Биыл көмір қаншадан сатылады?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5876

Ішкі істер департаменті алыпсатарлармен күреседі. 

Биыл көмір қаншадан сатылады?

Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 71,9 млн тонна көмір өндірілді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға кем болды.

Былтыр жер қойнауынан 73,6 млн тонна қатты отын алынған еді.

Салыстыру үшін нақтылай кетейік, 2018 жылы елімізде 118,5 млн тонна көмір өндіріліп, бір жыл бұрынғы көрсеткіш 5,5% өсім көрсеткен. Павлодар облысы елге - 70,6 млн, Қарағанды облысы - 39,4 млн, Шығыс Қазақстан облысы - 8,3 млн тонна көмір берген.

Нұр-Сұлтан қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұловтың дерегінше, дәл қазір астана жылыту маусымына дайын.

"Биыл былтырғыдан 20 мың тоннаға артық көмір қоры қалыптасты. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында көмір қоры 100 мың тоннаға жетті. Бұл  

өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш", – деді ол.

Бөлім басшысының баяндауынша, биыл алыпсатарлардың дегені болмайды. Көмір бекітілген бағамен, сапасына қарай 12-14 мың теңгеден сатылады.

Көмір сатушылардың мекенжайы мен көмірдің бағасын тәуліктің кез келген уақытында 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады.

Естеріңізге салайық, елордада көмір сатумен айналысатын "Магнит 21 век" ЖШС (Герцен к., 6/2); "Айтқожынова" ЖК (Герцен к., 6Б); "Умар KZ" ЖШС (Дулатов к., 182/1); "Бек Айда" ЖШС (Жұбанов к., 35); "Северэнергоугольснаб" ЖШС (Герцен к., 4/1); "Жігер Астана" ЖШС (Көктал 28/1); - "Сабина" ЖШС (№40 станса) сынды 7 ірі компания бар.

Мақсат Есмағұловтың айтуынша, көмірдің бағасы тасымал құнының өзгеруіне қарай құбылады. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен көмір өндіруші кәсіпорындар бағаны көтермесе, биыл көмір қымбаттамайды. Ал алыпсатарлармен қалалық ішкі істер департаменті күреседі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жыл басынан бері көмір саудасы  "Виртуалды қойма" модулі ақпараттық жүйесі арқылы  онлайн бақылауға алынған. Бұл салық төлеушінің қоймасында қанша көмір тұрғанын білу және көмірді кіріс құжатынсыз сатуға тосқауыл қоя үшін қажет.

"Виртуалды қойма" модулі заңсыз операциялардың жолын кесіп, көмір өндіретін және сататын компаниялардың көлеңкелі ақша айналымының алдын алады", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, әлемде 1,1 трлн тонна көмір қоры бар. Оның негізгі бөлігі АҚШ-қа (250,2 млрд тонна), Ресейге (160,4 млрд тонна) және Аустралияға (147,4 млрд тонна) тиесілі. Қытай (138,8 млрд тонна) мен Үндістан (101,4 млрд тонн) да көмірден кенде емес. Ал Қазақстан әлем бойынша көмір қорының көрсеткішімен (25,6 млрд тонна) 10 - орынға орналасқан.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы дүниежүзінде 3,9 млрд тонна көмір өндірілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға, яғни 3,8 млрд тоннаға көп көрсеткіш.

Біле жүріңіз, былтыр Қазақстанда 73,6 млн тонна көмір өндірілді. Бұл дүниежүзілік көмір өндірісінің 4,9%.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу