Коронавирус: Павлодар қауіпті індетпен қалай күресуде?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2862

19 наурыздағы дерек бойынша өңірдің 74 тұрғыны бақылауға алынды. 

Коронавирус: Павлодар қауіпті індетпен қалай күресуде?

Коронавирус жұқтырғандар жоқ

Құдайға шүкір, әзірше Павлодар облысында коронавирус жұқтырғандар жоқ. Десе де, 19 наурыздағы дерек бойынша өңірдің 74 тұрғыны бақылауға алынды. Оның 23-і – стационарда, 51-і үй карантинінде жатыр.

"Тұрғындар арасында инфекцияның таралмауы үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауруханалар дайын. Қоғамдық көліктер мен кәсіпорындарда дезинфекция шаралары жасалуда. Медициналық тексеріс күшейтілді. Азаматтардың өздері де сақтық танытқаны дұрыс", – дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов.

Коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда облыс бойынша 845 төсек-орын дайындалған. Екі стационар қарастырылған. Біріншісі – облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімі. Екіншісі – №1 қалалық аурухананың акушерлік және хирургиялық бөлімшелері. 250 провизор төсегі, сондай-ақ коронавирус тіркелген және өлім-жітімі жоғары елдерден келген адамдарға арналған 480 орындық карантин орталығы әзірленген.

Індетпен күрескендерге сыйақы беріледі

Екі апта бойы эпидемияға қарсы іс-шараларға атсалысып жүрген медицина қызметкерлеріне сыйақы беріледі. Бұл – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Мемлекет басшысы эпидемиологиялық тәртіпті сақтауға атсалысып жүрген медицина қызметкерлерін материалдық түрде ынталандыруды тапсырған болатын.

Осылайша, коронавирусқа қарсы өткізілетін іс-шараларға тікелей қатысып жүрген мамандарға сыйақы беру үшін облыс әкімдігінің резервінен 91,2 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Өңір бойынша 490 медицина қызметкеріне сыйақы беріледі.

Бір адамға 5 бетпердеден артық сатылмайды

Павлодар дәріханаларында бір тұтынушыға 5 бетпердеден артық сатылмайды. Шаһардағы дәріханаларға қосымша бетперделер жеткізілуде. Бетперделер "Нефтехим LTD" зауытында тігіліп жатыр. Тігілген бетперделер "Мерусар и К" компаниясына жеткізіліп, залалсыздандырылады. Күн сайын дәріханаларға 7 мыңнан бетперде жеткізілуде.

Павлодар қаласында бетпердені 60 теңгеден сататын дәріханалардың тізімі жасалды. Тізімге "Алвит" ЖШС (Бейбітшілік көшесі, 54/3, 1000 дана), "Мухаметшина" жеке кәсіпкерлігі (Қамзин көшесі, 72, 1000 дана), "Булат-фарм" ЖШС (Бестужев көшесі, 6, 1250 дана), "Керей-Фарм" ЖШС (Гагарин көшесі, 89/2, 1000 дана), "Изида" ЖШС (Лермонтов көшесі, 45, 1000 дана), "Глория Фарм" (Сәтбаев көшесі, 17, 1000 дана), "Шатоба" жеке кәсіпкерлігі (Назарбаев даңғылы, 18/1, 1000 дана) дәріханалары енді.

Бетперденің бағасын өсіргендер ұсталды

Павлодарда 250 теңгеге 1000 дана бетперде сатпақ болған адам ұсталды. Бұл туралы Павлодар облыстық экономикалық тексеру департаментінің басшысы Саят Саукомбеков мәлім етті.

"Ұсталған – ер адам. Кәсіпкер емес. Ол интернет арқылы 1 мың дана бетпердені сатпақ болған. Бетпердені қайдан алғаны анықталуда. Біз әлеуметтік желіні тұрақты түрде бақылаймыз. Бұдан бөлек, 212 литр антисептикалық затты қымбат бағаға сату оқиғасы тіркелген. Антисептикті өндіруші зауыттан 2,5 мың теңгеге алып, 4 мың теңгеге сатпақ болған. Барлық тәркіленген бетперделер мен антисептикалық заттар денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдарға қайтарымсыз негізде таратылады", – деді Саят Саукомбеков.

Департамент басшысының сөзінше, бағаны өсіргендер мен заңсыз сауда жасағандар жазаға тартылады. Жаза айыппұлдан басталады. 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған.

"Төтенше жағдайда өмір сүріп жатқан кезде бағаны өсіру, алаяқтықпен айналысу моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан да солай. Барлық жағдай бақылауда. Азаматтардың заңсыз саудамен айналысуына жол бермейміз", – деді Саят Саукомбеков.

Қантпен қамтылған ба?

Коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланған уақытта павлодарлықтар да дүрлігіп, азық-түлікті көбірек алуға тырысты. Соның салдарынан сауда орындарында қант таусылып қалды. Тиісінше, өнімнің бағасы да күрт өсіп кетті. Жергілікті билік бұл мәселені жедел реттеуге тырысты.

19 наурыздан бастап Павлодар облысының әлеуметтік дүкендері мен ірі сауда нүктелеріне арзандатылған қант жеткізіле бастады. Мәселен, қазір "Small" сауда желісінің дүкендері мен әлеуметтік сауда нүктелерінде қанттың келісі 190 теңгеден сатылып жатыр. Бұл нарықтағы орташа бағадан 5-10%-ға төмен.

"Қанттың бөлшек саудадағы бағасы көтерілгеннен кейін Павлодар облысында тауарлар интервенциясы орын алды. Сондықтан, тұрақтандыру қорынан жеткізілген қант әлеуметтік дүкендерге түсе бастады. Ендігі жерде арзан қантты "Small" сауда желісінен сатып алуға болады. Біз сауда желісінің басшылығымен олардың дүкендерінде қантты көтерме бағасыз сату жөнінде келісімге келдік", – дейді Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының сауда саясаты бөлімінің басшысы Талғат Доғалов.

Қазіргі уақытта облыстың тұрақтандыру қорында 190 тоннаға жуық қант бар.

Азық-түлік 72 күнге жетеді

Павлодар облыстық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыстағы өндірушілер мен тұрақтандыру қорының қоймаларында 55,5 мың тонна өнім бар. Ол өңір халқын 72 күнге қамтамсыз етуге жетеді.

Тауар өндірушілер мен өңдеушілер штаттық режимде жұмыс жасауда және ешқандай жетіспеушілік жоқ. Демек, өнімдер одан әрі толықтырылады.

Өңірде сыйымдылығы 384 мың тонна болатын 134 көкөніс қоймасы бар. Бүгінде қоймаларда 4,8 мың тонна картоп бар. Ол 23 күнге жетеді. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Пәкістаннан картоп келетіндіктен, жетіспеушілік орын алмайды деген сенім бар. 11 мың тонна сәбіз сақталған. Ол 7 айға, яғни келесі жаңа өнімін алғанға дейін жетеді. Пияз күн сайын оңтүстік өңірлерден келісі 60-65 теңгеден әкелінуде. Сондай-ақ, ұн тартатын кәсіпорындарда 4 650 тонна ұн бар. Ал элеваторлардағы бидай қоры 60 тоннаны құраған. 105 нысанда күн сайын 100 тонна нан шығарылады. Жіберілу бағасы – 80-90 теңге. 151 тонна макарон өнімдері бар. Күн сайын 19 тонна өнім шығарылады. 6 цехтың қоймасында 220 тонна жарма мен қарақұмық бар.

Облыста 1 мыңнан астам шаруашылық сиыр етін өндірумен айналысады. Олар ай сайын 1400-1500 тонна ет дайындайды. Бұл айлық шығынды толығымен жабады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу