Көзілдірік киетіндер көбейіп кетті

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2429

ҚР қорғаныс министрі әскерге шақырылған жастардың көру қабілеті нашар екенін айтып, дабыл қақты.

Көзілдірік киетіндер көбейіп кетті Фото: liter.kz

Қазақстандағы әскери комиссариатқа келетін жастардың басым бөлігінің  көру қабілеті нашар. Мұндай үрдістің тууына Қазақстан мектептерінде  интерактивті тақталардың қолданылуы себеп болып отыр деп есептейді қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

"Менің интерактивті тақталарға қатысты сұрағым бар. Бұл жақсы жүйе, бірақ әскер қатарына шақырылған жастардың басым бөлігінің көздері нашар көреді. Интерактивті тақталардың сапасын жақсартуға бола ма? Тақтаның балалардың көзіне зияны болмауы керек", - деді Сәкен мырза үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сөзінен кейін. Өз кезегінде БҒМ өкілі интерактивті тақталар "E-learning" бағдарламасын іске асыру аясында алынғанын айтып, қазіргі кезде министрлік баламалы нұсқасын тапқанын жеткізді.

"Олар (интерактивті тақталар – автордың ескерт.) өте қымбат және тәжірибе көрсеткендей, аса тиімді емес. Біз биыл 11 мың видео-үштік сатып аламыз. Ол компьютер, проектор және экраннан тұрады. Компьютер мектептегі сервер ретінде қолданылады, проектор мен экран интерактивті тақталарды алмастырады. Бұл шешім көзге қауіпсіз әрі біршама арзан", - деп жауап берді Ерлан Сағадиев.

"E-learning бойынша жабдық жұмыс істей ме, жоқ па?" - деп сұрақ қойды  БҒМ басшысына премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

"Серверлер жұмыс істейді. "E-learning" бағдарламасы бойынша сатып алынған интерактивті тақталар да жұмыс істейді. Қаражаттың басым бөлігі "E-learning" енгізу аясында байланыс орнату үшін жұмсалды. Компьютерлер де жұмыс істейді, бірақ техника ескіріп жатыр, оның үстіне біз жыл сайын "Microsoft", "Oracle" лицензиялық өнімдерін сатып алуымыз керек. Бұл да шығын", - деп жауап қатты Ерлан Сағадиев. Бұдан кейін ол сатып алынған техника жаңартуды талап ететініне назар аударды.

"Сіздер жыл сайын техниканы жаңартуға қанша қаражат кететінін есептедіңіздер ме?" - деп сұрады одан үкімет басшысы.

"Төрт платформаны қолдап, біріктіру үшін бізде шамамен 2,5 млрд теңге жоспарланған. Ал интерактивті тақтаға келер болсақ, оларды жергілікті атқарушы органдар сатып алады. Байланыс үшін де өздері төлейді", - деді ол.

Ерлан Сағадиев айтып өткендей, мекеменің 73 ақпараттық жүйесі мәлімет тапсыру арқылы төрт негізгі платформаға біріктіріледі: ұлттық білім беру деректер қоры (білім беру жүйесі бойынша барлық әкімшілік ақпарат, оқушылар, мұғалімдер, парталар және т.б.), электрондық күнделік (оқу үлгерімі, сабақ кестесі, сабақ жоспары,мектептер мен техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша барлық академиялық ақпарат), "бұлтты" бухгалтерия /елдегі барлық білім беру ұйымдарының бірыңғай бухгалтериясы және ЖОО-лардағы ақпараттық жүйесі.

73 жүйе осы төрт платформаға ақпарат жібереді, олар өз кезегінде бір-бірімен және мемлекеттік органдармен ақпарат алмасады.

"Бұл БҒМ-ды  толық автоматтандырады. Яғни біз әр баланың бағасын,  үй жұмысын, әр мұғалімнің сабақ жоспарын көре аламыз. Оны БҒМ, әкімдік, облыстық білім беру бөлімі және ата-аналар көреді. Бухгалтерияда да дәл солай. Біз әр мектептің сым жүйесін көруіміз керек. Оны әкімдік, облыстық білім беру бөлімі, мектептің қамқоршылық кеңесі көруі тиіс. Осыған орай балар санын, оқу орындарының тапшылығын, мектеп салу картасын жоспарлауға болады. Оның барлығы бірыңғай ақпараттық жүйеден өтетін болады", - деді министр.

Мұғалімдер сыныпты онлайн түрде бақылай алады және қағазбастылықтан арылтады.

"Енді ақпарат қайталанбайды. Аттестациядын өту үшін оқытушы туралы қажетті барлық педагогикалық ақпарат оның жеке кабинетінде сақталады. Бұл мұғалімнің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді", - деп түсіндірді Ерлан Сағадиев мырза.

Одан бөлек, егер үкімет басшысы әділет министрлігі, ішкі істер министрлігі және денсаулық сақтау министрлігінің деректер қорын біріктіру туралы тапсырма берсе, министр бүгіннен бастап мұғалімдердің үй-үйді аралауын тоқтатуға дайын екенін айтты.

"Бізде 100 мыңнан астам мұғалім жылына екі рет үй-үйді аралап, мектепке баратын балалардың аты-жөнін жинайды. Бүгінде бұл жұмысты істемесе болады, себебі деректер қорында бұл мәліметтің бәрі бар", - деді ол.

Ал ата-аналар, министрдің айтуынша,  нақты уақытта баласының қандай баға алғанын көруге мүмкіндік алады, оның сабақты босату жиілігін, үй тапсырмасын орындауын және жалпы баланың алға жылжуын бақылай алады.

Ерлан мырза жұмыс басталып кеткенін хабарлады.

"Жұмыстың негізгі бөлігін 12 айда аяқтаймыз деп үміттенеміз", - деді ол.

Сонымен қоса жобаның дамуын ғаламтор шектеулерінің жеткіліксіздігі тежеп отыр.

"7 мың мектепте ғаламтор бар – бұл жалпы мектептер санының 90%.  Бірақ бізге қажетті жылдамдығы секундына 4 Мбитке жететін ғаламтор тек 2 мың мектепте ғана бар. Яғни біз ғаламтор жүйесін дамытуымыз керек. Екіншіден, мектептердің ғаламор ақысын төлеу жүйесін орталықтандыру қажет деп есептейміз. Онымен АКМ (ақпарат және коммуникация министрлігі – автордың ескерп.) немесе ИДМ (инвестиция және даму министрлігі – автордың ескерт.) айналыссын, бірақ ғаламтор ақысының үздіксіз төленіп отыруын біз қамтамасыз етуіміз керек", - деді Ерлан Сағадиев.

Бұл міндет  орындалса, әр сыныпты  Wi-Fi-мен қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. 

"Әр сыныпқа Wi-Fi өткізу – біз үшін маңызды міндет. Оны орнатуға қажетті роутерлер мен сымдарды жүргізу жазғы мезгілде, демалыста және іс-тәжірибе кезінде іске асырылмақ, біз оған көп студент жібере аламыз. Жергілікті атқарушы органдардан сұрайтынымыз – Қазақстан Республикасының әр сыныбында Wi-Fi орнату үшін мұндай жабдықты сатып алу қымбат емес", - деді министр.

Ендігі бір маңызды бағыт сандық білім беру ресурстарын дамыту болып табылады.

"E-learning жобасына шынымен де 30 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы айту керек деп есептеймін. Оның 27 млрд теңгесі құрал-жабдыққа кетті. Олар: сервер, интерактивті тақталар, компьютерлер, лицензиялық бағдарламалар. Оның барлығы бүгінгі күні жұмыс істеп тұр, алайда ескіріп келеді. 2 млрд теңге ұлттық білім беру деректер қоры мен оқытуды басқару жүйесіне жұмсалды, - деді ол. – Бүгінде біз ұлттық білім беру қорын пайдаланудамыз және одан әрі дамытамыз – ол біздің ақпараттық жүйеміздің іргетасы болмақ. Оқытуды басқару жүйесі ескірді және қаражатты талап етеді. Біз оны нарықтан тегін алмақ болып отырған электрондық күнделікпен ауыстырамыз".

"1 млрд теңге сандық білім беру ресурстарына жұмсалды (СБР) – бұл видео- және интерактивті сабақтар. Бүгінде осы СБР мектепте тегін пайдаланылып жүр. Бірақ одан әрі СБР жасамаймыз деп шештік, себебі компаниялар нарыққа сапасы одан әлдеқайда жоғары ресурстарды жеткізіп жатыр. Министрлік нарықты талдап шықты. Әзірге біз "Білім медиа групп" атты жалғыз компанияны таңдап отырмыз. 2014 жылдан бастап оның ресурстарын мыңнан астам мектеп пайдаланып келеді, оның ішінде НЗМ да бар, олардың пікірі біз үшін өте маңызды", - деп хабарлады министр.

Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті сертификаттау бойынша жауапкершілік "ҰАТ" АҚ-ға жүктелуі керек екенін мәлімдеді Ерлан Сағадиев.

"Үшінші бағыт – ақпараттық қауіпсіздік. Біз 4 платформаны "ҰАТ" АҚ серверлік орталығына ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бақытжан Әбдірұлы, (премьер-министр Сағынтаев – автордың ескерт.) біздің бастамамызды қолдауыңызды сұраймыз. Ақпараттық қауіпсіздікті сертификаттау бойынша жауапкершілік "ҰАТ" АҚ-ға жүктелуі керек, себебі мемлекеттік органдар үшін бұл қиын және жұмыс қарқынын баяулатады. Бұл туралы бұдан бұрын да айтылған еді", - деді ол.

 "Жұма күні біз "Атамекенде" Қазақстанның барлық IT-мамандарымен үлкен конференция өткізбекпіз, онда білім және ғылым министрлігінің ақпараттық қажеттіліктері таныстырылатын болады және сонда отандық әзірлеушілердің көмегімен оларды енгізудің мерзімін талқылаймыз", - деп қосты ол.

ҚР қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Бейбіт Атамқұлов өз кезегінде, бағдарламалық өнімдерді Қазақстанның компаниялары жасау керектігін атап өтті.

"Біз IT-технологияларды дамытуды қолдаймыз. Оның үстіне білім беру жүйесі IT-индустрияның дамуына түрткі болып отыр. Біз мұнда "ҰАТ" АҚ қорында мәлімет сақталатынын айттық, Республика бойынша барлық ақпарат – ата-аналар туралы, оқушылар туралы ақпарат. Әрине бұл деректердің қатаң сақталуын ойластыру қажет", - деді ол.

Нәтижесінде ІІМ, қорғаныс министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ инвестиция және даму министрлігінің басшылары БҒМ ұсынып отырған шараларға "қарсы еместігін" мәлімдеді. "Жақсы. Министр сұрап отырғандай, 4 министрлік бұл іспен айналыссын, егер ештеңе бұзбасақ, іске қосуға болады және осындай тапсырма дайындау керек", - деп қорытынды жасады премьер-министр.

Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу