Қосымша мүмкіндік сыйлады

6409

"Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достары қауымдастығы" ЗТБ (заңды тұлғалар бірлестігі) бастамашылдығымен және "Еуразиялық Топтың демеушілігімен Шымкент қаласында 6-9 тамыз аралығында "TOM:Shymkent" атымен 72 сағаттық мейкатон марафоны өтті. 

Қосымша мүмкіндік сыйлады

Марафонға қатысушы шеберлер мүгедек жандардың өмір-тіршілігін жеңілдететін және жақсарта түсетін құралдардың прототиптерін жасады. 

3,5 тәулік бойы өткізілген мейкатон марафоны "Silkway" халықаралық университетінде ұйымдастырылды. Бұл университет Шымкенттегі жетекші оқу орындарының қатарында, ал техникалық және материалдық базасы мейкатон сынды инновациялық әрі ірі форматтағы шараны өткізуге әбден лайық. Мұнда жеті команда жеті прототипті жасап, білікті қазылар алқасының талқысына ұсынды. 

72 сағат уақыттың барысында командалар тынымсыз жұмыс істеумен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардан прототиптердің ыңғайлы болуы жайлы ақыл-кеңес алды. Ал командаларға өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының IT сарапшылары оңалту саласы мен хирургиядан консультативтік қолдау көрсетіп отырды. 

Бұл ізгілікті жобаға "ERG Көмек" Корпоративтік қоры әріптес ретінде атсалысты, ал "Нұр Отан" партиясы мейкатон марафонының жүзеге асуына қолдау көрсетті. Мейкатон партияның төртінші бағдары "Мүгедектігі бар азаматтар үшін оңалту құралдарына инновацияларды енгізуге бірге әрекеттену" бағыты аясындағы "Кедергісіз келешек" жобасына ресми енгізілген. Мейкатон марафонына қатушыларды тартуда PhD докторы, М. Әуезов атындағы ОҚМУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Бибол Жақыпбаевтың, "Chaplin’s" компаниялар тізбегінің директоры-негізін қалаушы Тоқтар Әлімбековтың де еңбегі үлкен болды, бұл азаматтар шараға белсенді түрде қолдау көрсетті. Ал Вадим Торопов басқаратын "Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігі нидноуэр-консультанттарды таңдауға көмектесті.

Жоғарыда айтылған 7 прототип мыналар:

Silkway – Тірек-қозғалыс жүйесінде ақауы бар жандарды оңалтуға арналған экзоқаңқа;

Robo Force – Үздіксіз пассивтік буындарды ширатуға арналған аппарат;

Jas Maker – Құлағы нашар еститіндерге әр түрлі тұрмыс жағдайына бейімделуге арналған білезік; 

Red Banana – Мүгедектік арбаға таңылған жандар үшін жаңғыртылған қозғалмалы құрылым;

Marvel technology – Аяқтарға арналған жаңғыртылған протез;

Ino Iab – "Smart Sound – ақылды жеткізу құралдары, үйге арналған";

Драйв – "Smart shoes u Innovation headbas – көзі нашар көретіндер үшін арнайы бұйымдар". 

Мейкатон жобасын жүзеге асыру барысында үйлестіруші Евгения Мнайдарова, "Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достары қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің вице- президенті Сәния Арапова, "Silkway" халықаралық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Ефимова, PhD докторы, М. Әуезов атындағы ОҚМУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Бибол Жақыпбаев, "Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Торопов, сатып алу жөніндегі менеджер Семен Ривень, "Silkway" халықаралық университетінің президенті Мадияр Юнусов, "ERG Көмек" корпоративтік қоры  Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Сәтжан Темірғалиев, "Еуразиялық Топ" ЖШС корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Фатима Қосаева, жоба менеджері Лиана Шуликова, тағы басқа азаматтар іс-шараның басы-қасында болып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті және жобаға қатысушы команда мүшелеріне дем беріп, жігерлендіріп отырды. 

Жеті команда құрамындағы жас мамандар мүгедек жандардың өмірін жеңілдететін инновациялық құралдарды жасап, шараның мәресінде әрқайсысы өз прототиптерінің тансытырылымын жасады. Мысалы, Robo Force командасы  тізеге, балтыр мен санға  активті және пассивті массаж жасау құрылғысының прототипін жасап шығарды. Команда жетекшісі Есенбек Құрбанәлінің айтуына қарағанда, мұндай құрылғы Қазақстанда әзірге жоқ. Ресейлік осындай массаж құрылғысы 1,5 миллион теңге тұрады. Ал Robo Force командасы оның прототипін жасауға бар-жоғы 200 доллар жұмсады. Егер демеушілер табылып, нарыққа енгізілсе қазақстандық массаж құралының өзіндік құны арзан болар еді. Массаж құралы отадан кейінгі оңалту кезеңінде қолдануға арналған. Оған бағдарлама енгізілген, белгілі бір градусқа және массаждау қозғалысының жиілік санына дәрігерден нақты команда алып әрекет жасай алады. Құрылғыны жасауда аяқтың ұзын-қысқалығына қарай өлшемін өзгертіп отыру да қаралған. Сондай-ақ команда мүгедектік арбаның жаңаша тұрін жасап шығыпты. Оны мүгедек адам кереуетте жатып пультпен басқара алады. Қаласа шақырып, лифтісін қосып, арбаға өз бетінше қиындықсыз ауыса алады. Арбаның өзі арқасы жататын, аяқ тірегіші жоғары-төмен қозғалатын етіп жасалған. Есенбектің Шымкентте өз робототехникалық оқыту курсы бар екен. 

Өзге командалар да өз прототиптерін әділқазылар алқасы мен залдағы көпшілікке паш етіп жатты.  Ino Iab командасы құлағы нашар еститіндерге арналған "ақылды лампа" прототипін жасаған. Сырттан біреу есік қақса немесе домофонға қоңырау түссе бөлмедегі лампа бірнеше рет жанып-өшеді. Сонымен қатар команда құлағы нашар еститіндердің телефонына енгізілген мобильдік қосымша орнатып, оны 101, 102, 103 сынды шұғыл қызмет орындарының дипечерлеріндегі базаға енгізу жүйесін жасады. Базаға қоңырау келіп түскеннен соң құлағы нашар еститін жанның телефонына "Күтіңіз, бес минутта жетеміз" деген хабарлама келеді. Команда жетекшісі Нұрлан Ердәулет Шымкенттегі  Ino Iab оқу орталығының оқушысы екен. Ал Jas Maker командасы түрлі сигнал беріп тұратын білезік, Драйв командасы ой-шұқырлар мен жолдағы кедергілерді ескертіп отыратын сүйеніш таяғын ойлап тапты. Инновациялық бағдарлама енгізілген мұндай озық құралдар нашар еститін және нашар көретін жандар үшін таптырмас көмекші болар еді. Әзірге бұл прототиптерге Қазақстанда теңдесі жоқ. Тек үкіметтен немесе бизнес өкілдерінен қолдау тауып жатса жарайтын-ақ жобалар.  

Silkway командасы экзоқаңқаның прототипін жасап, оған бағдарлама енгізген. Белден аяқтың ұшына дейінгі аумаққа дене сыртынан кигізілген жолақ дәрігерге бел, аяқтардың жағдайы туралы толық ақпарат бере алады. Сол сияқты, Marvel technology командасы аяқ протезінің жетілдірілген түрінің прототипін жасаған. Мұндай протез тізеге салмақ салмайды, жеңіл әрі жас ерекшелігіне қарай үлкейтіліп отырады. Оны өмір бойы ауыстырудың қажеті жоқ. Тізе тұсы мүгедек жанға жайлы болып жасалған. 

"Тель-Авив университетінің Қазақстан Республикасындағы достары қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі президентының орынбасары Сәния Арапованың айтуына қарағанда, Мейкатон марафонының қоғамға пайдасы өте көп. Жалпы, мейкатон деген еврей сөзі екен. Израильде бұл сөз іс-шараның атына айналған. Мән-мағынасы – мектеп оқушыларының мүгедек жандарға қолғабыс жасау акциясы. Халықаралық деңгейдегі және Қазақстандағы мейкатон марафоны деген қайырымды іс-шара осыдан бастау алып, дамып келеді. Қазақстанда бұл әрекет 2017 жылы басталған. Алматыда бір рет халықаралық мейкатон өткізілді. Сәния Арапова мұндағы мақсаттардың бірі – мүгедектердің өмірін жеңілдетуге арналған қазақстандық құралдарға израильдік озық инновацияларды енгізу екенін айтады. 

Шымкенттегі мейкатонға қатысқан жас өнертапқыштар өздерінің заманауи инновациялық технологиялар саласындағы білікті мамандар екенін көрсетті. Олардың жасаған прототиптеріне  "Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Торопов, "Silkway" халықаралық университетінің ректоры Ирина Ефимова жақсы лебіз айтты. Бұл еңбектер еленіп, нарыққа бағыт алуына үкімет мүдделілік танытса жаман болмайды дегенді ұғындырды. 

Мейкатон марафоны мәресіне жетіп, әділқазылардың шешімімен марапаттау рәсімі өтті.

Бірінші орынға  құлағы нашар еститіндерге әр түрлі тұрмыс жағдайына бейімделуге арналған білезік прототипін жасаған Jas Maker командасы лайық деп танылды. Команданың әрбір мүшесі бағалы сыйлыққа, сертификатқа және 60 мың теңгеден ақшалай сыйақыға ие болды. Екінші орынды  пассивтік буындарды ширатуға арналған аппараттың прототипін жасаған Robo Force командасы ие болды. Оның мүшелері де бағалы сыйлық, сертификат және 30 мың теңгеден сыйақы алды. Ал қалған бес команданың бәрі де үшінші орын иегерлері атанып, бағалы сыйлық пен сетрификат иелері атанды. 

Бұл іс-шара жалғасын табады. Меймандардың мекатон марафонын Шымкентте алдағы күзде тағы өткізу ниеті бар. 

Арай Есенбек, Шымкент қаласы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу