Коттедж иелері ипотекасының бір бөлігін де мемлекет көтереді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7052

Ел үкіметі қарызымен қосқандағы жалпы құны жарты миллион долларға немесе 166 миллион теңгеге жететін баспаналардың ескі ипотекасына жеңілдік жасауға шешім қабылдады.

Коттедж иелері ипотекасының бір бөлігін де мемлекет көтереді

Қазақстанда "валюталық ипотекашылар" – қоғамның ең қызуқанды белсенділерінің бірі саналады. Жақында олардың бір тобы биліктегі беделді тұлғалардың бірі, елорда әкімі Әсет Исекешевтің халық алдындағы есептік кездесуінде шу көтеріп, өзгелерге сөз бермей қойғанын, соңынан қалабасыны қоршап алып, жеке бөлмеде оңаша кездесуге мәжбүр еткенін бүкіл ел көрді.

Жалпы, кезінде, дағдарысқа дейінгі мұнай бағасы жаңа биіктерді бағындырған, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" бақуатты заманда бір немесе бірнеше баспананы кредитке алып алып, артынша күйзеліс пен девальвациядан кейін оның барған сайын еселенген борышын өтей алмай жүрген азаматтар небір жанкешті шараларға барды. Кейінгі наразылық шараларының бірі ретінде парламенттің кіреберісінде, темір-тұтқаға өздерін жаппай кісендеп тастауын атауға болады. Мұндай "науқандар" мен "флешмобтар" ары қарай жалғаса бермеуі үшін үкімет оларға қарай қаншама қадам жасады. Олардың әрқайсысы үшін бір пәтерінің ипотекасын бюджет қаржысы есебінен арзандатып та берді. Заңнамаға өзгерістер енгізіп, банктерге қарызын қайтармай жүрген клиентінің кепілзатқа қойған жалғыз баспанасын сот арқылы тартып алуына тыйым салды.

Бұл шаралар жалғыз пәтердің жырымен жүргендерді тыныштандырды. Алайда ізінше несиелік оншақты тұрғын үйі барлары әшкереленді. Беті ашылған олар қимыл-қарекеттерін өршітті. Әрине, жеке тұлғалардың қарызын бюджеттен өтей берумен үкіметтің көп елікпегені дұрыс еді, сондықтан өз клиенттерімен сөйлесуді мемлекет қарыз берген банктердің өздеріне жүктеген. Ақыры банкирлер түйткілді проблеманың түйінін тарқатпаған соң, бұл қамытты билік қайтадан өзі киді.

Осы орайда қаржылық реттеуші кезінде шетелдік валютада ипотекалық қарыз алғандарға көмек көрсетудің жаңартылған бағдарламасы қабылданғанын жариялады.

Осы мақсатта 2018 жылғы 27 наурызда ұлттық банктің басқармасы 2015 жылғы сәуірде қабылданған "Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына" өзгерістер мен толықтыруларды бекітіпті. Жаңа құжаттың егжей-тегжейі енді белгілі болып отыр.

"Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар екі блоктан тұрады. Бірінші блок мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына жолдауында ұлттық банкке берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Елбасы бізге 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздарына қатысты қордаланған мәселелерді түпкілікті шешуді жүктеген болатын. Соған байланысты, енді Қазақстанда осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, жеке тұлғалардың тұрғын үймен және өзге де жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген валюталық ипотекалық қарыздарының барлығы теңгеге ауыстырылатын болады", – дейді ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев

Неге екі жыл бұрынғы мерзіммен шектеліп отыр? ҰБ басшысының түсіндіруінше, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, елімізде шетел валютасында, яғни, доллармен немесе еуромен жалақы алмайтын жеке тұлғаларға банктердің шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздар беруіне заң жүзінде шектеу енгізілген.

Яғни, бұл жағы анық, әрі түсінікті. Енді жаңартылған бағдарламаның негізгі шарттарына тоқтала кетсек. Ұлттық банк басшысының мәліметінше, құжат жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алған валюталық ипотекалық қарыздарының барлығын "теңгенің ҰБ белгілеген 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша" қайта қаржыландырады. Яғни, бұл жерде ұлттық валюта еркін айналымға жіберілгенге дейінгі бағам назарға алынады: 1 АҚШ доллары 188,35 теңгеге тең деп есептеледі.

Жаңғырған бағдарламаға 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өтелмеген негізгі қарызының қалдығы 500 мың АҚШ долларынан аспайтын (ұлттық валютаға шаққанда, 166,6 миллион теңгеге дейінгі) тұрғын үйлер ипотекасы ілігетін болады. Яғни, пәтерлер ғана емес, коттедждер иелері де оның қызығын көріп, жемісін тере алады.  

ҰБ есебінше, бұл 21 мыңнан аса қарыз алушының қарыздарын өтеуге, мәселесін шешуге оңтайлы жағдайлар жасайтын көрінеді.

Ел баяғыда-ақ көрген түстей ұмытқан 2015 жылғы 18 тамыздағы төмен бағам бойынша қайта есептелуге сот үкімі шығарылған валюталық ипотекалар да жатады. Егер валюталық қарыз бойынша сот актісі сол 18 тамызға дейін шығарылған болса, қайта қаржыландыру сот үкімі арқылы өндірілуге тиісті негізгі қарыз сомасы бойынша жүзеге асырылады. 

Шетел валютасынан ұлттық валютаға ауыстырылып, қайта жасалатын ипотекалық келісім бойынша несиелендіру мерзімін қарыз алушы азаматтың өзі таңдайды. Алайда ол мерзімнің ең жоғарғы мөлшері 240 айдан немесе 20 жылдан көп бола алмайды.

Айтпақшы, Данияр Ақышев валюталық ипотекашыларды енді уақыт жоғалтпай, өздері кредит алған банкке тез арада жүгінуге және бағдарлама арқылы қарызды қайта қаржыландыру туралы өтініш жазуға шақырады.

"Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің екінші блогы 2004 жылдан бастап, 2009 жыл аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекашыларға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл бағытта күні бүгінге дейін 23 мыңнан астам қарыз алушыға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспаналарын сақтап қана қоймай, ипотекалық қарыздары бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Одан қайтарылған қаражаттар "револьверлік тетік" бойынша қайтадан осы бағытта игеруге жатады. Соны ескерсек, қайта қаржыландырылған заемдар саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мыңды құрайды деп болжанып отыр", – деді ол.

Атап өтерлігі сол, валюталық ипотекашылардың борыштарын азайтып, оны теңгеге көшіруден банкирлер еш ұтылмайды. Осыған орай қаржылық реттеушінің жетекшісі бағдарламаны жаңартпас бұрын, банктермен, қоғамдық бірлестіктермен және ел үкіметмен бірге ақылдасып, үлкен жұмыс жүргізгендерін айтады.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді іске асыру мақсатында үкіметпен бірлесіп, банктерге және сол сияқты қарыз алушыларға да салықтық артықшылық-преференциялар ұсыну бойынша жұмыс жүргізілді", – деп нақтылады Данияр Талғатұлы.

Атап айтқанда, теңгенің құнсыздануына дейінгі және одан кейінгі бағам арасындағы 137,3 миллиард теңге банктерге қайта қаржыландырылған заемдарды салғастыру актілері (акт сверки) бойынша ай сайынғы негізде өтеліп отырады.

­Бұлардан басқан, Данияр Ақышев ипотекашыларға, соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындарына көмек көрсетудің үшінші кезеңіне кіріскендерін мәлімдеді. Рас, неге ондай адамдарға банктердің ипотека бергенін айыптап, тереңдей талдап жатпады.

"Біз әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған қарыз алушылардың мемлекеттік қолдауға ерекше зәру екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз табыс көзі – мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар болып табылады. Салдарынан, олар кредиттерін төлеу үшін табыстарын толық банктерге беруге мәжбүр. Қазір ұлттық банк қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуге бастама жасап отыр. Оның мәнін аша кетсек, бағдарлама аясында қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауына байланысты банк меншігіне көшкен баспанасын банктердің жалға-арендаға беруіне ұлықсат етілмек, оларға тиісті құқықтар берілмек. Бұл түзету ақыр соңында қарыз алушыға бұрын өзіне тиесілі болған тұрғын үйді өз меншігіне қайтарып алу мүмкіндігін ұсынады", – деді ұлттық банк басшысы.

Осылайша, мемлекет объективті жағдайлар нәтижесінде қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бойынша "бұрын-соңды болмаған, теңдессіз шараларға" баруда.

Әйткенмен, елең еткізетін бір ескерту бар: егер ипотекашы азамат "банкпен ерекше қарым-қатынастармен байланысты тұлға" болып табылса, айталық, ол қандай да бір банктің акционері саналса, онда ондай адамдардың заемын қайта қаржыландыруға қатаң тыйым салынып отыр.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу