Коронавирус: әлем бойынша 26 наурыздағы соңғы жаңалықтар

4823

Соңғы мәлімет бойынша, барлық елдердегі вирус жұқтырғандардың саны 460 мыңнан асып кеткен.  

Коронавирус: әлем бойынша 26 наурыздағы соңғы жаңалықтар

G7 елдері Дүниежүзілік денсаулық ұйымына коронавирус салдарымен күресте қаржылай көмегін бермек. Ал G20 елдері көшбасшыларының саммиті видео конференция форматында 26 наурызда өтетін болды.

Жиында жаңа коронавирус пандемиясы талқыланбақ.  Соңғы мәлімет бойынша, барлық елдегі вирус жұқтырғандардың саны 460 мыңнан асып кеткен. 

Коменданттық сағат енгізген елдер: Албания, Германия (Миттертайх қаласы), Грекия, Сербия, Францияның бірқатар қалалары, Сенегал, ОАР, Эквадордың бірқатар провинцияларында, Египет, Иордания, Ирак, Кувейт,Мавритания, Палестина, Сауд Арабиясы, Тунис, Шри-Ланка.

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар 

Қытайда осы күнге дейін вирусты 81898 адам жұқтырған. Оның 3287-сі қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, екеуі Тайваньда). 73795 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 380 мыңнан асқан. Вирус әлемнің 160-тан астам еліне таралып кеткен. 

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 109 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Оның екеуі аурудан айыққан. Науқастардың 40-ы Алматыда, 61-і Нұр-Сұлтанда, 2-еуі Қарағандыда, 1-еуі Алматы облысында, тағы 1-еуі Ақтөбе облысында, 2-еуі Шымкентте, 1-еуі Солтүстік Қазақстан облысында, 1-еуі Жамбыл облысында. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ Сенаты пандемияға байланысты экономиканы ынталандыру мақсатында 2 трлн доллар бөлу туралы заң қабылдады. Енді құжатқа Дональд Трамп қол қойып, өкілдер палатасы мақұлдауға тиіс. Жалпы, елдегі науқастардың саны 60000-нан, қаза тапқандардыкі 809-дан асты. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 658-ге жетіп, адам қайтыс болды. 29 кісі аурудан айыққан. 90 мыңдай тұрғын қазір дәрігерлердің бақылауында. Індеттің таралуын тежеу мақсатында ел президенті Владимир Путин келесі аптаны демалыс деп жариялады. Демалыс 28 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін жалғаспақ. Жергілікті билік 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетелдіктердің елге келуіне шектеу қойды.

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 25 наурыздан бастап коменданттық сағат енгізілді. Елдегі науқастардың саны 44-ке жеткен. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды. 

Өзбекстандағы аурулардың саны 60-қа жеткен.  Ел астанасы Ташкент пен Наманған қаласы карантинге жабылды. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9241-ден асып, 131 кісі қаза тапқан. Бұл ел эпидемиологиялық қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Әсіресе, Тэгу қаласы мен Кенсан-Пукто провинциясының үш қаласы апат аймағы деп жарияланды. 

Италияда науқастардың саны 74386-дан асты, оның 7503-і қаза тапқан. Жергілікті биліктің карантин режимін бұзғандарға 400-3000 еуро көлемінде айыппұл салмақ.Бұл елде вирустан қаза табу фактілері күрт көбейе түскен. 30 мың науқас Ломбардияда тіркелген, мұндағы ауруханаларда орын тапшы.  

Британияда аурулардың саны 9529-ға жетіп,оның шамамен 463-і ажал құшты. Ел парламенті 21 сәуірге дейін жұмысын тоқтатты. 

Мексикада вирусты жұқтырғандардың саны 475-ке жетіп, 6 адам қайтыс болған. 

Польшада науқастардың саны 1031-ге жетіп, 14 адам қайтыс болды. Жергілікті билік шекараны жауып, елге келушілерді 14 күндік карантинге жатқызып жатыр. 27 наурыздан бастап парламент депутаттары қашықтықтан жұмыс істеуге көшеді. Нақтырақ айтқанда, отырысқа тек санаулы заң шығарушы қатысса, қалғандары қашықтықтан бақылайтын болады.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. Қазір ұйым ауру симптомдары жасырын адамдардан вирустың қалай жұққанын зерттеп жатыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу