"Қонақ аз отырып, көп сынайды"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4458

Қазақстан "ЭКСПО-2017" көрмесінде не көрсетеді, қонақтар қалай орналастырылады және қандай қауіпсіздік шаралары қолданылады?

"Қонақ аз отырып, көп сынайды"

Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесі кезінде еліміздің полиция қызметкерлері мобилизацияланады, ал Астана қосымша азық-түлік алуға дайындалып жатыр.

Астана қонақтарды қалай қарсы алады?

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесіне дайындық мәселелері, сондай-ақ Астана қаласын дамытуға арналған отырыс барысында елорданың әкімі Әсет Исекешев қала көрме қонақтарын қарсы алуға дайын екенін мәлімдеді. Еске сала кетейік, көрмеге шамамен 2 млн адам келеді деп күтілуде.

Астананың қонақ үйлеріндегі бөлмелердің жалпы саны 35 мың орынды құрайды. Әкімдіктің жанынан өңірлермен бөлек жұмыс істейтін брондау бөлімі құрылды. Одан бөлек оқушылар мен студенттердің 11 жатақханасы алдын-ала брондалды.

Тамақтану мәселесінде де ешқандай қиындық тумауы тиіс. Есеп бойынша, тамақтанатын 110 мың орын қажет, қазіргі кезде Астанада 850 тамақтану орны бар.

"Осы үш айда азық-түлік тұтыну 20-30%-ға артып, 160 мың тоннаға жетеді деп күтіледі. Сақтау орындары жеткілікті, өңірлерден келетін жәрмеңкелер кестесін бекіттік, сондай-ақ тапшылық орын алып, қымбаттауы мүмкін 30 өнім түрі бойынша банктермен, сауда кәсіпорындарымен бірлесіп, бағдарлама жасадық, бұл өнімдердің тұрақты түрде жеткізіліп отыруын қамтамасыз етеміз", – деп сендірді Астана қаласының әкімі.

Сонымен бірге мәдени-спорттық бағдарлама да жасалып қойған. Әсет Исекешевтің айтуынша, бағдарлама барлық 93 күнге бөлінген, соның аясында 18 халықаралық спорттық жарыс, сонымен бірге әр адамның талғамына қарай, театр, цирк, фестивальдары және тағы басқа да жүздеген іс-шара өткізілмек.

Әуежайда, вокзалдар мен қонақ үйлерде, саябақтарда қонақтарды түрлі тілдерді меңгерген мыңға тарта волонтер күтіп алады. Арнайы қала қонақтары үшін 8 ақпараттық дүңгіршек іске қосылды, туристерге арналған нұсқаулықтар, туристік бағыттар жасалды.

Туристерге медициналық қызмет көрсету мәселесі де шешілді: көрменің аумағында 7 медициналық бөлім жұмыс істейді, қала бойынша 13 медициналық мекеме дайын тұр, дәрігерлер, оның ішінде ағылшын тілін білетіндер даярланды. Қонақтар тұратын жерде медициналық бөлімшелер ашылады.

Бірінші орында қауіпсіздік

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім еткендей, көрменің ашылуына бір ай қалғанда "ЭКСПО" кеңсесінің ғимаратында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы жұмыс істей бастайды. Бүгінгі күннің өзінде "ЭКСПО" аумағында полиция бөлімшесі құрылған, көрме маңайында штаттық саны 130 адамды құрайтын өрт сөндіру депосы іске қосылған. Мамыр айында әуежайдағы (75 адам) және жаңа теміржол вокзалындағы (55 адам) полиция бөлімінің жұмысы іске қосылады. Жалпы қоғамдық тәртіпті қорғауға 5 мыңнан астам ішкі істер органының қызметкері, 3300 әскери қызметкер, 500 ІІМ жоғары оқу орындарының курсанттары мен офицерлері, сондай-ақ жекеменшік қауіпсіздік құрылымдарының 630 жұмыскері мен шет тілінде еркін сөйлейтін жоғары оқу орындарының 174 студенті тартылады.

"Жұмысқа тартылған қызметкерлердің барлығы тексеру жүргізу дағдыларын үйрету  курсынан өтті, сондай-ақ ағылшын тілін меңгерді", – деп мәлімдеді министр.

Елдің өзге өңірлерінен тартылатын қызметкерлер елордаға 10 мамырда келеді. Ал маусым айынан бастап көрме аяқталғанға дейін ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген түріне ауыстырылады. Орын алуы мүмкін жарылыстарға баса көңіл бөлінген. Министрдің сөзінше, жарылғыш құралдарды іздестіру іс-шараларына 53 кинолог пен 16 техник маман жұмылдырылады. Көрменің барлық нысандарында тұрақты бейнебақылау жүргізіледі, ол үшін 2 мыңнан астам бейнекамера орнатылған.

"Көрме кешенінің маңында қауіпсіздік аймағы орналасады, ол жерге жүк көліктеріне кіруге тыйым салынған. Оған қоса жүк көлігінен қорғау және жарылыс салдарын азайту мақсатында 450 бетон блоктары орналастырылады. Сонымен қоса қалаға кіру бекеттерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі", – деп хабарлады ІІМ басшысы.

Қазақстан "ЭКСПО" көрмесінде не көрсетеді?

Қазақстан көрмеде жеке павильонды иеленеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, болашақ энергиясына арналған тақырыптық бөлім төрт экспозициядан құралады.

Алғашқысында Елбасының энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамалары ұсынылады. Ол үшін президент  телерадиокешені "Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы", "Жасыл көпір" серіктестік бағдарламасы", "Жаһандық энергоэкологиялық стратегия" тақырыптары бойынша бейнеролик әзірледі. Қазіргі кезде бұл бейнероликтің соңғы нұсқасы аяқталуға жақын.

Екінші экспозиция – "Болашақ энергиясы" тақырыбы бойынша отандық ғалымдар мен ұйымдардың жобалары. "Аталған экспозицияда отандық ғалымдар мен ұйымдардың  28 жобасы ұйымдастырылады. Қазіргі кезде министрлік ұлттық компаниямен бірлесіп, барлық жобалардың бейнекөрсетіліміне дайындалып жатыр. Солардың ішінен 11 жоба бойынша жұмыстың негізгі қағидалары көрсетілетіндей макеттер әзрленеді", – деді министр. Макеттер Қазақстанның энергетика министрлігінің қадағалауымен Ресейде жасалады.

Үшінші экспозиция "Қазақстан жасыл экономика жолында" деп аталады. "Біздің әлемге көрсетеріміз бар: қазіргі кезде Қазақстанда сарқылмайтын энергия көздері бойынша 50 жоба іске асырылды. Бұл жобалардың барлығы біздің павильондағы интерактивті картада орналастырылады.  Кез келген адам келіп, қай жерде не жұмыс істейтінін көре алады", – деді Қанат Бозымбаев.

Төртінші экспозиция тек бір ғана жобаға арналады, ол – қазір Курчатовта салынып жатқан Тоқамақ термоядролық материалтану реакторы. Энергетика министрлігінің басшысы президенттен көрменің ашылуында реакторды салтанатты іске қосуын сұрады.

"Ол уақытқа дейін павильонда Тоқамақтың ішкі құрылысының макеті орналастырылады, – деп түсіндірді ол. – Макетке қосымша сфера түріндегі ақпараттық дүңгіршектер орналастырлады, онда термоядролық энегетиканы жасаудың негізгі кезеңдері жазылады. Жұмыс адамзат баласының термоядролық энегетиканы игеру жолындағы талпынысын көрсетеді, ал бұл баршамыз білетіндей, болашақ энергиясы. Тоқамақ іске қосылғаннан кейін республика мұндай заманауи құрылыстары бар әлемнің 7 елінің қатарына енеді".

 Көрмеге дейін, көрмеден кейін

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов бүгінгі күні көрменің 20 нысанының 18 нысаны салынып біткенін айтты. Конгресс-орталық пен қонақ үйдің құрылысы жалғасып жатыр, қайта жобалау нәтижесінде шығынның 39 млрд теңгесін қысқарту мүмкін болды. Бұл нысандардың құрылысы мамыр айының ортасында аяқталады деп жоспарланған. Ахметжан Есімовтың айтуынша, осы нысандардың құрылысына демеушілерден 38,5 млрд теңге қаражат тартылған, оның ішінде 22,8 млрд теңге ақшалай берілсе, 15,7 млрд тауар түрінде ұсынылған.

"Демеушілердің аударымдары мен билет сатудан түскен қаражаттан бөлек, ұлттық компания сервисті коммерцияландыру, "ЭКСПО" брендін лицензиялау мен пайдаланудан және қаражатты тиімді қайтарудан табыс түсірді. Барлық түсімдерді ескерсек, кіріс пен шығысты есептей келе ұлттық компания мемлекет бюджетіне 25 млн теңгені қайтарамыз деп жоспарлап отыр", – деп мәлімдеді ол.

Компанияның алдында көрме аяқталғаннан кейін нысандардың тағдырын шешу міндеті тұр. Ахметжан Есімовтың айтуынша, нысандардың көрмеден кейін пайдаланылуы оның тиімділігі мен өз шығынын өтеуіне байланысты шешіледі.

"ЭКСПО" өткізілгеннен кейін корпоративті павильон мен төрт халықаралық павильон бос қалады. Оларды көрмеден соң пайдалану жөнінде жоспар бар: копоративті павильонда БҰҰ-ның қамқорлығымен жасыл технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру жоспарланған, мұндай идеяны ел президенті ұсынды", – деді Ахметжан Есімов.

Павильондардың енді біреуінде көпфункциялы көрме кешенін құру жоспарда бар, ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Тағы біреуінде ұлттық компания әлемнің дамыған елдерінде кеңінен енгізіліп жатқан Job walt заманауи білім беру орталығын құрмақ.

"Осындай орталықтарды дамыту жөніндегі көшбасшы Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерттедік. Мұнда баланы жас кезінен бастап түрлі мамандықтарға үйрете бастайды. Бұл орталықтар мемлекеттікі, бірақ қаржыландыруға жекеменшік бизнес белсенді қатысады, себебі олар өз компаниялары үшін білікті кадрларды даярлауға мүдделі. Біздің ойымызша, мұндай орталық құру көрменің дайын павильондарын кешенді пайдалануға мүмкіндік береді" – деп түсіндірді Ахметжан Есімов.

Ирина Севостьянова, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу