Квазимемлекеттік сектор Қазақстан экономикасының ерке баласы сияқты

4182

"Қазақстан темір жолы" қолға алған жобалардың 75%-ы өзін-өзі ақтамайды. 

Квазимемлекеттік сектор Қазақстан экономикасының ерке баласы сияқты

Есеп комитеті квазимемлекеттік сектордың сатып алу нарығын Қаржы министрлігіне өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Inbusinеss.kz.

Квазимемлекеттік сектор Қазақстан экономикасының ерке баласы сияқты. Өзгенің аузынан жырып берген ақшаны оңды-солды шашса да, қой деп деп жатқан қожа жоқ. Пандемия мен дағдарыс қос бүйірден қысқан 2020 жылдың өзінде 16 трлн теңгенің 379,8 млрд теңгесін заңсыздықпен игерген. Президенттің бастамасымен шағын және микро бизнес алдағы үш жылда салықтан босатылғаны белгілі. Қаржы министрлігіндегілер бұл шешім бюджеттің түсімін 380 млрд теңгеге азайтатынын айтқан болатын. Яғни, шағын бизнес және микро бизнестің үш жылда беретін салығын квазимемлекеттік компаниялар бір жылда ысырап еткен деген сөз.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2020 жылы квазимемлекеттік сектордағы 33 025 нысанның 16 трлн теңгені қалай игергеніне аудит жүргізген екен. Аудит қорытындысы бойынша 379,8 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар арқылы 40,7 млрд теңге игерілсе, активтерді тиімсіз басқару кесірінен 339,1 млрд теңге ысырап болған.

Пайыздарға құрылған реформаның пайдасы шамалы

Есеп комитетінің өкілдері бұл цифрлардың артында квазимемлекеттік сектордың бірнеше жүйелік ақауы жатқанын айтады. Оның біріншісі – мемлекеттік экономикаға килігуі.

Ресми ақпараттарға көз салсаңыз, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту үшін түрлі шешімдер қабылданып, жекешелендірудің кезекті толқыны ұйымдастырылып жатқаны туралы мәліметтер көп. Бірақ соның нәтижесі шамалы сияқты. Квазимемлекеттік сектордың жалпы қосылған құндағы үлес салмағы 2019 жылы 14,9%-ға дейін төмендеген. 2016 жылы бұл көрсеткіш 18,3% болатын.  Бірақ бұл – пайыздық көрсеткіш. Ал ақшаға шақсақ, жалпы қосылған құндағы сектордың үлесі 2016 жылы 8  трлн 574,2 млрд болса,  2019 жылы 10 трлн 355,5 млрд теңге болған. Яғни, пайыздық мәнде оң динамика байқалғанымен, нақты мәнде керісінше өсім бар. Цифрды ойнатуды жақсы меңгерген квазимемлекеттік сектордың лоббиі сөз жүзінде "көрпеге қарай көсілгенімен", іс жүзінде "жалғанды жалпағынан басуын" қояр емес.

Тауарлар өндірісіндегі сектордың үлесі 2019 жылы 83%-ға дейін жеткен. Ал 2016 жылы 62% болатын.  Әсіресе, тау-кен өндірісі өнеркәсібі, көлік және қойма қызметі, ақпарат және байланыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаарында квазимемлекеттік сектордың атын жамылып, бизнес жүргізу тиімді тәсілге айналған.

Есеп комитетінің сарапшылары экономика салаларында мемлекеттің қатысу басымдығының сақталуы квазимемлекеттік сектор нысандарын  трансформациялау ішінара ғана жүргізілгендіктен нақты нәтиже болмады деп отыр.

Мысалы, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 790 ұйым жекенің меншігіне өтуі керек болған. Олардың 490-ы (62%) нақты сатылды. Сауда-саттықтан 292 объекті (37%) алынған. Осы 292 ұйымның ішінде 82-сі квазимемлекеттік секторға тиесілі.  Жекенің меншігіне өтпей қалған 82 квазимемлекеттік ұйымның 66-сы таратылса, 16-сы қайта құрылып, "үйірін тапқан".

 "ҚазМұнайГаз" (17 немесе 21%), "Қазатомөнеркәсіп" (12 немесе 15%), "ҚазАгро" (12 немесе 15%), "Қазақстан темір жолы" (11 немесе 13%) және "СамұрықҚазына" (9 немесе 11%) сияқты ұлттық компаниялардың сатуға қойылған 192 субъектісінің ішінен іс жүзінде 105-і (55%) сатылға. , 66-сы (34%) таратылды және 16-сы (8%) қайта ұйымдастырылды. Жалпы 2017 – 2020 жылдары 490 нысанды сатудан 609,2 млрд теңге түскенімен,  Ұлттық қорға 40,4 млрд теңге немесе сату сомасының 7%-ы  ғана аударылған. Мұны сектор ойыншылары сыртқы қарыздарды жабу әркетімен байланыстырған.

"Бұл ретте 2020 жылдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыштық міндеттемелерінің жақсаруы байқалмайды. 2021 жылғы 1 қаңтарда борыш 2019 жылғы деңгейге қарағанда 2 073,6 млрд теңгеге немесе 14,9%-ға ұлғайып, 38,1 млрд АҚШ доллар болды",–деп жазады Есеп комтетінің мамандары.

Алатыны – көл-көсір, дивиденді – сараңның садақасындай

Комитет сарапшылары мемлекеттік жоспарлау жүйесінде квазимемлекеттік сектодың нақты рөлі мен орны жоқ екенін айтады. Осының салдарынан сектодың қаражатты орнымен жұмсауын бақылау жағы осал түсіп жатыр. Ал өздері жасаған жоспарлы көрсеткіштер орындалмай бара жатса,  түзетулер енгізу әдетке айналған.

Тіпті кейбір портфельдік компаниялардың стратегиялық құжаттары мен іс-шаралар жоспарлары атыман жоқ болып шыққан. Бірақ жоспар немесе стратегия әзірлеуге қаражат шығындаған

Есеп комитеті холдингтердің дивидендтік саясатын да жаратпай отыр. Себебі мемлекетке төленетін дивидендтердің көлемі алынған таза кіріспен сәйкеспейді. 2015-2019 жылдары таза кіріс  3,8 есе  немесе   1 трлн 991,8 млрд теңгеге дейін өскенімен, төленген дивидендтердің көлемі 142,7 млрд теңге немесе 7% ғана болған.

Комитет мамандары мұндай бассыздықты тыю үшін холдингтер мен корпорацияларды  дивиденд төлеуден босату және кейінге қалдыру практикасын алып тастауды ұсынып отыр. Ол үшін акционерлік қоғамдардың мемлекетке төлейтін дивидендтерінің міндетті мөлшері мен төлеу мерзімін белгілеу қажет деп отыр.

Сондай-ақ, Есеп комитетінің аудитшілері квазимемлекеттік сектор арқылы әлеуметтік жобаларға тендер ойнатуды қоятын кез жетті деп отыр.

"Тіпті шұғыл болғанның өзінде  шұғыл Үкімет резервінің есебінен жүзеге асыру ұсынылады",– делінген құжатта.

Ұлттық компаниялар мен холдингтер мемлекет сеніп тапсырған активтерді өте тиімсіз басқарып отыр. Бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінетіндіктен,  квазимемлекеттік сектор оны ұтымды пайдалану мәселесіне бас қатырмайтын болып алған.

"Портфельдік компаниялардың жекелеген жобаларға салған инвестициялары іс жүзінде нәтижесіз. Мысалы, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясындағы өзін-өзі ақтамайтын жобалар барлық іске асырылған жобалардың 75%-ын алады (16 жобаның 12-сі)",–деп жазады комитет сарапшылары.

Оператор компаниялар мемлекеттік қаржыландыруды кіріс көзі деп қарайтын болған. Соның кесірінен бюджеттен жылдық 1%-дан кем мөлшерлемемен алған ақшаны, жеке бизнеске кредиттер 9%-ға дейінгі мөлшерлемемен беріп отыр. Мысалы, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілетін несие құны "Даму" АҚ мен екінші деңгейлі банктер арқылы - 6%-ға, "Агробизнес – 2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы – 9% -ға дейін қымбаттаған.

Есеп комитетінің сарапшылары квазимемлекеттік сектор арқылы жеңіл несие беру кезінде ортада ешқандай делдал болмау керектігі туралы талап енгізу қажеттігін атып отыр.

Моторлы яхта, шаңғылы санаторий, қымбат сәйгүліктер

Аудит мамандары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігінде олардың қызметімен байланысы жоқ  моторлы яхта, шаңғы трассасы бар спорттық-сауықтыру кешені, мейрамхана, қонақүй, атқора және басқа да инфрақұрылымдар тіркелгенін анықтаған. Оларды сатып алудан бөлек күтіп-ұстауға қыруар қаржы жұмсалып отыр. Бірақ одан не бюджетке, не нысанның өзіне ешқандай пайда кіріп жатқан жоқ.

Квазимемлекеттік сектордың жылдық сатып алу көлемі мемлекеттік сатып алу көлемінен 6 есе асып кеткен. Әсіресе бір көзден сатып алу кең тараған. Аудит қамтыған сатып алулардың 77%-ы бір көзден рәсімделген. Тіпті кейбір ұйымдарда  89,4%-ға дейін жеткен.

"Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі және адал бәсекелестік қағидаттарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты, барлық рәсімдерді орталықтандырылған платформада, Қаржы министрлігінің е-сатып алу порталында өткізе отырып, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы туралы бірыңғай заң қабылдаудың маңыздылығы байқалады", – дейді сарапшылар.

Компаниялардың әкімшілік шығынына қатысты сын мен әжуа көп болғанына қарамастан, директорлар кеңесін ұстауға кететін шығын жыл сайын артып келеді. Кейбір компанияларды бұл шығын көлемі  6 жыл ішінде 55 есе өскен.

Әсіресе шетелдік азаматтарға төленетін айлықтың көлемі тым үлкен. Көптеген ұлттық компанияларда әкімшілік шығыстардың 51-58 пайыздық үлесін еңбекақы алып отыр. Сыйақылар мен бонустарды қосып есептесе,  бас компаниялар 1 адамға айына 1,7 млн теңге айлық төлеп отырған болып шығады.

"Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мен бонустар төлеу компаниялар қызметінің негізгі көрсеткіштеріне (KPI) байланысты емес. Тек қатысу үшін төлем, жол жүру өтемақысы және басқа да іссапарлар төленеді. Ұлттық холдингтер мен компаниялар директорларының кеңестерінде шетелдік өкілдердің қатысуы басым екенін ескерсек, олардың келіп-кетуінің өзі үлкен шығындар туындатып отыр. Заңнамалық деңгейде компания басшыларының, директорлар кеңесі мүшелерінің экономикалық шығындарға, рентабельді емес шығыстар мен залалдарға әкеп соққан сапасыз, қате қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігі жоқ",– деп жазылған құжатта.

Штатта тиісті мамандар бола тұра, консультациялық қызметтер көрсету үшін бөгде ұйымдарды тарту практикасы кеңінен таралған. Осының бәрін ескеріп, комитет квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін әкімшілік шығыстар лимиттерін нормативтік регламенттеді ұсынып отыр.

Бюджет кодексінің ережелері бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жасалған шарттар үшін ғана жауапкершілік арқалайды. Ал инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты емес қаржы-шаруашылық шығындар азаматтық-құқықтық қатынастардың деңгейіне ауысады. Осылайша жауапкершілік деңгейі мен шарасы айтарлықтай төмендетілген. 2018 жылы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік енгізілген. Алайда ондай хаттаманы кімнің жасайтыны нақты көрсетілмеген. Осылайша норма шикі болғандықтан, 2 жылдан бері іске аспай тұр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу