Коронавирус спиртке деген сұранысты арттырды

2942

Спирт тапшылығы туындағандықтан, оны тәркілеу жүруде.  

Коронавирус спиртке деген сұранысты арттырды

Бұл өнім қазіргі кезде антисептиктер өндіруге қажет болып жатыр. Белгілі бизнесмен Сұлтан Алманов Covid-19 пандемиясының белең алуына байланысты антисептиктер өндірісі аса табысты кәсіпке айналғанына назар аудартады. Төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде мемлекет бұл өнімді көп көлемде әрі еш тендерсіз, тікелей сатып алуда. Демек, бизнес өрісі кеңейді.

"Коронавирустық инфекцияға шалдыққандар санының ары қарай күрт өсуіне тосқауыл қою шаралары өрістеді. Алматы қаласында, Алматы облысында және бүкіл елімізде осы шараға атсалысу үшін химиялық технологияларға маманданған "Сұлтан" компаниясы мен сусындарды құю және қаптаумен шұғылданатын "Tagam su" ЖШС күш біріктіріп, консорциум туралы келісімге отырды. Құжат вирустармен және өзге жұқпалы дерттермен тиімді күрес мақсатында антисептиктердің, дезинфекциялық заттардың өндірісін жедел жолға қоюды қарастырады. Өндіріс Талғар қаласында әскери және арнайы мақсаттағы стратегиялық өнімдер шығарумен айналысатын "АлмаДК" базасында қолға алынуда", – деді ол.

Осы іске еліміздегі жоғары білікті мамандар, соның ішінде биохимия, химиялық технологиялар ғылымдарының докторлары, кандидаттары, магистрлері, сондай-ақ инженер-технологтар, химик-сарапшылар жұмылдырылуда екен.

Айтқандай, нарықта тәркіленген контрабандалық "антисептиксымақтардың" шынында жай ғана спирт қосылған су болып шыққаны әшкерелуде. Сондықтан мұндай өндіріс мамандардан – стратегиялық мақсаттағы химиялық өнімдер жасау бойынша үлкен тәжірибесінің болуын талап етеді. Ал кәсіпорындарда сапаны бақылау зертханалары, дәлдікті талдау-өлшеу аспаптары мен құрал-сайманы, сонымен қатар қажетті база-орынжайы мен техникасы болуы шарт. 

"Оның барлығы бізде бар. Оның үстіне "АлмаДК" инновациялық технологияларды әзірлеуші ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нысаны ретінде аккредиттелген. Ол Үкіметтен әскери қауіпсіздік саласы, сондай-ақ тыныс алу органдары үшін жеке қорғаныш заттарын жасау бойынша гранттар алады", – дейді Сұлтан Алманов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Covid-19 секілді қабықты вирустарды жою үшін құрамында 60%-дан кем емес этил спирті бар антисептиктерді – барынша тиімді құрал әрі адам ағзасына зияны аз деп таныды. Мұны санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер де растаған. Отандық кәсіпорын да соны шығаруға ден қоюда.

Бірақ бірден қиындыққа кезіккен. Нарықта спирт тапшылығы орнады. Соның салдарынан алкоголь өнімдері де қымбаттады.

"Өкінішке қарай, тіпті Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында спиртке қатысты өткір тапшылық туындады. Сол себепті дәріханалар мен сауда орындарынан жинастыруға тура келеді. Бірақ оларда да шағын құтыдағы осы өнім сатылып кетіпті. Алматы облысында мүлдем жоқ. Осыған орай біз ел Президентінің 23 наурызда, мемлекеттік комиссия отырысында жария еткен тапсырмаларын жүзеге асыру аясында биліктен көмек сұрадық", – дейді отандық бизнесмендер.

Олар біріншіден, лицензия, тіркеу, рұқсатнама секілді өндіріс пен өнім үшін қажетті барлық рұқсат қағаздарын барынша тез беруді сұрайды.

Екіншіден, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан "Талғар спирт зауыты" басшылығымен келісімге келуге жәрдемдесуді, антисептик шығаратын кәсіпорындарға оның спиртті тұрақты түрде жеткізуіне ықпал етуді өтінеді. Бұған қоса, кәсіпкерлер өндірістің осы түрін Үкіметтің мембағдарламаларға, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының қолдау шараларына шұғыл қосуын, жеңілдіктер беруін қалайды.

Бизнесмендер пандемиямен күреске арналған заттармен тек ішкі нарықты молықтырып қана қоймай, келешекте экспортқа шығатынын, бәсекеге қабілетті әрі сапалы осы өнімнің ұлттық брендін түзетінін білдірді. Бұған қоса, олар облыс және үш мегаполис әкімдерінен жұқпалы індет ең кең таралған аймақтарға және ондағы дәріханаларға өтуі үшін антисептиктер жеткізуші көліктер мен мамандарға арнайы өткізу рұқсатнамасын беруді сұрайды.

Өз кезегінде компаниялар біріншіден, сапалы әрі бағасы қолжетімді өнім жасап, дәріханалар желісіне, азық-түлік дүкендеріне делдалсыз жеткізуге, коронавирус жайлаған ошақтарға дейін өніммен қамтуға міндеттеме алады. Екіншіден, Қытайда, Түркияда және басқа елдерде көшелердің пандемияға қарсы қалай пәрменді өңделетініне жұртшылық сүйсінуде. Ал Қазақстанда мамандар аз-аздап себелеуге мәжбүр. Сондықтан отандық өндірушілер қоғамдық орындарды дезинфекциялаудың және санитарлық өңдеудің ең тиімді әрі арзан тәсілдерін әзірлеуге сөз береді.

Үшіншіден, өндіруші компаниялар антисептиктерді қарттар үйлеріне, интернаттарға, балалар үйлеріне және әлеуметтік аз қамтылғандарға тегін таратып, қайырымдылықпен айналысуға құштарлық танытты. Төртіншіден, жаһандық пандемиямен күресте Үкімет пен әкімдерге қажетті көмек көрсетпек ниетте. Бесіншіден, бұл индустрия өркен жайса, жаңа жұмыс орындары құрылып, салық төлер еді. 

Кәсіпкерлер осы істің ілгерілеуіне бюрократиялық кедергілер тосқауыл бола ма деп алаңдайды. Оның үстіне үйлерінде жұмыс жасауға көшкен шенеуніктер қимылы бұрынғыдан да баяулағаны байқалады.

Еліміздегі ең байырғы кәсіпорындардың бірі саналатын, іргетасын сонау 1886 жылы орыс көпестері қалаған "Талғар спирт зауыты" Бесағаш тау өзенін, сондай-ақ бидай, жүгері және қара бидайды шикізат ретінде қолданады. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың 678 декалитр спирт шығарады екен. Ол да қолдау болса, өндірісті арттырмақ.

Бұдан бөлек, Қаржы министрлігінің контрабандамен күресуші құрылымы шетелден заңсыз әкелінген импорттық спиртті тәркілеп, оны вирустан қорғану заттарын жасаушыларға табыстауда. Мысалы, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті 1000 литрден астам спирт өнімдерін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия және химиялық технологиялық кафедрасына тапсырды. Арақтар кафедра цехында енді антисептикалық заттар өндірісіне айналуы тиіс.

"2020 жылғы 15 наурыздағы "Қазақстанда төтенше жағдайды енгізу туралы" Мемлекет басшысының жарлығына және Президент жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия хаттамасының 8-тармағына сәйкес, департаменттер айналымнан тәркіленіп алынған барлық спиртті сұйықтықты, сондай-ақ медициналық маскалар мен антисептиктерді өкілетті органдар мен мекемелерге тапсыруы тиіс", – дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті баспасөз хатшысы Макс Зенгер.

"ҚазАлкоТабак" және "КазСпиритс" салалық қауымдастықтарының мәліметінше, кейінгі бес жыл ішінде Қазақстанда спирт және алкоголь өндірісі 37,5-тен 19,5 млн литрге дейін құлдырады. Сонымен бірге шетелдік импорт артқан және кейбір өңірде 40%-ға дейін жетті.

Елдің антисептикалық өнімдермен уақытылы қамтамасыз етілмегеніне шикізаттың аздығы да әсер етсе керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу