Көзқарасты өзгертетін кез келді

3075

Алматы әкімдігі № 3 Сақ қорғаны орналасқан жерге қатысты ұстанымын құпия  ұстап отыр.

Көзқарасты өзгертетін кез келді

"Е-gov"  жүйесінің "Ашық үкімет" бөлімінде "Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылдың 10 қараша  күні қабылдаған  тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер туралы № 4\840 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" қаулысының жобасы жарияланды. Арнайы комиссияның талқылауына ұсынылған құжаттың Жандосов, Тәжібаев және №20-22 сызық бойында орналасқан № 3 сақ  қорғанын тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізімінен алып тастау  туралы ұсынысы өзіне бірден назар аудартты.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, аталмыш жоба 7 наурызға дейін талқыланады. Құжатта қорғанның содан кейінгі тағдыры туралы ештеңе айтылмаған. Алайда құжатқа пікір білдіргендердің басым көпшілігі № 3 қорғанның тарихи маңызын жоққа шығару тым асығыстык екенін айтыпты. Себебі қазақстандық археологтардың  қолында Қорғанның жасын дәл анықтайтын құрал жоқ екен. Бұл пікірді археология саласындағы мамандар да растайды.

Жас археолог Марат Тәшімбаевтың пікірінше, археология саласына  технологияның соңғы мүмкіндіктері жеткен жоқ. Мамандарымыздың негізгі құралы күрек пен кетпен.  

"Тым тереңдеп кеткендеріне  техника енді қолданыла бастады. Мұның дұрыс емес екенін археологтар үнемі айтып жүр", – деді Марат Тәшімбаев.

Айтпақшы, Алматы әкімдігінің тарихи маңызын жоққа шығарғысы келіп отырған № 3 қорған тек 2010 жылы ғана мемлекеттің бақылауына алынған. Арада 5 жыл өткенде ғана қазба жұмыстары басталған. Зерттеудің тым кеш басталуына қорған орналасқан жер телімінің жекеменшіктің иелігіне өтіп кеткені себеп болыпты. Алматыдағы №3 қорғанға қазба жұмысын жүргізген Алматы қаласы тарихының жауапты хатшысы Мұрат Нұрпейісов қорғанның тарихи маңызын анықтау қала әкімдігі жанынан құрылған комиссияның міндеті екенін айтады. 

№3 қорғаннан археология тарихына жаңалық әкелетін деректер, алтын бұйымдары табылмаған. Қорғанның бірнеше рет ашылып, тоналғаны  және кейініректе қайта жөнделгені қазба жұмыстары кезінде байқалған.  

"Қазба жұмыстары кезінде қорғанның біздің ғасырымызға дейінгі V-ғасырлардағы сақ-ғұн тайпаларының элитасына  тиесілі екенін анықтадық", – деді Мұрат Нұрпейісов.

Негізгі мамандығы тарихшы, археолог Қамал Бұрханов Алматы маңындағы қорғандардың басым көпшілігі зерттелгенін айтады. Оның ойынша, Алматыдағы №3 қорғанды тарихи маңызы бар нысандардың қатарынан алып тастаудан қандай бір астар іздеудің  қажеті жоқ.

"Алматы әкімдігінің ұсынысы Сақ қорғанын бұзып тастау дегенді білдірмейді. Бұл мәселе комиссия назарына ұсынылды. Соңғы сөзді солар айтады. Қоғамдық пікір арқылы комиссияның жұмысына ықпал етуге болмайды. Бұл кәсіби мамандардың талқылауымен шешілетін мәселе", – деді Қамал Бұрханов.

Ал саясаттанушы және әлеуметтанушы Дос Көшім Алматы әкімдігінің тарихи маңызы бар нысанның ғаламтор арқылы  көпшіліктің талқысына ұсынылғанын заңға қайшы деген пікірді алға тартты. Себебі әлемде тарихи мұраларға деген көзқарас түбірімен өзгерген. Мысалы Мысыр жеріндегі патшалар алаңы туралы әлем археологтары тек ХIХ ғасырда естіп, білген. Содан бері Мысыр жерінде пирамида немесе патшалар мекенінен табылған әрбір қорған хатталып, әлемдік деңгейдегі құндылықтар тізбегіне енгізіліп отыратын көрінеді.  

"Бізге де қорғандарға қатысты көзқарасты өзгертетін кез келді. Технология күн сайын дамып жатыр. Күні ертең сызылып тастағалы отырған қорғаннан әлемдік археология тарихына ықпал ететін құнды жәдігер табылып қалуы әбден мүмкін. Мысалы Есік қорғандарында алтын киімді адам табылған қорған 1970 жылдарға дейін талай рет тоналған. Жұртың үміті әбден үзілген кезде алтын сауытты адам табылды. Сондықтан қолда барды жоюға асықпайық", – деді Дос Көшім.

Оның пайымдауынша, Алматы әкімдігі № 3 Сақ қорғаны орналасқан жерге қатысты ұстанымын құпия  ұстап отыр.

"Алматыдағы Сақ қорғандары Алматы тарихы мұражайына, қала берді Әлкей Марғұлан атындағы архелогия иститутына тиесілі. Сондықтан оның тағдыры туралы кесімді пікірді солар айтады", – деді Дос Көшім.     

Өз кезегінде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының өкілі Арнабай Нұржанов  №3 қорған археологтар тарапынан зерттелгенін және жұмысты жалғастыруға негіз жоқ екенін айтты. Ол №3 сақ қорғанын тарихи маңызы бар нысан қатарынан алып тастау туралы ұсынысты қолдайсыз ба деген сауалымызға нақты жауап бере алмады.

Баршын Айтжанбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу