Құлағалы тұрған банкті неге халық құтқаруы керек?!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2476

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан екінші дәрежелі 21 банкке 397 млрд теңге салыныпты.

Құлағалы тұрған банкті неге халық құтқаруы керек?!

Қазіргі кезде дағдарыстың күш алғаны сонша, мемлекет коммерциялық банктерді құтқару үшін ел қаржысын жұмсап отыр. Ал егер құтқармаса, не болады?

Өткен жыл аяқталар тұста, 29 желтоқсанда Ұлттық банк "Казинвестбанктің" лицензиясын кері қайтарып алғаны және оған банктік және басқа да барлық операцияны жүргізуге, тіпті қор нарығына шығуына тыйым салғаны мәлім. Соның салдарынан бұл банк жабылып қалды. Артынша халықтың зейнетақы жинағының бір бөлігі "Казинвестбанкте" ұсталғаны анықталды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын осы дәрменсіз банкке беру туралы шешімді Ұлттық банк 2016 жылдың басында қабылдаған екен. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, сол кезде "Казинвестбанктің" акционері мен қожайыны сол тұстағы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев болыпты. Алайда осыдан кейін, сәуір айында Досаев Ерболат мырза өзінің акциялар пакетін сатып құтылған. Артынша мамыр айында ол министр лауазымынан да айрылып қалды.

Рас, оның банкін сатып алған инвестордың халі де аянышты болса керек. Өйткені ақыры Ұлттық банк "Казинвестбанкті" жоюға ден қойды. Мұның себебі ретінде ҰБ бұл банктің "төлемдер мен ақшалай аударымдарды жүйелі түрде лайықты орындамауын" атады. Яғни азаматтар, кәсіпкерлер және кәсіпорындар сол арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жасап отырған, бірақ банк ол қаражатты көзделген жерлеріне қарай әрі асырмаған.

Сонымен, егер сот "Казинвестбанкті" жою туралы шешім шығарса, жеке тұлғалар өз салымдарын "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" (KDIF) арқылы қайтарып ала алады. Бұл ретте KDIF қандайда бір басқа банкті таңдап, сол арқылы "Казинвестбанк" клиенті болған Қазақстан азаматына теңгелік депозитпен 10 млн теңгеге дейінгі, ал шетелдік валютада 5 млн теңгеге дейінгі жинақтарын төлей бастайды. Ал егер салым көлемі одан көп болса, азаматқа "қалған қаражаты әлгі ақаулы банктің активтері сатылған соң, одан түскен табыс есебінен қайтарылады" деп үміттенуден басқа ештеңе қалмайды.

Бұл жерде сарапшылар БЖЗҚ қаражатының жағдайы одан да мүшкіл деседі. Өйткені KDIF сол банктегі 3 млрд теңгеге жуық зейнетақы қаражатын қайтару өз міндетіне жатпайтынын хабарлапты. Сондай-ақ "Казинвестбанктің" мал-мүлкін сатудан түсетін табысты бөлуде де бірінші үлес БЖЗҚ-ға тимейтін көрінеді. Оның кезегі артқы жақта екен.

"БЖЗҚ-ның бұл млрд-тарын қайтарудың бір жолы – банк қарызын өтеу кезегі. Ол бойынша БЖЗҚ төртінші кезекте тұр. Бірақ қайтарудың басқа да жолы бар. Мысалы осы активтерді басқа банкке беру. Қазір бұл мәселе де қаралып жатыр", – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

Ғажабы сол, Ұлттық банк халықтың зейнетақы жинақтарын дәрменсіз банкке неге бергенін және оның жағдайы ауыр екенін біле тұра қалайша қайтарып алмағанын түсіндірген кезде тағы басқа "қызықты" жайлардың беті ашылды. Сөйтсек, ондағылар қаржыдан тарыққан банктерді қолдауға зейнетақы активтерінің көп бөлігін жұмсап жіберіпті.

Ұлттық банктің монетарлы операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, шағын және орта бизнеске несие түрінде таратуы үшін банктерге БЖЗҚ-ның 200 млрд теңгесі берілген.

"Біз 30 банктің барлығын осыған қатысуға шақырдық. Әрқайсысына рейтингіне қарай 14-16,5%-бен 3,5 жылға бердік. Бұл қаражатты игеруге 6 ай кестік. Бұған бақылау жасап, мониторинг жүргізуге "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорын шақырдық. Нәтижесінде әлгі 200 млрд теңгенің 113 млрд-ын 15 банкте орналастырдық. Қалған 15 банк қаржы алудан бас тартты: біреуінің қожайындары шетелдіктер, олар соларға иек артады, ал енді бірі шағын және орта бизнеске несие бермейтінін айтты", – дейді Нұржан Тұрсынханов.

Осы орайда жақында, 2017 жылдың 5 қаңтарында "Даму" қорының басшысы Қаныш Төлеушин өз еркімен осы орынтағын тәрк еткені еске түседі. Ол мұны "шетелде оқуын жалғастыруға бел буғанымен" түсіндірді.

Қалай болғанда "Казинвестбанктің" өзіне берілген зейнетақы активтерін қалай қайтаратыны әзірге беймәлім қалып отыр. Осы бағыттағы банктердің әр адымын бағады деген "Даму" қоры басшысыз қалғалы бері тым-тырыс.

ҰБ монетарлы операциялар департаменті директорының орынбасары әлгі банктен ел қаржысы неге кері қайтарып алынбағанын түсіндіруге талпынып бақты: "2016 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша "Даму" қорынан 2,9 млрд теңге қаражаттың 99,9%-ға игерілгені туралы ақпарат келді. Яғни 2016 жылдың сәуірінде біз "Казинвестбанкте" орналастырған қаржы жарты жылдан кейін 100%-ға дерлік шағын және орта бизнесті несиелендіруге бағытталған", – дейді Нұржан Тұрсынханов.

Егер шынымен де солай болса, мамандардың айтуынша, "Казинвестбанктен" несие алған кәсіпкердің жағдайы аянышты деуге болатын сияқты. Өйткені банк банкрот бола салысымен, барлық несие алушыға қаржыны толығымен және барлық пайыздық үстемесімен қайтаруға тура келеді. Және несие шарты бойынша ай сайын бөліп-бөліп емес, бүкіл соманы бірден әкелуі керек. Әйтпесе ел қаржысын "ұрлады" деп есептеліп, олардың соңынан құзырлы органдар шам алып түседі. Оның үстіне егер қайтармаса, шағын және орта бизнесмендердің сол несиені алу үшін қойған барлық кепілзаты – тұрғын үйлері мен кәсіпорындары тартып алынады және "Казинвестбанктің" қарыздарын жабу үшін саудаға шығарылады.

Енді алдында уәде етілген "қызықты" жайларға тереңірек тоқталайық. Ұлттық банктің жауапты тұлғасының түсініктемесімен қатар, БЖЗҚ да өз мәліметтерін ұсынды. Соның сайтында жариялаған "қордың инвестициялық портфелінің құрылымы жөніндегі есебіне" жүгінсек, БЖЗҚ 21 банкте 400 млрд теңгеге жуық жинақты ұстап отырған көрінеді!

Сонымен 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 21 банкке 397 млрд теңге салыпты. Олардың арасында Qazkom, Цеснабанк, Сбербанк, Fortebank, Еуразиялық банк, БанкЦентрКредит, Kaspi, АТФ Банк және басқалары бар.

БЖЗҚ-дан ірі көлемде қаржы алғандарына жеке тоқталсақ: Qazkom банк – 88,1 млрд теңге, "Сбербанк" - 72,3 млрд теңге, Еуразиялық банк – 48,3 млрд теңге, Fortebank – 41,1 млрд теңге, АТФ Банк – 33,6 млрд теңге. Қазір БЖЗҚ өз портфеліндегі банктердің депозиттерін 6,1%-ға дейін бірте-бірте қысқартып жатқан көрінеді. Екі жыл бұрын бұл үлес 15%-ға дейін барған. Сонда Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары банктерге теңгелей 9% сыйақымен 10 жылға берілген екен.

Банкрот болған жағдайда ол депозиттердің қайтарылмай қалуы мүмкін екені әшкереленді. Тиісінше, ай сайын өз жалақысы мен табысынан 10%-дық алым төлеп, зейнетақы жинағын адал аударып тұратын азамат қаржысының "аман қалатынына" күмәндана бастады.

Айтқандай, БЖЗҚ-дағы елдің зейнетақы активтерінің 16,7 млрд теңгесі қазір "Delta Bank"-те жатқаны мәлім болды. Ұлттық банк бұл банктің де депозит қабылдау лицензиясын былтыр қараша айында уақытша тоқтатқан болатын. Желтоқсанда акционерлер қосымша акция шығару арқылы қосымша капитал енгізуге міндеттеме алған соң, ҰБ лицензияны кері қайтарған.

Тағы бір "қызық" жайт: ақпарат құралдарының мәліметінше, БЖЗҚ 2014 жылы 100 млрд теңгені "шығынға" жаза салыпты (қарапайым тілде айтсақ, "списать" еткен).

Осындай сорақылықтан кейін енді БЖЗҚ тек зейнетақы жинақтарын ғана емес, тіпті өз қаражатын да өзі басқару құқынан айрылды. Өйткені қор өз қаражатынан да 5 млрд теңгені "Бузгул Аурум" деген әлдебір компанияға салып, ізім-ғайым жоқ қылғаны әшкереленген болатын.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева БЖЗҚ-ның бұл функциялары Ұлттық банкке тапсырылатынын мәлімдеді. Сонымен бірге ҰБ қордың басшыларын да жұмыстан қуған. БЖЗҚ басшылық тізгіні бұған дейін Ұлттық банктің департамент директоры қызметін атқарып келген Нұрбибі Наурызбаеваға берілді. Осы тұста сарапшылар Нұрбибі Наурызбаеваның кезінде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" басшылығы қызметінен жанжал салдарынан айырылғанын еске түсіреді. Сонда Алматыдағы тұтас тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді ТЖҚ банкінің бірқатар басшысы мен олардың туған-туыстары өзара бөлісіп алғаны анықталған. Рас, арнайы жүргізілген тексеру "Әйгерім" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді бөлу кезінде осы ұйым басшылығының ісінен қылмыстық қудалауға лайық әрекетті таппапты.

БЖЗҚ-ның жаңа басшысы Нұрбибі Наурызбаева енді осы қорда тәртіп орнатуға уәде етті. "Казинвестбанктегі" барлық үш млрд теңге қаржыны тегіс қайтару да соған сын болмақ.

ҰБ деректеріне сүйенсек, 2016 жылдың 1 желтоқсанында БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтары 6 трлн 636,9 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 5 трлн 276,4 млрд теңгесі немесе 80%-ы – зейнетақы жарнасы, ал қалған 1 трлн 360,6 млрд теңгесі – инвестициялық кіріс. Бұл ретте азаматтардың осы активтеріне 2016 жылдың 11 айында БЖЗҚ 8,15%-дық кірісті әзер қамтамасыз ете алған. Алайда оның 7,5%-ын инфляция жеп қойыпты. Яғни Қазақстан азаматтары осы қаржысын банктерде 14%-дық сыйақысы бар депозиттерде ұстағанда, кірісі екі еседей жоғары болатын еді. Еске саламыз, БЖЗҚ да зейнетақы жинақтарының қомақты бөлігін депозитке салады. Бірақ 9%-бен 10 жылға орналастырады.

Экономистердің айтуынша, кез келген мемлекет өзінің ірі банктерін кез келген жолмен құтқаруға тырысады. Егер олай болмай, олар банкротқа душар болса, америкалық рейтингтік агенттіктер бүкіл мемлекеттің рейтингін құлдыратады, бұл ел экономикасына нұқсан келтіреді. Әрине, мемлекет банктің барлығын емес, тек бірнеше ірісін ғана құтқаруға тырысады, қалғаны дәрменсіздікке ұшырайды.

Мысалы Батыс бұл тұрғыда өте қатаң көзқарас ұстанады. Нақтырақ айтқанда, дағдарыс кесірінен, 2009 жылы АҚШ-та 130 банк банкрот болған, 2008 жылы 26 банк, 2007 жылы үш банк жабылған. Оған дейінгі жылдары ешқандай банк банкрот болмаған.

Ресейдің Орталық банкі 2016 жылы 97 банктің лицензиясын тоқтатқан. Ал солтүстік көршіміз соңғы 3 жылда 300-ден астам банкті жапқан. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың басында Ресейде болған мыңдаған банктен қазір 585 банк қалды.

"Өз тұсында Қазақстанда 200-ден астам банк болған. Қазір олардың саны 35-тей ғана. Бірақ мұның өзі көп. Мысалы Оңтүстік Кореяда жүйе құраушы небәрі 5 банк қана бар екен. Және бұл экономиканы дамытуға ықпал етеді. Әйтпесе, банк саны неғұрлым көп болса, мемлекетке олардың несие портфелін толықтыру соғұрлым қиынға түседі. Мысалы 2015 жылы мемлекет өз есебінен оларды 1,3 трлн теңгеге толықтырды", - дейді "Банк ЦентрКредит" басқарма төрағасы Владислав Ли.

Halyk Finance басқармасының мүшесі Мұрат Темірханов отандық банктердің өзара бірігуіне қатысты өз ойын білдірді. "Қаржы жүйесінің орнықтылығын қолдау тұрғысынан алғанда банктердің топтасуының еш мәні жоқ. Өйткені еліміздегі ең ірі он банктің активтері бүкіл банк жүйесінің 82%-ын құрайды. Тиісінше қалған 20-дан астам банктің үлесінің тым аздығы сонша, тіпті олар банкрот болғанның өзін де Қазақстанның банк жүйесі мен ел экономикасы мұны байқамай да қалады", – дейді ол.

ABCTV порталының "банктерді неге мемлекет құтқаруы керек?" деген сауалына Ресей Федерациясының еңбегі сіңген экономисі, РФ Орталық банкі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Геннадий Меликьян жауап берді. "Банк – экономиканың күретамыры", – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, банктерді қолдау шаралары барлық мемлекетте қабылданады және бұған еріккеннен бармайды. Егер банктерді "өз күніңді өзің көр" деп қиындықтармен жалғыз қалдырса, оның құны мемлекет үшін аса қымбатқа түсуі ықтимал. Банкте халықтың жинақтары сақталады, банк кәсіпорындардың карталық шоттарына және есептік шоттарына қызмет көрсетеді. Егер банк құласа, ол төлем жасауын да тоқтатады, салымшылардың қаржыларын қайтармайды, шетелде жүрген азаматтардың барлығының карталары бірден жарамсыз болып қалып, олар қаржысыз қалуы мүмкін. Шетелдегі серіктестеріне төлем жасай алмауының салдарынан отандық кәсіпорындардың шаруашылық қызметі, кәсіби тілмен айтқанда, "параличке ұшырайды". Ал қызметкерлеріне жалақы төленбейді.

Егер мұндай банк ірі және олардың саны біреуден көп болса, мемлекеттің бүкіл қаржы жүйесі "сал адамның" жағдайына ұқсайды. Амалсыздан вексель, бартермен есептесу, борышпен саудалау секілді "ақшалай суррогаттар" іске қосылады. Мұндай "лай суда" мемлекет біраз салықтың ізін де таба алмай қалады. Мұның бәрін посткеңестік елдер, соның ішінде Қазақстан мен Ресей өткен ғасырдың 90-жылдары бастан кешкен және кері оралуға ешкімнің құлығы, құштарлығы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу