Көш бастаған және көш соңында салпақтаған министрлер анықталады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3281

Қазіргі кезде шенеуніктердің, жалпы, биліктегілердің көбінің тіршілігі қаптаған рейтингтерге таңылған.

Көш бастаған және көш соңында салпақтаған министрлер анықталады

Біз бұл жерде тәуелсіз сарапшылар мен ақпарат құралдары өз беттерінше байлам түйіп, кесіп-пішіп құратын "Қазақстанның ең үздік саясаткерлері", "Ең танымал мемлекеттік қайраткерлер" сияқты рейтингсымақтар туралы айтып отырған жоқпыз, өйткені олар көбіне соны құрастырушылардың дербес "пиары" ғана болып табылады және өмір шындығымен қабыса бермейді.

Біз салмақты мәселені – өңірлер, орталық меморгандар, тіпті әр меммекеменің өз деңгейіндегі рейтингтер жайын тілге тиек етіп отырмыз. Олардың нәтижесі саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансап сатысы бойынша жоғарылауына не төмен құлдилауына ықпал ететін көрінеді.

Бұл ретте "жалпы рейтингтер" ел басшылығы қойған және еліміздің стратегиялық құжаттарындағы міндеттер мен тапсырмаларға құрылады. Мысалы, елбасы биылғы жолдауында әкімдіктер жұмысының тиімділігін "құрылған жұмыс орындарының санымен" бағалауды белгілеп берді. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытқан аймақ басшылары мен оның қоластындағылардың рейтингі де жоғары болады.

Ал "ішкі рейтингтер" әр мекеменің ішкі іс-шараларына қатысты болып келеді. Айталық, ол бойынша қандай да бір меморган қызметкерлерінің тоқсан ішінде өзіне жүктелген жұмысты қаншалықты толық әрі жауапты атқарғаны, "KPI"-і (тиімділігінің басты көрсеткіштері), жұмысқа кешігіп келулері, мекемеішілік жиындарға қатысуы және тағы да басқа күнделікті қуқы тірлік (орысша айтсақ, "рутинный) нышандары бағаланады.

Сонымен қатар меморгандар мен әкімдіктер қызметкерлері осы рейтингтердің әрқайсысына лайық болып, бәрін сақтауға міндетті. Мемқызметте білікті кадрлардың байыз таппай, үнемі "ағып" кетіп жататыны да осыдан. Алайда қазіргі дағдарыс ұзаған шақта көптеген қарапайым қызметкерлердің осы қиындықтарға көндігіп, бейімделіп, жалақысы уақытылы берілетін мемлекеттік және бюджеттік қызметте қалудан басқа амалы жоқ. Бұл бір жағынан дұрыс та: мемлекеттік қызметте соған шын берілген тұлғалар іріктеліп қалады, егер солай болса, бұл елдің дамуына да оң әсер етпек.

Айта кетер жайт, Қазақстанда қазір конституциялық реформа жүруде. Наурыз айының басында Ата заңға өзгерістер енгізіліп, үкімет пен парламенттің және басқа да меморгандардың құзыры күшейтілді, президент өзінің біраз құзырын соларға тапсырды.

Ал осы аптада, 29 наурыздағы жалпы отырысында мәжіліс "ҚР кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңның жобасы мен "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа қабылдап алды.

Олар атқарушы билік органдарының жауапкершілігі мен тиімділігін арттыру мақсаттарын көздейді.

"Бірінші заң жобасы президенттің бірқатар басқарушылық өкілеттіктерін қайта бөлуді көздейді: олар төменгі басқару деңгейлеріне – Үкіметке және өзге де уәкілетті меморгандарға берілуі мүмкін. Тиісті өзгерістер "ҚР Президенті туралы", "ҚР Үкіметі туралы", "ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заңдарға енгізіледі. Екінші заң жобасы Президенттің экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік қызмет салаларындағы ұйымдастырушылық-құқықтық өкілеттіктерін қайта бөлуді көздейді. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар 4 кодекске және 22 заңға енгізіліп отыр" дейді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Яғни, биліктегілердің құзыр-қоржындары тағы да толыға түседі.

Осы жағдайда шенділер мен әкімқаралардың жауапкершілігін және жұмыс тиімділігін қалай қамтамасыз етуге болады? Оған қол жеткізудің және ықпал етудің тегеурінді тетігі – рейтингтер мен олардың индикатор-көрсеткіштері болып табылады. Басқа пәрменді құрал әзірге табылған жоқ. Сондықтан ел басшылығы осы құралды күшейтуге кірісті.

Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

"Жыл үдерінде қол жеткізіледі деп жоспарланған нәтижелер үшін дербес жауапкершілікті бекіту мақсатында 2015 жылдың 12 қарашасында күшіне енген заңмен бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол президентке бағынышты мемлекеттік органдардың басшыларына, министрлерге және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне "түйінді нысаналы индикаторларды" бекітуді көздейді. Сол заң аясында 2016 жылы премьер-министр 13 министрмен, сондай-ақ 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен арада меморандумдар бекітті", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Ал президент әкімшілігі тікелей мемлекет басшысына есеп беретін 8 мемлекеттік орган басшыларымен арада меморандумдарға қол қойыпты.

Осы меморандумдарда бекітілген түйінді нысаналы индикаторлар – "азаматтардың әрбір министрлік, агенттік және әкімдіктің қызметіне қанағаттану деңгейін арттыруға" бағытталған және сол салалардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң өзгерістерін көрсетуі керек.

Меморандумдар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының және өңір әкімдерінің қызметін ары қарай бағалауға негіз болып табылады. Бұл ретте меморандумдардың қаншалықты орындалғанын бағалауды премьер-министр кеңсесінің құрылымдық бөлімшелері өткізетін болады: Нұрлан Алдабергенов командасы биылғы наурыз айында осы меморандумдарды бағалау бойынша қорытындыларын қалыптастыруға міндетті.  

Ал үкіметтің қызметін кім бағалайды?

"Үкіметке арналған нысаналы индикаторларды жыл сайын премьер-министр ұсынады және президенттің өзімен келісіледі. Үкімет үшін 2016 жылға 7 нысаналы индикатор бекітілген болатын, оның 6-ы орындалды. Біреуіне – халықтың нақты ақшалай табысы индексі бойынша индикаторға инфляцияны 6-8% шегіндегі шекті деңгейде ұстап қала алмау салдарынан қол жеткізілген жоқ", – деді вице-министр.

Былтырғы жыл қорытындысында инфляция 8,5 пайыз болғаны мәлім. Оның үстіне дағдарыс пен девальвация кесірінен халықтың табысы төмендеп жатқаны құпия емес.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, министрлер мен әкімдерге арналған түйінді нысаналы индикаторлар "Қазақстан-2050" стратегиясы және 10 жылдық кезеңге арналған стратегиялық даму жоспары негізінде анықталыпты. "Қызмет ерекшелігіне байланысты 2016 жылға жеке түйінді индикатор әрбір орталық мемлекеттік орган үшін жеке-жеке анықталады" деді ол.

Астана және Алматы қалалары және облыстар әкімдері үшін сол әрбір өңірдің төл әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін сипаттайтын 9 түйінді нысаналы индикатор анықталған екен. Осылайша, қазіргі кезде өңір әкімдерінің және меморгандар бірінші басшыларының жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау тұғыры құрылып болды.

Әрине рейтингке қаптаған бағдарламалардың орындалуы да әсер етпек. Бірақ олардың көптігі сонша, нақты санынан сарапшылар да жаңылады. Оның үстіне соңғы жылдары шенеуніктер бір бағдарламаны орындап бітпей жатып, оның орнына екіншісін енгізуге құмар болып алды. Сондықтан ел басшылығы дәл осы саланы да рет пен тәртіпке келтіріп алуға ұйғарған. Елбасы тапсырмасымен, мемлекеттік жоспарлаудың жинақы жүйесін құру мақсатында мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын оңтайландыру жұмысы жүруде екен.

Нәтижесінде 2016 жылы мемлекеттік бағдарламалар саны 10-нан 8-ге дейін қысқартылған. 11 салалық бағдарламаның күші жойылды, ал қалған 5 салалық бағдарлама үкіметтік санатқа ауыстырылды.

Рас, артынша-ақ әртүрлі деңгейдегі бағдарламалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қайтадан қаптап шыға келуі ғажап емес. Сондықтан мемлекет бұған тосқауыл қоюдың қамына кірісті.

"Бағдарламалар санының қайтадан артуының алдын алу және оған жол бермеу үшін 2015 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдармаларды әзірлеуге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді жаңа бағдарламаны әзірлеген кезде бағдарламаның концепциясын үкіметте парламент депутаттарының қатысуымен алдын-ала талқылау енгізілді. Бұл ықтимал әлеуметтік-экономикалық әсерін ескере отырып, бағдарламаны әзірелеудің қаншалықты орындылығын анықтауға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 2016 жылғы сәуір айында парламент депутаттары мен қоғамдық кеңестер өкілдерінің қатысуымен премьер-министрдің орынбасарлары деңгейінде алғашқы рет мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы бойынша тыңдаулары өткізілді", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Тағы бір жаңалық белгілі болды. Әр министрлік "стратегиялық жоспар" деген құжат бекітеді, онысы жүздеген беттен тұратын, оқылуы да, түсіну де қиын "талмуд" болып келеді. Бұл сала да ревизияға ұшырапты.

Атап айтқанда, 2015 жылы мемлекеттік органдар қызметін нәтижелерге бағыттау мақсатында министрліктердің стратегиялық жоспарлары мен әкімдіктердің аумақтарды дамыту бағдарламаларының, сондай-ақ олар ел қазынасынан қаржы алу үшін ұсынатын бюджеттік бағдарламалардың форматы өзгертілді.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, осы үш түрлі құжаттардың ескі форматында министрліктер мен әкімдіктердің алдына қойылған міндеттермен және мақсаттармен қисынды түрде еш байланыспайтын нысаналы индикаторлар қаптап жүреді екен. Соның салдарынан сол көрсеткіштердің орындалуын қадағалау және олардың стратегиялық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге ықпалын бағалау қиынға айналыпты.

Жаңа форматта олардың бәрі алып тасталған, олар орнына "Саланы дамытудың басымдықты бағыттары" және "Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының архитектурасы" деген жаңа бөлімдер енгізілген. Бюджеттік бағдарламалар стратегиялық жоспардың құрылымынан шығарылып, мемлекеттік орган басшысы бекітетін бөлек құжатқа айналды.

2016 жылы барлық орталық меморгандардың стратегиялық жоспарлары жаңа форматта бекітіліп шығыпты.

Нәтижесінде 2018 жылға дейінгі стратегиялық жоспарлар көлемі орташа есеппен 2 есеге қысқартылды. Мысалы, Жеңіс Қасымбек басқаратын инвестициялар және даму министрлігінің стратегиялық жоспары бұған дейін 285 беттен тұрса, қазір оның көлемі 3 есеге, яғни 88 бетке дейін қысқартылды. Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің саны 3 есеге жуық азайтылған (1268-дан 456-ға дейін).

Қазіргі таңда Елжан Біртанов тізгінін ұстаған денсаулық сақтау, Ерлан Сағадиев басқаратын білім және ғылым, вице-премьер Асқар Мырзахметов қоса алып жүрген ауыл шаруашылығы министрліктері "стратегиялық жоспарларының нысаналы индикаторларының орындалу тиімділігі тұрғысынан" қарап, өздерінің қаптаған бюджеттік бағдарламарын біріктіру және ірілендіру бойынша талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы, ірілендіру ісі осының алдында 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті құру барысында-ақ бастау алған екен. Бұл орталық мемлекеттік органдар бойынша бюджеттік бағдарламалар санын 2 есеге – 468-ден 187-ге дейін қысқартуға мүмкіндік беріпті!

Аталған науқаннан жергілікті билік те қалыс қала алмады, өйткені өңірлердегілер де қаржыны мейлінше көп тарту үшін қағаздан тау тудыруға бейімделгені жасырын емес. Нәтижесінде олардың аумақтарды дамыту бағдарламаларының нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің саны жартысына дейін – 2628-ден 1740-қа дейін қысқартылған. Мәслихаттар да 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламаларын жаңа форматта бекітіп шықты.

Бір қызығы, бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру және стратегиялық жоспар құрылымына "стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын енгізу" сайып келгенде, үкіметке жүктелген "жалпыұлттық мақсаттар" мен меморгандардың "стратегиялық бағыттары, мақсаттары және бюджеті" арасындағы байланысты айқын ете түсуге мүмкіндік берген.

Әйтпесе, ел бюджетінен әлдебір салаға жүздеген миллиард қаржы жұмсалады, бірақ мемлекеттің сол салада көздеген мұрат-мақсатына жетпегені көзге ұрып тұрады. Яғни шенеуніктер миллиардтар тасқынын игерумен елігіп кетіп, ақырғы нәтижені ұмыт қалдырады, елдің мұраттармен байланысын үзеді. Қазақстан шынымен осы жарты ғасырда дамыған елге айналуды қаласа, бұл кесір үрдіс оң жаққа өзгеруі шарт.

Айтқандай, осы тараптағы өзгерістерді білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспары мысалында көрсетуге болады. Мәселен, бұған дейін бұл ведомство "Сапалы орта білім беру" мақсатына жету үшін 8 бірдей бюджеттік бағдарлама арқылы қаржы алып келіпті. Енді бұл бюджеттік бағдарламалар қайта қаралып, ірілендіріліп, тек 3 бағдарламасы ғана қалдырылған. Бұл жерде ұлттық экономика министрлігінің сендіруінше, "мақсатқа жетуге бағытталушылық" сақталған, яғни түпкі мақсатқа нұқсан келмейтіндей етіп жасалған көрінеді.

Мәселен, "099 "Сапалы мектеп біліміне қол жеткізуді қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасының түпкі нәтижесі "Мектеп түлектері арасында білім беру бағдарламаларын табысты (өте жақсы, жақсы) меңгерген оқушылардың үлесімен" бағаланады екен. Бұл "Сапалы орта білім беру" мақсатының нысаналы индикаторларында қайталанатын болып шықты.

Бұл бағытта тағы бір өзгеріс бар: енді "стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланыстылығын қамтамасыз ету мақсатында" бұдан былай жыл сайын меморгандардың стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік бағдарламаларды, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру бойынша есептерін үкіметте тыңдау тәжірибесі өмірге жолдама алды.

Сөз түйінінде тақырыпқа арқау болған басты мәселе – рейтинг жүйесіне қатысты тағы бір бетбұрысқа тоқталмай кетуге болмайды.

Дәл қазір Қазақстанда "Мемлекеттік аппараттың жұмысын бағалау жүйесі" жаңғырып, жаңа модель енгізілуде.

Ел президентінің 2016 жылғы 21 қарашадағы жарлығымен қолданыстағы "Бағалау жүйесіне" өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол бойынша сыртқы тәуелсіз бағалау институтын енгізілуде.

Бұл ретте құрамына үкіметтің, президент әкімшілігінің, парламент палаталарының және қоғамдық кеңестің өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар кіретін Меморгандардың қызметін бағалау жөніндегі комиссия құрылатын болады.

Айтпақшы, бұған дейін қай меморганның көш бастағаны, ал қайсысының "екілік" алып, көш соңында салпақтағаны белгісіз қалатын. Енді рейтингтер ел назарына ұсынылмақ: бағалау нәтижелерін интернетте жариялау бекітілді. Осыған орай 2016 жыл соңында Дәурен Абаев басқаратын ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін интернет-порталда жариялау туралы ережелерді және тәртібін қабылдады.

Демек, бұған дейін билік ғимараттарының қалың қабырғаларының ар жағында ғана айналымда жүрген рейтингке қатысты құжаттар жақында "күнгейге", халық алдына шығып қалар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу