапшылар салқынқандылықпен жауап береді. Олардың ойынша, екі ел арасында анау айтқандай өзгеріс болмайды.

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Ресей президентінің жолдауы АҚШ-қа ешқандай әскери қауіп төндірмейді.

"Меніңше, мұның барлығы шетелдегі аудиория үшін емес, өз еліндегі электоратқа арналып айтылған сөз. Сайлау алдындағы халықтың ойын басқа жаққа аударудың бір амалы", – деді ол.

Владимир Путиннің президент сайлауы алдында федералдық жиынға жолдау жолдауын батыстың ақпарат құралдары да саяси технология деп бағалап отыр. Батыс журналистерінің жазуынша, бұл Владимир Путиннің президент сайлауы алдындағы электоратқа арнаған саяси бағдарламасы. Кремль басшысы алдағы президент сайлауына қатысатын электораттың тамырын басып, психологиясына әсер етудің оңтайлы әдісін таңдаған.

Рас, Владимир Путин жолдау барысында өзін Ресейдің қамқоршысы һәм қорғаушысы ретінде көрсетті. Осы арқылы ол Ресей халқының санасына әлдеқандай жағдайда отқа да, суға да түсуге дайын екенін сіңірді.

Жалпы, кез келген сайлауда саясаткерлер батыл сөйлеп, көзге көрініп қалуға, сол арқылы электораттың алдында ұпай жинауға тырысады. Алысқа ұзамай-ақ қояйық, былтыр Қырғызстанда өткен президент сайлауында биліктен кеткісі келмеген президент Алмазбек Атамбаев Қазақстанға және оның билігіне қатысты неше түрлі әңгіме айтып, өзін демократ басшы ретінде танытуға тырысты. Алайда оның бұл қадамы сәтсіз болды.

Владимир Путин Алмазбек Атамбаевтың қателігін қайталамайды. Себебі ол өзіне тиімді, халқына жағымды саясат ұстанып отыр.

"Мен қауіпсіздік кепілімін, мен сіздерді қорғаймын!" – дегенді жеткізіп отырған президентті халық қалай қолдамайды?!

Айтқандайын, орайы келіп тұрғанда батыстың мерзімді баспасөзі мен ақпарат агенттіктері  Владимир Путиннің жолдауы жайлы не жазды деген сауалға соғайық.

Ұлыбританияның  Express деген басылымы "Путин әлемнің кез келген нүктесін жойып жіберетін, мүлдем көрінбейтін зымыранмен дүниежүзінің зәресін алып отыр", –  десе, The Guardian Twitter желісі арқылы "Путин АҚШ-қа сес көрсетті", – деп аттандады. Business Insider басылымы Владимир Путин сөз еткен сүңгуір қайықтарды "ақырзаманның қаруына" балады. Ал Reuters агенттігі: "Владимир Путин Мәскеу одақтастарына бағытталған ядролық соққыны өзіне қарсы жасалған шабуыл деп қабылдайды дегенді бекер айтқан жоқ", – деп жазды. The Washington Post газеті де осы мәлімдемеге назар аударып: "Ресей мен АҚШ арасындағы қарама-қайшылық күшейе түседі", – деп кесімді пікір білдірді.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу