Жетісу жұрты Қаражыраның көміріне қарап отыр

Қажет Андас Қажет Андас
4129

Алматы облысында биыл тағы да көмір тапшылығы туындауы мүмкін.

Жетісу жұрты Қаражыраның көміріне қарап отыр

Жетісулықтар қысқы жылыту маусымынан алаңсыз шығу үшін өңірді жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге 329,6 мың тонна көмір керек. Бүгінгі таңда қатты отынның 40%-ы ғана дайын.

"Өңірді жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда 102 мың тонна қалдық көмір қоры бар. Облыстық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы "Алакөлжылу", "Сарқанжылу", "Қарабұлақжылу" МКМ-ға облыстық бюджет есебінен 8,7 мың тонна көмір сатып әперді. Аудандық және қалалық әкімдіктер жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарды 61,1 мың тонна көмірмен қамтамасыз етпек. Ал кәсіпорындар жыл соңына дейін өз қаражатына 121,0 мың тонна көмір сатып алады", – дейді облыстық энергетика, тұрғын-үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Кенженов.

Осыдан-ақ өңірдегі жылумен қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелерде көп қиыншылық туындамайтынын білуге болады. Есесіне жеке сектордың көмірге деген қажеттілігі жыл сайын артып келеді. Айталық бұл көрсеткіш 2016 жылы 1,35 млн тонна болса, өткен жылы 1,43 млн тоннаға жеткен. Демек сұраныс жыл сайын 70-80 мың тонна айналасында өсіп отыр.

"Биыл облыстағы жеке тұрғын үйлердің көмірге сұранысын 1,5 млн тоннаға  жеткізгенде ғана қанағаттандыруға болады. Қазіргі күнде аудан, қала әкімдерінің есебі бойынша, 890 мың тонна көмір тасылып, сатылған. Бұл жалпы қажеттіліктің 59%-ы", – дейді Асқар Жанайдарұлы.

Алматы облысына көмір Семейдің Қаражыра, Қарағандының Шұбаркөл көмір разрезінен тасымалданады.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" - ның есебіне сенсек, тамыз айында осы екі кеніштен Алматы облысына 263 мың тонна, оның ішінде Қаражырадан 135 мың тонна, Шұбаркөлден 128 мың тонна көмір тасымалданған. Облыстық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының жоспары бойынша, қыркүйектің басында қажетті көмірдің 60%-ы облыс аумағындағы арнайы көмір сататын орындарға жеткізілуге тиіс болатын. Өкінішке қарай,  19 қыркүйектегі көрсеткіш 40%-ды құраған.

"Шойын жолдың бойында жатқан Қаратал ауданы жоспарды - 41%, Кербұлақ ауданы - 26%, Талғар ауданы -36%, Райымбек ауданы-16% ғана орындаған. Керісінше, теміржол байланысы, арнайы көмір сататын қоймасы жоқ, көмірді алыстағы облыс орталығынан сатып алатын Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандары жоспардың 60%-ын еңсеріп тастаған. Мәселе жергілікті биліктің салғырттығынан туындап отыр", – дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.

Былтыр көмір тапшылығы облыс орталығы Талдықорған қаласын әбігерге салған болатын. Бұл туралы Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев: "Өткен жылы жеке тұрғын үйлердің сұранысын шешу үшін 100 мың тонна көмір дайындалған еді. Биыл қаладағы 20 114 үйді жылытуға 194 мың тонна көмір қажет екені анықталды. Қазір 95 мың тонна көмір тасылып, тұрғындарға сатылды. 19 қыркүйекте қала қоймасында 5589 тонна көмір бар екені анықталды", – деді.

Оның үстіне былтыр "Талдықорған қаласына газ келеді" деген уәдеге сеніп қалған жұрт дер кезінде көмір түсірмей, қыс келгенде қатты қысылған.

Бұл жағдай биыл да қайталанайын деп тұр.

"Бүгінде Талдықорғанды газдандырудың І, ІІ кезеңі аяқталып, ІІІ кезеңінің 86%-ы аяқталды. Осыған дейін 1260 абонентке газ тартылып, оның 1040-ы газға қосылды. Ал 1290 абонентпен келісімшарт жасалды", – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары.

Қаланы газдандырудың төрт кезеңі аяқталғанда жалпы 55 мың абонент газға қосылуы керек. Газдандырудың ІІІ кезеңі біткенде жоспардың 10%-ы ғана орындалайын деп тұр. Демек "әне, міне, газ келеді" деп үміттеніп отырған жұрт тағы да көмірсіз қалуы әбден мүмкін.

"Жылыту маусымына жететін мөлшердегі көмір бойынша көмір өндіруші компаниялармен келісімшарт жасалған. Алайда Шығыстағы Қаражыра көмір кенінен 5-6 күнде Талдықорғанға жететін вагондар теміржол станцияларындағы кедергілердің салдарынан 12-13 күнге кешігіп келіп жатыр", – дейді мәселенің мәнін тасымалдау жүйесінің қолжетімсіздігіне аударған Мәрлен Көлбаев.

Оның уәжіне жауап іздеп "Қазақстан темір жолы" АҚ Талдықорған өңірлік бөлімшесіне бірнеше рет хабарластық, алайда ешкім телефон тұтқасын көтермеді.  

Қоңыр күзде жүрісінен жаңылған жұмыс қылышын сүйреп қыс келгенде көсіліп кететініне сенім жоқ.  Оның үстіне күн суытқан сайын көмір бағасы да шарықтап бара жатыр. Қазір Талдықорғанда бір тонна көмір 13 500 теңгеден сатылса, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Ақсу мен Балқаш аудандарында 19-21 мың теңге аралығында саудаланып жатыр.

Қажет Андас

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу