Коронавирус күн санап өршіп келеді

Қызылорда облысы толықтай карантинге жабылды.

Коронавирус күн санап өршіп келеді

Қызылордада қатерлі індетке шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Эпидемиялық ахуал тұрақсыз. Облыс халқы таңның атуын үреймен қарсы алатын болды. Індеттің кең таралуы тұрғындардың жүйкесіне әсер етуде. Жалған ақпараттар таратқан екі тұрғын жазасын алып та үлгерді. Адамдар мен барлық көлік түрлерінің қозғалысы шектелді.

Бүгінгі таңғы есеп бойынша облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Қызылорда қаласында – 6, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 2, Шиелі ауданында 2 оқиға тіркелген. Олармен байланыста болған 500-ге жуық тұрғын карантинге алынды. Бұл азаматтар инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарда жатыр.

Қараша халық вирустың жаппай белең алуын әу бастағы инфекцияны жұқтырған науқасты дер кезінде оқшауландырмағаннан көреді. Ол рас та. Жауаптылардың науқасты анда-мында сандалтып қойғаны туралы облыс əкімінің өзі де айтты. Қызметтік тексеріс жүріп жатқаны да белгілі болды. Дер кезінде науқаспен сақтық шаралары ұйымдастырылмады. Жалпы, көптің көкейінде осы тектес сұрақтар жетерлік. Денсаулық сақтау басқармасының "халықтың бейқамдығы себеп" деген қисынсыз әңгімесі де көптің көңіліне тиіп тұр.

"Егер де халық шынымен бейқам болса, қала мен аудандағы дəріханалардың сөресінде қорғаныш бетпердесі мен антисепиктер, медициналық қолғаптар самсап тұрар еді ғой", – дейді қала тұрғыны Еркін Абдулла.

Облыс орталығы карантинге жабылғалы 5 жерге блок пост қойылды. Бұл кәсіпкерлік мақсаттағы жүк таситын көліктердің ағынын тежегенімен өңіплік кәсіпкерлер палатасы жедел шешім қабылдап, билік органдарымен бірлесе жүктерді "жасыл дәліз" арқылы өткізіп, облыс халқын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Ал танымал кәсіпкерлер, өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшелері Қайрат Боранбаев пен Мұрат Сарсембаев қажеттілік туындаған жағдайда меншіктеріндегі қонақүйлерін медициналық қамтамасыз етілетін карантиндік жатақ етіп беруді ұсынды.

"Елімізге келген алапат ауруға қарсы күреске атсалысу мақсатында аэропорт тұсындағы қонақ үй кешені мен "Қызылорда" қонақүйін беруге дайынбыз",– деп мәлімдеме жасады кәсіпкерлер.

Сонымен бірге "Q-MED" клиникасының директоры Раушан Базарбайда қиын-қыстау уақытта көмегін беретінін жеткізіп: 

"Әрине, біз де медицина саласында болған соң, күні-түні сапта тұрамыз. Бүгінгі таңда 13 адамнан құралған мамандарым екінші клиникада аймақтың түкпір-түкпірінен келген науқастардың емдері үзілмес үшін толық карантиндік, ауысымсыз жұмысымызды жалғастырудамыз.Біздің клиникамыз медициналық талаптарға сай 35 жатын орны, әр палатада жуыну, дәрет алу қосалқы бөлмелері бар. Өкпе ауруларына ем болатын тұзды шахтасы, инфрақызыл саунасы бар, профилактикалық қызметі жабдықталған емхана. Осы жабдықтарымен, төсек орындарымен қажет болған жағдайда карантиндік науқастарға беруге әзір екенімді жеткіземін", – деді. 

Бұған дейін де, Атамекен ҰКП мүшелері Ділмұхамед Абызов, Аида Керімқұлова және өзге де кәсіпкерлер халыққа тегін маска таратып, өңір тұрғындарына моральдық қолдауларын көрсеткен болатын. Аудан кәсіпкерлері де қауіпті дерттің алдын-алу үшін шама-шарықтарына орай көмек қолдарын созуда.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу