Тосын реформа титықтатып бітті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3060

Қазақтың жас дарындарын Қытай, АҚШ және Ресей бөліп алып жатыр.

Тосын реформа титықтатып бітті Фото: foundation.kz

Осыдан сан ғасырлар бұрын бабаларымыз ұлан-ғайыр даланы ұрпағына аманаттау үшін он үш жасынан аттың белін қайыстырып, найзаның ұшын майыстырып, жауға шапқан. Әрине қазіргі ұрпақтан ондай жанқиярлықты талап ету қисынсыз болар, қанша дегенмен, қазақтың басында қаншама дәуір күткен бейбіт заман туды.

Әр заманның дауы да, дауасы да басқа. Мәселен қазір ата-ананы мектепке баратын баласының мойнына шектен тыс көп ауыртпалық түсетіні алаңдатады. Бұл мазасыздықтың тау көшкініндей арындай өсіп бара жатқаны сонша, бұл тақырыпты парламенттің қарауына тура келді.

Дүйсенбі күні мәжілістегі "үкімет сағатына" қатысқан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушыларға үйде орындауға берілетін тапсырманың тым көптігіне қатысты көп шағым айтылатынын мойындады. Министрге сенсек, мектеп жасындағы балаға "қара нар тартар" жүк артудан біздің мұғалімдер әлемде алдына көп қара салмайды екен!

"Біздің оқушылар қазір үй жұмысын орындау уақыты жөнінен 65 мемлекеттің ішінде 4-орын алып тұр! Халықаралық зерттеуге сүйенсек, бірқатар мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда үй жұмысының көлемі мен білім жетістіктері арасында тікелей ара-қатынастың жоқтығы анықталған. Оқыту процесін дұрыс жолға қойған жағдайда үй жұмысын азайтуға болады. Және оны азайту керек!", – деп қадап айтты Ерлан Сағадиев.

Білікті педагог, балалар психологы Нурия Сафиулина abctv.kz порталына берген сұхбатында жаңалығы көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып жатқан қазіргі білім заманында оқушыларға мектепте орасан зор жүктеме артылатынын айтады.

"Біздің бала кезімізде ауылда болсын, қалада болсын, сабақтан тараған балақайлар бірінің соңынан бірі қуып, қуанып, шаттанып, көшені думанға толтырып жіберетін. Қазір болса, ұнжырғасы түсіп, аяғын сүйрете басып, үйлеріне тұнжырай тараған балаларды байқайсыз. Көптеген оқушының мектеп қабырғасында-ақ қатты шаршайтыны сонша, үйде үй тапсырмасын орындауға қиналады. Бұл жай-күй кесірінен, жас ұрпақ ұстаздың тапсырмасына жете ден қоя алмайды, немесе ішінара ғана орындайды. Бұл баланың үнемі жаңғырып отыратын бағдарламадан қалып қоюына, өзін-өзі қор сезінуіне соқтыруы ықтимал. Негізі бастауыш мектеп жасында жас өскіндер 1, әрі кетсе, 2 сағат үй тапсырмасын орындағаны жөн. Бірақ, шынында, қазір олардың көбісі ата-аналарымен бірге бүкіл кешкі уақытты осыған жұмсауға мәжбүр. Мұның сыртында математика және тіл үйрететін репетитор да күш түсіреді", – дейді ол.

Маманның айтуынша, жүктеменің күрт артуы ізсіз кетпейді: "балалар арасында жүйке және психикасының бұзылуы, қатты шаршау, иммундық дисфункция, аурушаңдық таралады.

Психолог ата-аналарға бірқатар кеңес бере кетті: "Үй жұмысын орындауды шамамен түскі сағат 3-4-те бастаған жөн, себебі, бұл кезде адамда жұмысқа қабілеттіліктің физиологиялық көтерілуі байқалады. Үй жаттығуын орындауды қандай пәннен бастауды және одан кейінгі кезектілікті белгілеуді оқушының өз қалауына қалдырыңыз. Қиындығы орташа пәннен бастауға кеңес беруіңізге болады. Егер бала таңдағысы келмесе, "орташа – күрделі – жеңіл" схемасын ұсыныңыз. Балаңызға жұмыстың белгілі бір кезеңін аяқтағаннан кейін сәл үзіліс жасауға мүмкіндік беріңіз. Егер балаңызға мінез-құлқы мен қабілет-қасиетін ескеретін дұрыс жол таба білсеңіз, үй жұмысын көп қиындықсыз орындауына қол жеткізе аласыз", – дейді Нурия Сафиулина.

Білім және ғылым министрі оқушыларға жүктелетін үй тапсырмасын азайтуға уәде етіп, бұл бағытта жұмыс жүргізуді бастады. Ерлан Сағадиев бұл мәселемен мұғалімдердің және мамандардың екі тобы айналысқанын жеткізді. Жұмыс қорытындысына жүгінсек, бұл топтар министрлікке екі нұсқаны ұсыныпты. Біріншісі – үй тапсырмасын барлық пәннен азайтуды қарастырады, ал екіншісі – кей пәннен ғана үйге тапсырма беруді ұсынады.

"Екі жағдайда да үй жұмысын орындау уақыты орта есеппен күніне 1 сағатқа азаяды. Демалыс күндеріне үйге жаттығу берілмейді. Бүгінде бұл мәселе педагогтар мен ата-аналардың жаппай талқылауына ұсынылды. Нәтижесін алда көреміз!", – дейді министр.

Бейберекет реформа жаңа реформаға ұласты

Министрліктің бұған дейінгі жұмысына талдау жүргізген парламент мәжілісі "үкімет сағатында" өз "үкімін" шығарды. Палатаның бағалауынша, бұл саладағы реформалар бейберекет және ел күтпеген жерден, кенеттен жүргізіледі, іс жүзінде көбінесе, аяғына дейін жеткізілмейді. Жүйелі мониторинг, қазіргі үрдістерге терең талдау жасау, реформаның әрбір кезеңінің нәтижесін бағалау жеткіліксіз деңгейде. Соңғы 11 жылда мемлекет білім беру саласына республикалық бюджеттен 1 трлн 207 млрд теңге шығындапты. Бірақ одан байып кеткен бірде-бір ұстаз жоқ. Мәжілістің дерегіне сүйенсек, қазірдің өзінде білім қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 86,5 мың теңге.

Инфрақұрылымының артта қалуы – орта білімнің осал тұстарының бірі. Жыл сайын мемлекеттік және жергілікті бюджеттен мектеп салуға миллиардтар тартады. Бірақ оқушылардың үш ауысыммен оқуы, апатты мектеп проблемасы әлі жойылған жоқ, бірқатар облыста балалар саманнан салынған білім ордасында оқуға мәжбүр. Ал мемлекет басшысы үкіметке келесі 2018 жылға дейін үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін түпкілікті жоюды міндеттеген.

"Қазақстанда мектептердің 40%-дан астамында оқушылар саны кеміген. Ауылдардың барлығында бірдей баланы мектепке тасу мәселесі шешілмеген. Мектептердің 30%-ының жаңа заман талабына сай жабдықталған физика, химия, биология кабинеттері жоқ. 1277 мектепте спорт залы деген атымен жоқ. Осыдан сұрақ туындайды: бұл мектептер дене шынықтырудан мемлекеттік білім стандартын қалай орындап отыр?", – дейді депутат Гүлмира Исимбаева.

Бұған жауап ретінде білім және ғылым министрі жаңа реформа мен өзгеріс болатынын хабарлады.

Мәселен 12 жылдық оқуға көшу аясында "нөлдік" сынып енгізіледі.

"Бұл сынып 12 жылдық оқудың ең бірінші бөлігіне айналады. Яғни "0 сынып + 11 сынып". "Нөлдік" сыныпты енгізуді 2019 жылға белгілеп отырмыз. Бұл сынып балалардың барлығы бірінші сыныпқа 100 пайыз дайын болып келуі үшін қажет. Олар 1 сыныпта барлық әріп пен санды білуі керек. Қазір осы балалардың үлесі шамамен 70-80 пайыз. Барлық проблема осыдан шығады: кей бала жүгірте оқи алады, ал басқалары мектеп табалдырығын аттағанда, тіпті ешқандай әріпті білмейді. Мұндай балалардың үлесі аз, бірақ осының өзі мұғалімге қиынға түсіп тұр!", – дейді министр.

Оның айтуынша, "нөлдік" сыныпты мектепте немесе балабақшада өтуге болады: осы мақсатта оларда бірыңғай бағдарлама мен бірыңғай оқулық енгізіледі.

Осыдан біраз бұрын депутаттар білім министріне хат жазып, "Сауат ашу" пәніне қарсы шыққан және Ахмет Байтұрсынұлының өзі негізін қалаған "Әліппені" қайтаруды талап еткен. Содан министрлік оны қайтаруға ұйғарыпты.

"Енді "Әліппе" мен "Букварь", яғни әріп тану, сөзді буын-буынымен оқу, қарапайым сөйлем құрастырудың бәрі осы "нөлдік" сыныпта үйретіледі. Жалпы бұл сынып бағдарламасы дайын, сіздерге көрсетуге де әзірміз. Биыл пилот ретінде оны бастаймыз. Бізге мектептер мен балабақшалардан 300 мыңнан астам өтініш түсті. Бәрі қолдап жатыр мұны! Ендеше біз кенеттен ешқандай шешім қабылдап жатқан жоқпыз", – дейді министр.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда мектеп табалдырығын аттайтын барлық бала игеріп келуге тиіс "бірыңғай базалық дағды-машық түрлері" анықталды. "Бұл оның қандай балабақшаға барғанына қатысты болмайды, бәріне бірдей. Бізде бағалаудың индикаторлар жүйесі болады, біз сол бойынша қадағалауға тиіспіз. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бармайтын 1-6 жас аралығындағы балаға қашықтықтан білім беріледі. Ол үшін "otbasy.kz" сайты құрылған, базалық бағдарлама мен барлық курс сонда орналастырылады", – дейді Ерлан Сағадиев. Алайда әзірге бұл сайтта қарапайым баспасөз ақпаратынан басқа танымдық ақпарат, ата-анаға қажетті түсініктеме таба алмадық.

Білім және ғылым министрі еліміз бес күндік оқуға көшіп жатқанын мәлім етті. Сонымен қатар бастауыш мектеп базалық оқулыққа ауысады. "Базалық оқулықтың авторлық құқығы мемлекетке тиесілі. Бұл өте маңызды. Себебі оны онлайн-режимде оқу үшін ғаламторда орналастыру мүмкіндігі пайда болады", – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Бұл шара "Алматы кітап" дүкендерін оқушылар ата-аналарының жылда шабуылдап, ұзын-сонар кезек түзуі мәселесін шешпеуі де ықтимал. Өйткені ата-ана тапшы оқулықты электронды түрде жүктеп алуға рұқсат етуді сұраған. Ал министрге сенсек, электронды оқулықты осы сайттан тек "онлайн-режимде" оқу мүмкіндігі ғана беріледі. Бұл онсыз да мектеп қабырғасында денсаулығын жоғалтатын баланың көзіне қосымша салмақ түсірері сөзсіз.

Министр парламентте орыс мектептеріндегі оқушыларды мемлекеттік тілге шындап ден қойғызуға уәде етті.

"Қазіргі уақытта қазақ балаларының 90 пайызы қазақша оқиды. Ендігі баса назар аударатын бір проблема бар: орыс тілді мектепте оқитын 500 мыңға жуық бала мемлекеттік тілде сөйлемейді! Сол мектептерге арналған, жаңа ғылыми негізде жасалған деңгейлік-коммуникативті әдістеме дайын. Осы оқу жылынан бастап, пилоттық режімде жекелеген мектептерде енгізе бастаймыз. Ол ілкі жоба жақсы өтсе, 2018 оқу жылынан бастап, барлық мектепке таратуға болады. Яғни орыс тілді мектептегі әр баланың қазақ тілінде "сөздік қорының минимумы" болуы талап етіледі. Қазақ тілі емле ережелерінің мағынасын түсінбей, механикалық түрде жаттап алу деген енді болмайды. Ең бастысы, бала тезірек қазақ тілінде сөйлей бастағаны керек!", – дейді Ерлан Сағадиев.

Министр мектеп бітіру емтиханынан "шайтан" жасамауды өтінді.

"Мектеп бітіру емтиханынан "шайтан" жасаудың қажеті жоқ. Оқушылар оны жыл сайын, ал кейбірі тоқсан сайын тапсырып отырады. Бұл – стандартты сынақ. Екінші жағынан, ҰБТ анағұрлым жеңілдетілді. Оның тек бестен бір бөлігі ғана өзгертілді. Дұрысы, біз ҰБТ-ны ақырын-ақырын ауыстырып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіре беруіміз керек", – дейді министр.

Депутаттар ҰБТ жыл сайын реформалана беретіндіктен, мектеп түлегі оған дайындалып үлгере алмай қалатынын алға тартқан. Білім саласының басшысы Ерлан Сағадиев бұған жауап ретінде оқушыға "ҰБТ-ға арнайы дайындалмауды" тапсырды.

"Бала нысаналы түрде ҰБТ-ға дайындалмауға тиіс! Болашақта бірте-бірте емтиханның жаңа стандарттары енгізіле береді. Оған дайындалу мүмкін емес. Тек оның орнына 11 жыл бойы жақсы оқу керек!", – деп түйді министр.

Айтпақшы, егер бұрын ҰБТ-да 100 балдың, кем дегенде, жартысын жинау қажет болса, қазір 160 балдың ең кемі 50-ін жинау ғана талап етіледі екен. Министрлік баланың алдынан бөгет құрмай, керісінше, жоғары оқу орнына түсуін жеңілдетуге сөз берді.

Әйтпесе дарынды жастарды шетелдік ғылым ордалары өздеріне тартып әкетпек. Қытай Халық республикасы қазақ жастарын өз университеттеріне тегін түсуге белсенді тартып жатыр. Тиісінше, елімізде қытай тілін үйренуге деген сұраныс еселеп артқан. Жас ғалым, Назарбаев университетінің түлегі, биотехнолог Дамель Мектепбаеваның айтуынша, Америка Құрама Штаттарының жетекші жоғарғы оқу орындары 2050 жылға дейін шетелдік 1 млрд адамды тегін оқыту жөнінде ғаламат жоба бастаған. Бұл "әлем халқының 1 миллиарды – біздің түлектеріміз!" деп мақтан тұту үшін қажет көрінеді. Бұл жоба сонымен бірге қашықтықтан оқыту жолымен де іске асады.

Ресей өз жоғарғы оқу орындарына түсу үшін жастарға Қазақстандағыдан үш есе көп грант бөледі. Нәтижесінде өз еліміздің емес, Мәскеудің, Томскінің, Новосібірдің университеттеріне түсетін қазақ жастарының саны барған сайын көбейіп келеді.

Жалпы алғанда, солтүстік көршімізде жоғары білімді азаматтар саны Қазақстанның бүкіл халқының санына тең. Ал біз олармен ЕАЭО аясында бір экономикалық кеңістікте өмір сүреміз және бәсекелесеміз! Қытайлық жоғарғы оқу орындары жыл сайын Австралияның бүкіл халқына теңесетін көлемде түлек шығарады екен. АҚШ, Ресей және Қытай әлемдік держава мәртебесіне ұмтылыс жолында "жұмысқа қабілетті тұрғындардың елу пайызы жоғары білімді болуға тиіс" деген ұстаным қабылдады.

"Қазақстанда бұл көрсеткіш 36 пайыз, бізге тағы 1 млн жоғары білімді адам жетіспейді", – дейді білім және ғылым министрі. Бұл миллионды табу үшін отандық дарындардың шетелге кетпей, өз елімізде қалуына жағдай жасаған жөн. Әйтпесе, "ақыл-ойымызды" өзге елдер өздеріне бұрып әкетеді. Мұны "ақыл-ойдың ағуы" деп атайтынын да білесіз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу