Мемлекет көмірдің бағасын реттемейді

3702

Көмір саудасымен айналысатын субьектілерге 358 млн теңге айыппұл салынды. 

Мемлекет көмірдің бағасын реттемейді

Елімізде бүгінге дейін 89 млн тонна көмір өндірілді. Оның 61 млн тоннасы ішкі нарыққа ұсынылды. Энергия өндіретін кәсіпорындарға 46 млн, өндірістік кәсіпорындарға 5,6 млн тонна көмір жеткізілді. Ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке, яғни аудандық ауруханалар мен мәдениет үйлерін және мектептерді жылытуға 9,2 млн тонна көмір бөлінді. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов осылай деді. 

Оның айтуынша, 2019-2020 жылғы жылыту маусымында шамамен 10,5 млн тонна көмір пайдаланылады. Оның 2,7 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке, 7,7 млн тоннасы халыққа беріледі. 
"Осыған дейін өндірілген көмірдің 89%-ын "Шұбаркөл көмір" (28%), "Қаражыра" (25%), "Майкөбе" (25%) және "Богатырь көмір" ЖШС-ға (11%) тиесілі болды", – деді Қанат Байытов.

Бұдан кейін ол көмірдің бағасын туралы сөз қозғады. 

"Көмірдің бағасы оның сапасы мен өндірушісіне, тасымал қашықтығына  байланысты бекітіледі. Орта есеппен алғанда бір тонна көмір 7 мың теңгемен 19 мың теңгенің арасында саудаланып жатыр", – деді комитет төрағасы.

Оның сөзінше Нұр-Сұлтанда 8  компания қаланың 11 бөлігінде көмір сатады.

Көмірдің тоннасы 12 мың теңгеден саудаланады. Бұл сомаға тасымал құны кірмейді.  

"24-30 қазан аралығында елордаға 141 вагонмен 9 770 тонна көмір келді. 72 вагон көмір - "Майкөбеден", 34 вагон көмір – "Шұбаркөлден",  35 вагон көмір – "Қаражырадан" келді. "Шұбаркөл" көмірі – 12 050,  "Қаражыра" көмірі – 12 700, "Богатырь көмір" өнімі – 9 500 және "Майкөбе" көмірі – 13 мың теңгеден сатылып жатыр",– деді Қанат Байытов.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Әлжановтың айтуынша, мемлекет көмірдің бағасын ретемейді. Бағаны нарық субьектілері белгілейді. 

"2017-2018 жылғы жылыту маусымында антимонополиялық орган "Қаражыра", "Шұбаркөл", "Майкөбе" компанияларын сонымен қатар бөлшек және көтерме саудамен айналысатын 96 жеткізушіні 21 рет тексерді. 

Нәтижесінде бағаны заңсыз өсіруге қатысты 12 факті анықталды. 50 субьекті әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 358 млн теңге айыппұл салынды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу