Коронавирус: әлем бойынша 27 наурыздағы соңғы жаңалықтар

4552

Жалпы, вирус жұқтырғандардың саны 530 мыңнан асса, 24 мыңнан астам адам көз жұмды. 

Коронавирус: әлем бойынша 27 наурыздағы соңғы жаңалықтар

G20 елдері індет салдарымен күреске 5 трлн доллар бөледі. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық сақталуда, шикізатқа деген сұраныс кеміп барады. Жалпы, вирус жұқтырғандардың саны 530 мыңнан асса, 24 мыңнан астам адам көз жұмды.

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар 

Қытайда осы күнге дейін вирусты 81 мың адам жұқтырған. Оның 3 мыңы қаза тапты . 74588 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 450 мыңнан асқан. 

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 2 адам аурудан айықты. 125 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 48-і Алматыда, 61-і Нұр-Сұлтанда, 4-еуі Қарағандыда, 1-еуі Алматы облысында, тағы 1-еуі Ақтөбе облысында, 2-еуі Шымкентте, 1-еуі Солтүстік Қазақстан облысында, 3-еуі Жамбыл облысында, 1-еуі Павлодар облысында, 3-еуі Атырау облысында. 1 адам қаза тапты.16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-тағы Вашингтон Университетінің зерттеушілері пандемия кесірінен алдағы төрт айда 81000 адам қайтыс болады және індеттің өршуі маусымда басылады деп топшылап отыр. Жалпы, елдегі науқастардың саны 85000-нан, қаза тапқандардыкі 1200-ден асты. Ел Сенаты пандемияға байланысты экономиканы ынталандыру мақсатында 2 трлн доллар бөлу туралы заң қабылдады. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 1036-ға жеткен. 29 кісі аурудан айыққан. 90 мыңдай тұрғын қазір дәрігерлердің бақылауында. Індеттің 58 өңірге таралып кеткен. Жергілікті билік халықаралық әуе қатынасын тоқтатып тастады.Тек шет елдердегі ресейліктердің елге қайтуына рұқсат етілді. Індет өршіп тұрған елдерден қайтарылатын олар коронавирусты анықтайтын тестен өтетін болды. 

Қырғызстанда науқастардың саны 58-ге жеткен. Осыған байланысты елде төтенше жағдай режимі енгізілді. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды. 

Өзбекстандағы аурулардың саны 83-ке жетіп, 1 адам қаза тапты. Үкімет 16 наурыздан бастап 30 сәуірге дейін басқа елдермен арадағы көлік қатынасын тоқтатып тастады. 24 наурыздан бастап Ташкент, Бұхара, Андижан, Гүлістан, Наманган және Самарқанд қалаларында карантин жарияланды. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9332-ден асып, 144 кісі қаза тапқан. Бұл ел эпидемиологиялық қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Әсіресе Тэгу қаласы мен Кенсан-Пукто провинциясының үш қаласы апат аймағы деп жарияланды. Алдағы 15 күнде тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді. 

Италияда науқастардың саны 80539-дан асты, оның 8165-і қаза тапқан. Жергілікті биліктің мәліметінше, 6205-ке жуық медициналық қызметкер ауруға шалдыққан. Бұл елде карантин режимін бұзғандарға 400-3000 еуро көлемінде айыппұл салынмақ. 

Германияда аурулардың саны 42288-ге жетіп,оның шамамен 253-і ажал құшты. Індет әсіресе Бавария, Баден-Вюртембергеде көбірек тіркелген. Жапонияда вирусты жұқтырғандардың саны 1405-ке жетіп, 57 адам қайтыс болған. 

Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын.G20 елдері індет салдарымен күреске 5 трл доллар бөледі. Ал Еуроодақ 140 млн еуро шығындамақ.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу