Осыдан 184 жыл бұрын Қарағанды көмір бассейнін ашқан Апақ Байжанов бұлай болады деп ойламаған шығар, сірә?! Жайшылықта қоры алдағы 300 жылға жетеді деп кеуде кергізетін көмірдің осы уақыттағы тапшылығы бүгінгінің шындығы, ал құнының қымбаттығы сұмдығы болып тұр.
Айтып айтпай не керек, елордалықтар қыста жағатын қатты отын таппай табандарынан таусылып жүр. Ал жолы болып, көмірге қол жеткізгендері "жанатын тасты" удай бағаға сатып алуға мәжбүр болып отыр.
Былтыр тоннасы 9-11 мың теңге болған көмір биыл 15-17 мың теңгеден сатылып жатыр. Сорақысы сол, астаналықтар көмірді тонналап емес, шелектеп, кесектеп алып жүр.
Кесек түрінде сатылатын көмірдің бір қабы 1500 теңге тұрады. Қанар қапқа нығыздап салғанда 4 не 5 шелек көмір сияды. Мұнымен бір үйді бір күн жылытуға болады. Содан кейін қатасыз ба, көрпеге оранып жатасыз ба, әлде көмір алу үшін қарызға батасыз ба, өзіңіз білесіз.
Бензиннің бағасына бас қатырып жүрген жұрт көмірдің құны қыспаққа алғанда: "үкімет қайда қарап отыр?" – деп ашуға ерік берді. Ал энергетика министрi Қанат Бозымбаев көмір бағасының күрт қымбаттауына делдалдар мен алыпсатарлар кінәлі деп тапты.
Министрдің мәлімдеуінше, кеніштерде көмірдің тоннасы 2-5 мың теңге тұрады. Халыққа жеткенше баға бір емес, бірнеше есе өседі.
"..Көмiр бағасы сұраныс пен ұсыныс негiзiнде қалыптасады. Өндірушілер көмiрдің тоннасына 2-5 мың теңге сұрайды. Тұтынушыға жеткенге дейiн бағаның шарықтап кетуіне темiржол тарифi мен жеткiзушiлердің маржасы әсер етеді...", – дедi Қанат Бозымбаев
Оның сөзінше, биыл 74 миллион тонна көмір өндірілген. Яғни Қазақстанда қатты отын тапшы емес. Тек тасымал мәселесін шешу қажет.
Айта кетейік, жаңа жылыту маусымы үшін электр станциялары мен қазандықтарға 3 миллион 700 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 24%-ға көп көрсеткіш.
Біздің елде 400-ге тарта көмір өндіру кеніші бар. Олардың барлығы өздеріне би, өздеріне қожа. Бағаны қалай қойғылары келсе, солай қояды. Себебі Қазақстанда көмір бағасын мемлекет емес, нарық реттейді.
"Көмірдің дер кезінде жеткізілмеуі биыл бірінші рет болып отырған жоқ. Мұндай оқиға 3 жылдан бері қайталанып келеді. Кінә өндірушілерден емес, тасымалдаушылардан болып тұр. Себебі жүк вагондары тапшы. Неге дейсіздер ме? Олар көмірді Қырғызстанға жөнелтіп жатыр", – деді көмір сату менеджері Әзімхан Әбенов.
Ол сергелдеңге салынып, қымбат бағаға ұрынбас үшін көмірді жазда алып қойған дұрыс екенін айтады.
"Біз Шұбаркөл көмірін - 13500, Қаражыра көмірін - 11500, Богатырь көмірін- 6800 теңгеден сатып жатырмыз. Делдалдардың үстінен қанша қосып жатқанынан бейхабармыз. Ең дұрысы көмірді жазда сатып алып қою", – деді менеджер.
Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Азамат Рашитов елордадағы көмір бағасының құнына қатысты төмендегідей пікір білдірді.
"Сұйық отынның қымбаттауы, темір жол тарифінің 25%-ға ұлғаюы көмір құнының құбылуына әкеліп соқтырды. Бізде көмір бағасын реттеу құқығы жоқ, десекте ірі кен орындарымен келісімшарт жасап, халықтың қалтасын қақпаудың амалдарын қарастырып жатырмыз", – деді ол.
Бөлім басшысының мәліметінше, Астанада көмір сататын нүктелердің саны 20-ға жетпейді. Олардың барлығы нарық заңымен өмір сүреді.
Еркеғали Бейсенов