Қорғаныс министрлігі шығынды өтейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2772

Ішкі істер және қорғаныс министрліктері қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан сан соғып қалған кәсіпкерлердің мәселесіне "Атамекен" араласты.  

Қорғаныс министрлігі шығынды өтейді Фото: atameken.kz

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың баяндауынша, 2016 жылдың желтоқсан айында қорғаныс министрлігіне қарасты 20015 әскери бөлімі мен түрлі қызмет көрсетумен айналысатын 11 кәсіпкерлік субъектісінің арасында қосымша келісімшартқа қол қойылған.  

"Келісімге сәйкес, бизнес субъектілері қолданыстағы негізгі келісімшарт мерзімі аяқталған соң, яғни алдағы жылға арналған жаңа конкурстық шаралар аяқталып, қорытындысы шыққанға дейін 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында әдеттегі қызметтерін жалғастыруы керек. Яғни әскерилерді тамақпен қамту ісімен ары қарай айналысуы қажет. Ал конкурстық шаралар аяқталған соң, министрлік аталған кәсіпорындардың ақшасын қайтарып, олармен жаңа келісімшартқа отыруға тиіс болған.

Алайда кәсіпорындар өз қызметін ойдағыдай тындырса да, министрлік атқарылған жұмыс актілеріне қол қоюдан бас тартқан. Тиісінше қаңтар-ақпан айларында көрсетілген қызметтердің ақысы әлі күнге дейін төленбеген. Осының салдарынан бизнес өкілдері айтарлықтай шығынға батып отыр", – деді Олег Савеленко "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің отырысында.

Департамент директорының сөзінше, қазіргі таңда 11 кәсіпорын шамамен 200 млн теңге шығынға батып отыр. Бұл жағдай бизнес субъектілерінің салықтық және несиелік міндеттемелерін орындауына кедергі келтіруде. Оның үстіне кәсіпорын қызметкерлеріне уақытылы еңбекақы төлеу де өзекті мәселеге айналған.

"Министрлік мамандары мемлекеттік сатып алу туралы келісімдерді қазынашылық органдарына уақытылы тіркемеген. Сондықтан министрліктің бизнес субъектілеріне көрсетілген қызмет ақысын өтеуіне ешқандай заңдық негіз жоқ. Ведомства мен кәсіпорындар арасындағы даудың туындауына осы жағдай себеп болып отыр. Ал бұл жағдайға кінәлі қызметкерлердің бәрі жұмыстан әлдеқашан шығып кеткен", – деді Олег Савеленко.

Департамент директоры баяндағандай, бұл іске қатысты сот болған. Алайда сот кәсіпкерлердің өтінішін қанағаттандырған жоқ. Ал екінші аппеляциялық сатыда алғашқы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жебірілген. Осылайша кәсіпкерлер бір жыл бойы өздеріне тиесілі қаржысын ала алмай жүр.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Өндіріс ҚұрылысТехМонтаж" компаниясы да дәл осындай жағдайға тап болып отыр.

Олег Савеленконың сөзінше, ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы мен аталған компания арасында келісімшартқа қол қойылған. Келісімге сәйкес, компания 697 млн теңгеге оқу орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс болған. Жұмыс кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы керек. Тиісінше қаржы да кезең-кезеңімен аударылуы шарт. Сондықтан келісімшарттар жыл сайын бекітіліп отырған.

"2014 жылдың қараша айында тапсырыс беруші мердігердің атына кепілхат жазып береді де, кезекті келісімшарт бекітіледі. Кепілхатқа иек артқан компания 2015 жылға жоспарланған өз міндеттемелерін орындауға кіріседі. Осылайша компания 68 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жұмысын жүргізеді. Тапсырыс беруші жұмысты қабылдап алады. Мұны дәлелдейтін тиісті актілер бар. 2015 жылы тараптар 200 млн теңгеге кезекті келісімшартқа қол қояды. Алайда тапсырыс беруші аталған келісімшартты қазынашылық органдарына тіркемеген. Ал бұған дейінгі келісімшарттарды тіркеу бойынша ешқандай кемшілік жоқ. Сондықтан осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстан неліктен шикілік шыққаны түсініксіз. Оның үстіне тапсырыс беруші мердігер компанияға келісімшарттың қазынашылық органдарына тіркелмегенін ескертпеген. Осылайша компания өзіне тиесілі қаржысын ала алмай, сотқа жүгінген", – деді Олег Савеленко.

Сот серіктестіктің өтінішін қанағаттандырмаған. Себебі келісімшарт қазынашылық органдарына тіркелмеген болып шықты. Осылайша екі жыл бойы сот процестерінен көз ашпаған компания қиындыққа тірелген.

Кеңестің отырысына қатысқан ҚР қорғаныс министрлігі мемлекеттік сатып алулар бас басқармасының бастығы Александр Степаненконың сөзінше, ведомства кәсіпкерлердің қаржысын қайтаруға дайын. Бірақ бұл үшін заңдық негіз жоқ.

"Сондықтан сот процестерінің аяқталуын күту керек. Ал сот кәсіпкерлердің өтінішін қанағаттандырып отырған жоқ", – деді Александр Степаненко.

ҚР қаржы министрлігі қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Байғожинаның айтуынша, біріншіден, бұл жерде қорғаныс министрлігінің қызметкерлері салғырттыққа жол берген. Екіншіден, қосымша келісімшарттар уақыты өтіп кеткен негізгі келісімшарттарға бекітілген. Ал мұндай жағдайда қосымша келісімшарт есепке алынбайды.

Кеңес отырысына қатысқан қорғаныс министрлігінен тиісті қаржысын ала алмай жүрген кәсіпкерлердің адвокаты Мұхтар Қожахметов 24 қаңтар күні сот шешімі шыққанын мәлімдеді. Бұл жолғы сот кәсіпкерлердің пайдасына аяқталған. Яғни қорғаныс министрлігі 200 млн теңгені қайтаратын болды.

"Атамекен" ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтың айтуынша, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің тарапынан жіберілген мұндай орынсыз қадамдар мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді.

Кеңес мүшелері қорғаныс министрлігіне қатысты жағдайды назарда ұстамақ. Ведомства бір айдың ішінде кәсіпкерлердің қаржысын қайтарып беруі керек.

Ал ІІМ қатысты мәселе әлі де болса егжей-тегжей тексеруді талап етіп отыр. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберіледі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу