Қос алыптың сауда соғысы басталды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4274

Халықаралық ақпарат агенттіктері АҚШ пен Қытай арасында "сауда соғысы" тұтанғанын жариялады.

Қос алыптың сауда соғысы басталды

Алғашқы соққы биржаға жасалды: жаһандық нарықтарда кең ауқымды құлдыраулар басталған. Сарапшылар бұл жолғы құлдыраулардың бұрынғыдан өзгерек екеніне назар аудартады.

Кеше бастау алған жаппай құлау үрдісі бүгін де жалғасын тауып, ол америкалық индекстерді де, қытайлық құнды қағаздар нарығын (гонконгтық, шэньчжэндік және шанхайлық индекстер) да, сондай-ақ Жапония биржасын да қамтыды.

Бұл дүрбелеңнің негізгі себебі ретінде "сауда соғысы" аталып отыр. Дәлірек айтқанда, Америка президенті Дональд Трамп Қытай халық республикасының "әділетсіз сауда тәжірибелеріне қарсы шаралар" туралы құжатқа қол қойды.

Нарықтар Трамп мырза аталған құжатты бекітетіні туралы мәлімдеген тұста-ақ дүрліге бастаған еді. Содан биржалар "құрдымға" бет алды. Әдетте, индекстердің жаппай құлауы орын алса, инвесторлар "қорғаныштық активке" көшетін: яғни шикізаттық активтерді "саудаға" лақтырып, орнына доллар сатып ала бастайды. Алайда қазір долларға тұра ұмтылушылық байқалмайды. Керісінше, америкалық валюта біршама төмендеді және нығаюға асығар емес. Доллар индексі тіпті АҚШ-тағы сайлау тұсындағыдан да төмен деңгейде саудалануда. S&P 500 индексі де сол жақты бетке алды. Кейбір сарапшылар америкалық нарықтың шамамен 20% құлауы мүмкіндігін болжайды. Ал бұл шынымен де алаңдатарлық ахуал саналады.

Бұл ретте Қазақстанды әрине, ең алдымен шығыс көршісінің қимыл-қадамы қызықтырады. АҚШ әрекетіне қарсы шыққан шың елінің билігі АҚШ-қа жауап шаралар енгізетінін ескертті. Мұны ҚХР-дың дүниежүзілік сауда ұйымындағы елшісі Чжен Сянчен Reuters арқылы мәлімдеді.

Бейжіңнің жауабы да қатал болатын сыңайлы: ол құрама штаттардың 128 тауарына қатысты болмақ. АҚШ секілді, Қытай да өзінің сауда мүдделерін табанды қорғайтынын танытуда. 

"Біз "экономикалық басқыншылық" деген байламмен толығымен келіспейміз, себебі, Қытайды барлық мағынасында ешқандай басқыншылыққа айыптау мүмкін емес. ҚХР АҚШ-қа тек Америкада өндірілмейтін немесе олардың өндірістері артықшылыққа ие емес тауарларды ғана экспорттайды. Саудада толық теңдікті талап ету мүмкін емес және бұл ақылға да сыймайды. Егер АҚШ өздері сатқысы келетін өнімдерді Қытайдың сатып алуын талап етсе, ал өздері Қытайдың сатқысы келетін тауарларын сатып алудан бас тартса, сонымен қоймай, Қытайды саудадағы теңгерімсіздік үшін айыптаса, бұл қандай әділеттілікке жатады?!", – деп мәлімдеді ҚХР сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин.

ҚХР коммерция министрі Чжун Шань болса, "кез келген сауда соғысы бүкіл әлемге қайғы әкелетінін" ескертті.

Америка үшін бұл ел үлкен нарық саналады: АҚШ әлемге сататын барлық соя өнімдерінің үштен екісін, "Боингтың" әрбір төртінші ұшағын жалғыз Қытайға өткізіп отыр.

Шығыс көршіміздің коммерция министрлігі өз сайтында ҚХР-дың жауап шара ретінде баж салығын енгізуді ойластырып жатқан сол 128 тауардың тізімі мен аталымдарын да жария етті. Бұдан бөлек, Қытай ДСҰ аясында АҚШ үстінен жүретін сот өндірісіне бастамашы болмақ.

Бірақ Дональд Трамптың да "Қытайдың экономикалық агрессиясымен" күресті бастамасына лажы жоқ көрінеді. Сондықтан қытайлық тауарларға баж салығын енгізіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін жоюды қарастыратын құжат-меморандум да "Қытайдың экономикалық басқыншылығымен күрес туралы" деп аталады. Осының алдында Ақ үй әлемнің өзге елдерінен импортталатын болат пен алюминийге де 25% және 10% деңгейінде баж салығын енгізген болатын (бұдан тек Еуроодақ. Канада, Мексика, Аустралия босатылды). Жаһандық сауда соғыстарын тұтандырудың дұрыс еместігін айтып, келіспеген кеңесшілерін Дональд Трамп отставкаға жіберді.

АҚШ президенті қытай лидері Си Цзиньпинді құрметтейтінін, ҚХР-мен әсіресе Солтүстік Корея мәселесі бойынша ынтымақтастықты қадір тұтатынын мәлімдей келе, "бірақ Американың сауда дефициті осы қадамға итермелеп отырғанын" айтты. Бұл тапшылық көлемі, оның дерегінше, шамамен 375-тен 504 миллиард долларға дейін жетеді. Бұл ретте сыртқы сауда дефицитінің шамамен 50%-ы ҚХР-ге тиесілі көрінеді. Тиісінше, қытайлық тауарларға шектеу енгізуді Ақ үй қисынды деп тауып отыр.

"Қай жағынан қарасаңыз да, бұл әлемдегі кез келген ел үшін ең үлкен тапшылық болып табылады", – деді Дональд Трамп.

Оның түсіндіруінше, АҚШ-та ойлап табылған, жалпы құны жүздеген миллиард долларға бағаланатын өнертабыстарды, яғни интеллектуалдық меншікті өзге мемлекеттердің ұрлауын жалғастыруына байланысты ол 1974 жылы қабылданған "Сауда туралы" заңның 301-ші тармағын іске қосуға шешім қабылдапты. Бұл тармақ тыйым салушы баж салықтарын енгізуге мүмкіндік береді. Мамандардың есебінше, бұл шектеу 50-60 миллиард доллар тұратын қытайлық тауарларды қамтуы ықтимал. Тауарлардың қорытынды тізімі 15 күн ішінде ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, АҚШ президенті америкалық қаржы министрі Стивен Мнучинге "америкалық технологияларды қорғау үшін" 60 күн ішінде қытайлық компанияларға қарсы инвестициялық шектеулер әзірлеп шығуды жүктеді.   

Трамптың баж салықтары АҚШ-тың өз ішінде де қарсылық туғызуда. Оған мәселен, конгресмендер мен экономистер наразы. Олардың байламынша, шектеулер Американың халықаралық аренадағы үлесі мен ықпалының төмендеуіне әкеп соқтырмақ.

Жалпы, АҚШ сауда тапшылығының үлкен бөлігі электроникаға тиесілі, ендеше Қытайда өндірілетін америкалық құрылғылардың, мәселен, Айфонның қымбаттауын күтуге болады. Соққы Тайвань мен Индонезияға да тиюі ғажап емес, өйткені бұл елдер АҚШ пен Қытай арасында делдал саналады.

Рас, бұл сауда соғысынан Қазақстан ұтуы да ықтимал. Мәселен, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер америкалық экспорттаушылардан босайтын нарықты баса алады. Оның үстіне қазіргі кезде шығыс көршінің орасан зор нарығын игеруге еліміз мықтап ден қоюда, мемлекет те екіжақты келіссөздер жүргізуден бастап, қытайлық нарықты ашар сертификаттауға дейінгі тиісті шараларды жан-жақты жүзеге асыруда.

Бұл үшін қазақстандық аграршылар, бизнесмендер аталған 128 тауар аталымын зерделей бастағаны жөн. Мәселен, соның ішінде құс еті, өсімдік майы, күнбағыс күнжарасы (жмых подсолнечника), жүгері, соя және басқаларын қарастыруға мүмкіндігі бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу