Коронавирус: әлем бойынша 1 сәуірдегі соңғы жаңалықтар

4690

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, әлемдегі науқастардың саны 855 мыңнан, ал қаза болғандар саны 42 мыңнан асқан. 

Коронавирус: әлем бойынша 1 сәуірдегі соңғы жаңалықтар

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш коронавирус пандемиясын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бергі адамзат басына төнген ең ауыр сын-тегеурін деп отыр. Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, әлемдегі науқастардың саны 855 мыңнан, ал қаза болғандардыкі 42 мыңнан асқан.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 24 адам аурудан айықты. 369 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Қаза тапқандар саны - 3. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. 

Көрші елдердегі жағдай 

CGTN басылымының дерегі бойынша, Қытайда осы күнге дейін вирусты 81518 мың адам жұқтырған. Оның 3314-і қаза тапты. Пандемияға байланысты оқу орындарындағы емтихан қабылдау процесі шілде айына шегерілді. Ухань қаласының билігі 8 сәуірден бастап көліктердің және адамдардың шаһарға кіріп-шығуына рұқсат берді. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 2337-ге, вирус құрбандарының саны 17-ге жеткен. 121 кісі аурудан айыққан. "Сколково" инновациялық орталығының ғалымдары коронавирусты өлтіретін әдісті тапты. Мамандардың айтуынша, салқын плазмамен өңделген су вирустың көзін жояды екен. Препаратқа "Мегнарил" деген атау берілді. Мұндай суды масканы, әртүрлі заттарды тіпті ауаны зарарсыздандыру үшін қолдануға болады.

Еске сала кетсек, 30 наурызда Ресейдегі ғылым академиясының мамандары Covid-19 деп аталатын коронавирус инфекциясына қарсы 3 вакцинаны ("Триазивирин", "Фавипиравир", "Фортепрен") жариялаған болатын. Ал оған дейін елдегі Федералды медико-биологиялық агенттік осы ауруды емдеуге арналған "Мефлохин" (малярияға қарсы дәрі) негізінде жасалған препаратты таныстырды. 

Қырғызстанда науқастардың саны 107-ге жеткен. Бішкек, Ош, Жалал-Абадта, Ош облысының Ноокат және Қара-Сүй аудандарында, Жалал-Абад облысының Созақ ауданында төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді. 

Өзбекстандағы аурулардың саны 173-ке жетіп, 8 адам жазылған. Билік 16 наурыздан бастап 30 сәуірге дейін басқа елдермен арадағы көлік қатынасын тоқтатып тастады.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-та науқастардың саны 186 мыңға жетіп, 3800 тұрғын ажал құшқан. Ел президенті Дональд Трамп әлеуметтік оқшаулануды 30 сәуірге дейін ұзартты. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9887-ге жетіп, 165 кісі қаза тапқан. Бұл ел эпидемиологиялық қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Әсіресе, Тэгу қаласы мен Кенсан-Пукто провинциясының үш қаласы апат аймағы деп жарияланды. 1 сәуірден бастап бұл елге келушілердің барлығы екі апталық карантинге жабылады. Карантин тәртібін бұзғандар 1 жылға бас бостандығынан айырылады не оларға 8200 доллар көлемінде айыппұл салынады. 

Италияда науқастардың саны 105 мыңнан асты, оның 12 мыңы қаза тапқан. Бұл елде карантин режимін бұзғандарға 400-3000 еуро көлемінде айыппұл салынбақ. 

Мексикада вирусты жұқтырғандардың саны 1215-ке жетіп, 29 адам қайтыс болған. Жергілікті билік 30 сәуірге дейін төтенше жағдай жариялап, карантиндік шараларды қатаңдатты.

New York Post басылымының дерегінше, Covid-19 инфекциясынан жазылған адамның денесінде вирус 8 күнге дейін сақталып, басқаларға жұғуы мүмкін. American Journal of Respiratory және Critical Care Medicine жариялаған зерттеу нәтижесі бойынша, ғалымдар аурудан айыққан 16 адамға сынақ жүргізіп, жазылған күннің өзінде олардың жартысы әлі де қоғамға қауіпті екенін дәлелдеген. 

Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. G20 елдері індет салдарымен күреске 5 трлн доллар бөледі. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу