Коронавирусты диагностикалау және емдеу жолдары

7227

Еліміздің ғалымдары клиникалық хаттаманы жетілдіруде.

Коронавирусты диагностикалау және емдеу жолдары

Бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі – коронавирустік инфекцияны диагностикалау және емдеу. Осы орайда Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, "Астана медицина университеті" КЕАҚ жедел медициналық көмек, анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова мен "Астана медициналық университеті" КЕАҚ кафедрасының доценті Баян Тұрдалина халықты мазалап жүрген бірқатар мәселені сөз етті.

Дәрігер адамдардың қайтыс болу себептерінің бірін атап, коронавирус жұқтырған адамның өкпесіне сұйықтықтың жиналу себебін түсіндірді.

"Өкпенің ісінуі тек қана коронавирустік инфекцияда ғана емес, жалпы ауыр жағдайларда болады. Ал COVID-19 кезінде өкпе мен қан тамырлары арасындағы интерстициалды кеңістік ісінетіні белгілі. Ауру қиын жағдайда өткен кезде интерстициалды кеңістікке вирус жұғып, онда сұйықтық жиналады. Сұйықтық өте көп болған кезде, өкпе ісініп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл "инфузиялық терапия" деп аталатын сұйықтықпен шамадан тыс емдеу кезінде ғана болмайды. Сұйықтықтың жиналу тетіктері өте көп. Ең бастысы, бұл вирус өкпе тіндеріне өте жылдам зақым келтіреді. Тағы бір айта кеткім келетіні – артериялық қан қысымы, қант диабеті, артық салмақ тәрізді тәуекел факторлары бізде өте көп. Мысалы, жүрек-қан тамыры жүйесі ауруы кезінде адам тәніндегі сұйықтық шамадан тыс артып, орын ауыстырып, өкпе ісінеді. Адамдардың қайтыс болу себептерінің бірі – өкпенің ісінуі болуы мүмкін. Алайда бұл сұйықтықпен емдегеннен емес, жүрек-қан тамыры жүйесінің әлсіздігінен болады. Қайталап айтайын, бұл жүрек-қан тамыры жүйесі әлсіздер мен егде жастағы адамдар тәуекел тобына жатады", – деп атап айтты кафедра меңгерушісі.

Ал доцент Баян Тұрдалина COVID-19 індеті кезінде бактерияға қарсы терапия мен дәрі-дәрмектерді пайдалану жайлы айтып өтті.

"COVID-19" диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасының ең бірінші нұсқасы ақпан айында әзірленген. Еліміздің ғалымдары содан бері хаттаманы жетілдіру тұрғысында аянбай еңбек етуде. COVID-19 вирустық инфекция болғандықтан, осы хаттаманың бактерияға қарсы бөлімінде антибактериалдық терапияның тікелей көрсеткіштері жоқ. Бактерияға қарсы терапияны науқасқа бактериалдық инфекция қосалған жағдайда әрі дәрігер нақты айтқан кезде ғана қолданған дұрыс. Оның барлығы хаттамада қосымша ескертпе ретінде көрсетілген", – деді ол.

Медицина маманы сондай-ақ, ел тұрғындары тарапынан "дексаметазон" дәрісін пайдалану туралы жиі қойылатын сұраққа да жауап берді.

"Дексаметазон көрсеткіштері бойынша қабынуға қарсы әсер ететін дәрі әрі тек стационарда ғана өте ауыр жағдайдағы науқастарға тағайындалады. Амбулаторияда берілмейді. Бұл дәріні қолдану клиникалық хаттаманың арнайы бөлімдерінде көрсетілген. Әлеуметтік желілерде дұрыс ақпараттың таралмауына байланысты, дәріні үйде сақтау үшін жай ғана қор ретінде сатып алу көбейді. Сол себепті, тек ресми мәліметтерге ғана сенуге шақырамын. Клиникалық хаттама ресми сайттарда тұрақты түрде жарияланып отырады. Оны дәрігерлер жұмыстарында пайдаланады. Клиникалық хаттамаға сай емделген көптеген адам жазылып шығып жатыр", – деп түсіндірген Баян Тұрдалина, басқа да танымал дәрілерге тоқталып өтті. 

"Клиникалық хаттамаға COVID-19 кезінде вируске қарсы дәрі-дәрмектер тобы енгізілген болатын. Ол ең бірінші лопинавир-ритонавир құрамдас және гидроксихлорохин, хлорохин препараттары. Олар стационар жағдайында, яғни тікелей клиникалық зерттеу аясында тағайындалады. Ал парацетамол мен ибуфен стероидты емес, қабынуға қарсы дәрілер. Оны дене қызуы жоғарылағанда қабылдайды. Дәрігер ретінде осы парацетамол мен ибуфенді дәрігеріңіздің бақылауымен, дене температурасы 38,5 градустен жоғары болған кезде ғана пайдалануларыңызды сұраймыз", – деп айтты кафедра доценті.

Дәрігерлер сондай-ақ, тыныс алу жаттығулары және спортпен айналысу жайлы пікірін білдіріп, дәрумендер және ұйқының пайдасын сөз етті.

"Коронавирус жұқпалы ауру. Сондықтан өкпеде немесе басқа дене мүшесінде өзгеріс болуы мүмкін. Тыныс алу гимнастикасы аурудың жедел кезеңі аяқталғаннан кейін ғана тиімді. Осындай жаттығулар мен физиотерапиялық әдістерді жедел кезеңде жасау адамға зиянын тигізеді. Тек науқас стационарда емін алып болған соң, оңалтушы-дәрігердің тағайындауымен, үйінде тыныс алу жаттығуларын жасаған пайдалы. Спортпен айналысу туралы айтар болсам, ағзаға артық жүктеме түсірген дұрыс емес. Иммунитеттің жақсы болуы үшін мөлшерге сай ғана дене шынықтырумен шұғылданып, жүгіру, жүру қажет. Ал індет жұқтырғандарға спортпен айналысуға дәрігерлер кеңес бермейді. Психологиялық-эмоционалды тыныштықтың болғаны жөн. Ұйқы орталық жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді. Ми, жүрек, өкпе жүйесі тынығуға тиіс. Ұйықтау арқылы иммунитетімізді сақтаймыз. Дәрумендерге келер болсақ, олар иммунитеттің нығаюына, зат алмасу процесінің реттеліп отыруына септігін тигізеді. Нақты "коронавирустен сақтайды" деп дәлелденген дәрумендер базасы жоқ. Алайда дәруменді артық пайдаланбау керек. Дәрумендер балаларға салмағына қарай норма бойынша тағайындалады", – деп айтып өтті дәрігер-ғалымдар.

Сонымен қатар, ғалымдар иммунитеті жақсы адамдарға да иммунитетіне ғана сенбей, сақтанып жүруге кеңес берді. Әсіресе, коронавирус кезінде шылым шегудің зиянын ерекше еске салды. Өйткені, темекі тартатын адамның өкпесі оттегіні көбірек қажет етеді.

"Темекі мен электронды сигарет тартушылар тәуекел тобына жатады. Өйткені өкпе тініне никотиннің тигізер залалы зор. Өкпеде газ алмасу процесі жүреді. Оттегі кіріп, көмірқышқыл газы шығып, өкпені желдетіп отырады. Егер адам ұзақ уақыт электронды болса да, шылым шексе, өкпесі оттегіні көбірек қажет етеді. Аурудың алдын алу шараларының бірі ретінде немесе ауру жеңілірек өтуі үшін темекіні тастаған жөн. Коронавирус кезінде оттегінің жетіспеушілігі болады. Сол себепті, өкпеге тиетін залал өте зор", – деді Нұрила Малтабарова.

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу