ҚТО тапқан табысының барлығын қайтадан үлеспайдаға жіберді

2435

"ҚазТрансОйл" АҚ акционерлері 2016 жылдың қорытындысында 60 млрд теңге табыс тапты.

ҚТО тапқан табысының барлығын қайтадан үлеспайдаға жіберді

Мұндай  шешім Қазақстанның негізгі мұнай-көлік операторы акционерлерінің жылдық жалпы отырысында қабылданды. Бұл туралы "ҚазТрансОйл" АҚ басқармасының төрағасы – бас директор Димаш Досанов мәлім етті.

"Акционерлердің шешімімен 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында компания акцияларын жария түрде орналастыру кезеңіндегі рекодты сома – 59 миллиард 617 миллион 355 мың 345 теңге үлеспайданы төлеуге аударылды", – деп мәлімдеді Димаш Досанов. Оның мәліметіне сенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның шоғырланған табысы 207,1 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 2,8%-ға төмен. Айта кету керек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша ҚТО-ның таза табысы 44,5 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың деңгейінде қалды.

"Сонымен бірге компанияның 2016 жылы тапқан шоғырланған таза табысы жоспарлы көрсеткіштен 18%-ға жоғары, ол негізгі қызметтен түскен қоғам табысының өсуімен байланысты", – деді "ҚазТранОйлдың" бас директоры. Оның айтуынша, үлеспайданы төлеуге былтырғы таза табыстан 44 млрд 527 млн 918 мың теңге және өткен жылдардың табысынан 15 млрд 089 млн 437 мың 345 теңге бөлінген.

Үлеспайдаға бөлінген бұл сома шынымен де ҚТО үшін рекордты болып табылады, бұған дейінгі рекорд 2012 жылы қараша-желтоқсан айларында өткізілген "Халықтық ІРО" бағдарламасы аясында болған еді. Компания үлеспайдаға 28,8 млрд теңгеден сәл жоғары қаражат жұмсаған болатын. Ол кезде компанияның бір қарапайым акциясының үлеспайдасы 75 теңгені немесе бір қарапайым акция құнының 10,3 %-ын құрады.

2013 жылдың қорытындысы бойынша үлеспайданың жалпы сомасы 41,9 млрд теңгеден асты, яғни бір қарапайым акцияға 109 теңге үлеспайда қосылды. 2014 жылы рекорд жаңартылды – 46,4 млрд теңгеден астам және осыған сәйкес 120,7 теңге. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, үлеспайданың жалпы сомасы 51,1 млрд теңгеден асты, ал әр акцияға 133 теңге үлеспайда есептелді.

Үлеспайданың қазіргі сомасы – 59,6 миллиард теңгеден астам қаражат – әр жеке акционерге 155 теңге әкелді, бұл 2015 жылы төленген үлеспайдадан 17%-ға артық. "2016 жылдың қорытындысы бойынша, жылдық үлеспайда  компанияның қарапайым акцияларынан үлеспайда алуға құқығы бар акционерлер тізіміне сәйкес төленеді, төлем 2017 жлдң 27 маусымынан бастап жүргізіле бастайды" – деп нақтылап кетті Димаш Досанов.

Сондай-ақ ол елдегі мұнай айдау мөлшерінің төмендеуінің салдарынан үлеспайда өскенін айтты.

"2016 жылы компания Қазақстанда өндірілген барлық мұнайдың шамамен 47%-ын тасымалдады, қазақстандық МӨЗ-ге өңдеу үшін жеткізілген мұнайдың 97%-ы ҚТО-ның құбырлары арқылы өтеді, – деді "ҚазТрансОйлдың" бас директоры. – Өткен жылы ҚТО компаниялар тобы тасымалдаған мұнай мен мұнай өнімдерінің мөлшері 56,6 млн тоннаны құрады, бұл жоспарланған көрсеткіштен 186 мың тоннаға артық, бірақ 2015 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 4 млн 426 мың тоннаға кем".

Оның сөзінше, мұнай тасымалдау көлемінің төмендеуі, негізінен, елдегі мұнай өндірісінің азаюына байланысты болған. Еске салар болсақ, еліміздің энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2015 жылы Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатының өндірісі 79 млн тоннаны құрады. Ал биылғы жылдың ақпан айында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2016 жылы жоспар бойынша 75,5 млн тонна мұнай өндіру көзделсе, іс жүзінде 78 млн тонна мұнай өндірілгенін айтты.  Ал биылғы жылдың болжамы әлдеқайда жоғары – ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жақында үкімет Қашағандағы өндірісті үдету арқылы мұнай өндіру болжамын 79,5 млн тоннадан 81 млн-ға дейін ұлғайтатынын айтқан болатын.

ҚТО да Қашағанға үлкен үміт артып отыр. "ҚазТрансОйл" Қашағанда өндірілген мұнайдың алғашқы партиясын 2016 жылдың қазанында алды, – деп еске салды Димаш Досанов. – 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Қашағанның мұнайы барлық шикізаттық сапасы сақталып Атырау-Самара мұнай құбырымен тасымалданып келеді. Бұл мұнай Новороссийск портында 80 мың тонналық жеке танкерлермен түсіріледі. Айта кетсек, netback – күкірті аз сібірлік жеңіл мұнайды тасымалдаудан түсетін пайда Urals-пен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, бұл отандық мұнай компаниялары үшін де, жалпы Қазақстан үшін де өте тиімді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша компания 117 мың тонна Қашаған мұнайын тасымалдаған, ал 2017 жылы млн тоннаға дейінгі көлем жоспарланып отыр, ал болашақта жылына екі-үш млн тоннаға жетеміз деген үміт бар", – деді ол.

Алайда осы екі-үш млн тоннаға қашан жететінін көлік компаниясының бас директоры нақтыламауды жөн көрді, себебі бұл тікелей мұнай өндіруші компанияларға байланысты.

"Айтқым келгені, біз мұндай көлемді еңсере аламыз", – деді Димаш Досанов. Сонымен қатар ол 2014 жылдың қаңтарынан бастап ҚТО мен "Роснефть" ЖАҚ арасында Прииртышск – Атасу – Алашаңқай бағыты бойынша жылына 7 млн тонна көлемінде Қытайға мұнай тасымалдау қызметін ұсынуға арналған шарт қолданылып келе жатқанын  еске салды. "Аталған бағыт бойынша ресейлік мұнайды тасымалдаудың бұрынғы бағасы ҚҚС-ті есепке алмағанда бір тоннасына 9 доллар 80 центті құраған болатын", – деді ол.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚТО мен "Роснефть" ресейлік мұнайды аталған бағыт бойынша тасымалдау көлемін бұрынғы жеті млн тоннаға қосымша үш млн тоннаға арттыру туралы келісті.

"Осы 10 млн тонна мұнайды тасымалдаудың орташа есептелген құны 2017-2018 жылдары бір тоннасына 11,36 долларды құрайды. Ал 2019-2023 жылдар аралығында тоннасына 15 доллармен жеткізіледі, – деп сөзін жалғады "ҚазТрансОйлдың" бас директоры. –  Ресей мұнайының транзитін және Қазақстанда өндірілетін мұнай мөлшерін ұлғайтудың арқасында 2017-2023 жылдар аралығында 1,1 млрд доллар көлемінде табыс табуды көздейміз".

Сөз соңында Димаш Досанов қазіргі кезде ресейлік мұнайды Өзбекстанға тасымалдау мәселесі қызу талқыланып жатқанын айтты. Наурыз айында Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының кездесуі өтті, оның барысында ҚТО-ның осы транзитке қатысуы сөз болды.  "ҚазТрансОйл" бірінші кезеңде бір млн тонна мұнай тасымалдаудан бастап, одан әрі бес млн-ға дейін жеткізуге дайын. Техникалық тұрғыдан қарасақ, ҚТО мұндай көлемді еңсере алады, барлығы Ресей мен Өзбекстан арасындағы келісімге байланысты", – деп сөзін түйіндеді ҚТО-ның басқарма басшысы.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу